arasha.kz

«Қазпошта» кассирлері ақша жымқырды деген күдікке ілінді

Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысы прокуратураның үйлестіруімен мемлекеттік қызметтер көрсетілгендігі үшін жасалған төлемдерді аса ірі мөлшерде жымқыру мән-жайы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастағанын мәлімдеді.  

Тергеп-тексерумен Алматы облысы Жамбыл ауданының халыққа қызмет көрсету бөлімінде қызмет көрсететін «Қазпошта» АҚ кассирлері 2021-2023 жылдар аралығында паспорт және жеке куәлікті рәсімдеу барысында мемлекеттік баждың бір бөлігін иемденіп отырғандығы анықталды.

«Көші-қон қызметіне баж соммасы жайлы көрінеу жалған ақпарат енгізілген түбіртекті ұсынып, мемлекетке 84 млн теңгеден аса шығын келтірген», – делінген хабарламада.

Тергеп-тексеру жалғасуда, өзге ақпарат ҚР ҚПК 201 бабына сәйкес жариялауға жатпайды. 

Қаржылық мониторинг агенттігі экономикалық құқықбұзушылықтар үшін заңмен жауапкершілік көзделгендігін ескертеді.  

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Exit mobile version