18-02-25 |
590 рет қаралған
Қазақстан бюджеті дрон шабуылы салдарынан 300 млрд теңгеге дейін табысын жоғалтуы мүмкін.
Қазақстан бюджеті дрон шабуылы салдарынан 300 млрд теңгеге дейін табысын жоғалтуы мүмкін

Қазақстан бюджеті Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай тасымалының 1,5-2 айға 30%-ға төмендеуі салдарынан 2025 жылы шамамен 300 млрд теңге жоғалтуы мүмкін, деп есептейді Энергетика министрлігінің қоғамдық кеңес мүшесі, сарапшы Олжас Байділдинов.

«КҚК Қазақстан мұнайын айдауды 1,5-2 айға 30%-ға қысқартуы мүмкін деп жазып жатыр. Бұл қаражаттың кем дегенде 30%-ын биылғы жылы бюджетіміз тікелей ала алмайды. Бұл шамамен $600 млн немесе 300 млрд теңге», – деді Байділдинов сейсенбі күні.

Оның айтуынша, есептеу келесідей жүргізіледі: 2024 жылы КҚК арқылы 53,8 млн тонна қазақстандық мұнай тасымалданған. Бір айда бұл шамамен 4,5 млн тонна, ал екі айда – 9 млн тонна. Осы көлемнің 30%-ы – 2,7 млн тонна немесе шамамен 19,7 млн баррель, олардың нарықтық құны – $1,4 млрд (бір баррель үшін $70 бағасымен есептегенде).

Сондай-ақ, Теңіз кен орны кеңейту жобасын аяқтап, өндірісті ұлғайтуы тиіс, ал мұнай айдау станциясының (МАС) зақымдануының өзі де шығын. Жалпы залал сомасын $2 млрд-қа дейін дөңгелектеуге болады.

Еске салайық, 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының (КҚК) мұнай тасымал нысаны – «Кропоткинская» мұнай айдау станциясы (МАС) жеті ұшқышсыз ұшу аппаратының (ҰҰА) шабуылына ұшырады. 18 ақпанда бұл шабуыл салдарынан Қазақстан мұнайының тасымалы 1,5-2 айға 30%-ға дейін төмендеуі мүмкін екені белгілі болды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.