Азамат Сатыбалдының Айдар Омаров дейтін орыстілді орынбасары бар. Қалалық әкімшіліктен келген, киноөндірісінен түк хабары жоқ – жас шенеунік. Сол кеше киностудиняың кауіпсіздік қызметкерлерінің күшімен «Қазақанимация» ШБ баса көктеп кіріп, ішіндегі анимация қызметкерлерін сыртқа айдап шығып, баяғы НКВД-лік қаныпезерлік дәстүрді ұстанған түрме тәртібімен «шмон» жасаған. Бұл туралы танымал қазақстандық кино режиссері, әнші, композитор, ақын және өнертанушы Ерлан Төлеутай айтты.
Кино режиссердің «Қазақфильмге» қатысты жазған жазбасын қаз-қалпында назарларыңызға ұсынамыз:
Қазақфильмнің» қазіргі басшысы Азамат Сатыбалдыны осыдан бір жылдай бұрын экс министр А. Оралов деген киногерлер қауымға түк айтпастан, Киногерлер Одағымен бір ауыз ақылдаспастан, тұтқиыл, кенет жетіп, ұрланып келіп, жасырып әкеліп қойып кетіп еді
Сол күні мен ПЛК ғимаратынан Бас корпусқа келе жатыр едім, екі қымбат көлік қатар-қатар, кілт тоқтай қалып, бірінің ішінен министр, бірінен Азамат ақтарыла түсе-түсе қалғаны. Қарсы алдымнан жөпелдемеде көліктерінен жапырлай түсе қалған екеуіне қазақы дәстүрмен жылыұшырай амандастым. Ораловты бірінші рет көруім – өркекіректеу, өзінен жасы үлкенге ізет-құрметі жоқ екендігі, тым құрамаса жылыұшырай білмейтіндігі – ерін жыбырлатқан фанерщиктей салқын сәлемінен сезілді. Енді қайтсін,танауы көкте бала министр шала сәлем бере өте берді. Өз өмірімде небір министрді көрген, жеке қабылдаулары өз алдына – өнер иесі ретінде қадіріме жетіп, ізет, құрметтерін көрген мен «Мына бала қайтеді-ей» – деп іркіле бере Азаматқа амандастым. Азаматты жас кезінен жақсы білемін, талай тарихи фильмдерле көз алдымда роль ойнап, «Ерлан ағалап» жазып берген сөзімді жедел жаттап жүрген елгезек актер-тұғын.
Алдында ғана, жарты сағат бұрын «Қоянбаев президент болып келе жатыр» деген ұзынқұлақтан суық хабар жеткен еді. Қоянбаевқа қарағанда Азамат әйтеуір киноға қатысы бар актер ғой деп жұбатып жатырмын өзімді іштей. Азаматпен амандаса бере өне бойын көктей бір шолып өттім – бас терісі әлден тыртысып алыпты, өз өмірімде біраз бастықтың коллективпен танысқанын көргенмін, бәрі де ізетпен, маңайына шуақ шаша, жайраңдап келетін. Бұл өзі шенеуніктер үшін жазылмаған заң – дурак болмаса ешбір басшы түйіліп, қатуланып яки ызбарланып келмейді жаңа қызметіне. Бұл өзі үшін де, ұжым үшін де жаман ырым екенін сүйегіне сіңген шенеуніктік қасиетімен сезе біледі бұл шіркіндер! Ал енді шенеуніктік қасиет сүйегінде жоқтарға қиын – ұрыншақ келеді һәр іске шатылумен өз түбіне өзі жетеді…
Мәшһүр Жүсіпше айтқанда шенеунік деген маймылдай епті болу керек қысқасы.
Мына екі інішектің жоңғардың жаушысындай суыт жүрісінен секем алсам да, «бұларға да оңай емес қой» деп өзімді іштей жұбатып топырлаған көппен бірге «Қазақфильм» киностудиясының конференц залына кіре бердім. Жиылысты дереу бастаған Оралов алыстан орағыта сөйлеп, Азаматты таныстыра келе, сөзді су жаңа басшыға берді. Сонда Азамат ә, дегеннен-ақ: «Хороший человек, это – не профессия!» – деп салмасы бар ма? Түсінген адамға іш жиғызатын сұмдық сөз! Талай бастықты көріп едік, «бетегеден биік, жусаннан аласа болып» келетін, ал мынауың жусан түгілі жыңғылдан биік болып келіп тұр. Әлден жер баспайды.
Сол Азамат сол баспағаннан әлі жер баспай келеді. «Жарайды, өзіміздің Азамат қой, ақылға келер, уақыт берейік», – дестік. Бердік! Жоқ, ақылға келер емес, қайта үдеп барады. түтеп барады қырып жойып. Аз уақыттың ішінде ұлттық киноның қарашаңырағы – «Қазақфильмнің» уығы мен керегесі іспетті білгір һәм ділгір маманның қаншамасының көзін жойған. Айғағындай, отыздан астам киномаманды жұмыстан шығарған. Оның орнына мұрнына киноөндірісінің исі бармайтындарды алған және бұлар өздерінің тамыр-таныстары деседі.
Бір қызығы – болып жатқан бұл сұмдықтардан Министрлік хабардар боп отырды. Әр нәрсенің шегі бар ғой, Министрлік бұл бассыздықтарға шара қолданатын шығар деп үміттендік. Шара қолданар болмады, Азамат пен оның атқамінерлері ойына келгендерін жасай беруін жалғастыра берді. Сабыр сақтадық, төздік. Министрліктен бір қайран болар дестік Өйткені Азамат Сатыбалды мен оның қос атқамінерінің (орынбасарларының) қылып жатқандары ешқандай қызметтік этикаға сыймайтұғын.
Кеше тіпті шектен шықты. Азамат Сатыбалдының Айдар Омаров дейтін орыстілді орынбасары бар. Қалалық әкімшіліктен келген, киноөндірісінен түк хабары жоқ – жас шенеунік. Сол кеше киностудиняың кауіпсіздік қызметкерлерінің күшімен «Қазақанимация» ШБ баса көктеп кіріп, ішіндегі анимация қызметкерлерін сыртқа айдап шығып, баяғы НКВД-лік қаныпезерлік дәстүрді ұстанған түрме тәртібімен «шмон» жасаған. Хабар маған демде жетті. Қазақ киносының тарихында болып көрмеген мына сұмдықты естігенде миыма қан құйылып кете жаздады. Былтырдан бері аниматорлардың еңбекақысын бермей қойғаны аздай, биыл жеті ай бойы анимацияны қасақана жүргізбей қойып қанымызды ішіп еді, мынасы енді тіпті шектен шыққандық еді Содан кеше түнде шұғыл атқа қонып, бүгін таңертең «Қазақфильм» басшылығының ақылға сыймайтын әкімшілдік әрі әміршілдік һәм деспотиялық әрекеттерін айдай әлемге әшкере қылдық. Бізде басқа жол қалмады, ағайын! Енді ақырына дейін тұрысамыз! Айтылған, көтерілген мәселелер төмендегі сілтемемеде.
Дегенмен бұл әзірге айсбергтің бергі беті ғана. Ал су астындағы бөлігі тіпті сұмдық. Министрлік бұл мәселелерді әділ әрі түпкілікті шешпейінше шетінен жариялайтын боламын! Айдай әлем көрсін, білсін «Қазақфильмде» не боп жатқанын!
Айтпақшы, ақпараттық қолдау көрсеткен барлық БАҚ журналистері меп блогерлерге «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі ұжымының атынан алғыс айтамын! Қоғамдағы келеңсіздіктерді әшкерелеу жолындағы ымырасыз күрестеріңіз баянды болсын!
Осы былықтарға байланысты қандай сұхбатқа болсын, дайынмын!