02-04-24 |
3280 рет қаралған
Қанат Бозымбаев Қарағанды облысындағы су тасқыны жағдайын тексерді.
Қанат Бозымбаев Қарағанды облысындағы су тасқыны жағдайын тексерді

Вице-премьер – Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев және төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қарағанды облысындағы су тасқыны жағдайын тексерді.

Премьер-Министр орынбасары және ТЖМ басшысы Қарағанды облысындағы өзен алаптарын әуеден бақылап, өңірдегі ахуалмен танысты.

Жағдай күрделі деп бағалануда: өңірде су тасқынының екінші толқыны болжанып отыр.

Нұра, Осакаров аудандары аумақтарының 40%-ында және Ақтоғай ауданының солтүстік бөлігінде қар ерімеген.

Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін су тасқыны қаупі бар аудандарға азаматтық қорғау қызметінің қосымша күштері мен құралдары тартылды.

Штаб басшысының орынбасары Шет ауданы ауылдарының зардап шеккен тұрғындарымен кездесу барысында су тасқынынан келген барлық шығынды Комиссия бағалап, толық өтелетінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы су тасқыны зардаптарын барынша азайтуды және бірінші кезекте, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Комиссия барлық үйді тексереді. Көмек көрсетіледі, мүлік қалпына келтіріліп, өтеледі. Егер үйлер жарамсыз деп танылса, жаңасы салынады немесе екінші нарықтан басқа баспана сатып алынады», — деп түсіндірді Қанат Бозымбаев ауыл тұрғындарына.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.