arasha.kz

Ресей баспасөзін шулатқан Шалатов енді мұндай қайталанбайды деп отыр

Маған қатысты жазылып жатқан барлық нәрсеге жауап ретінде айтарым: мен қазақпын, бұл – менің негізгі болмысым. Осы уақыт ішінде мені «ватник», «шетелдік агент», «прокремльдік» деп те атады. Бірақ мұның бәрі шындыққа жанаспайды, сондықтан баршаңызды менің өткір мәселелер бойынша ұстанымдарымды мұқият зерттеуге шақырамын, дейді депутат Никита Шалатов.

«Соңғы уақытта мен туралы түрлі жорамалдар тарап жатыр: біреулер менің өмірбаянымда туған жерімді ҚазКСР деп әдейі көрсеткенімді айтады, ал кейбір ресейлік БАҚ менің сөздерімді контекстен жұлып алып, оларды мүлде басқа мағынада көрсетіп жатыр. Соңғы мәлімдемем екіұдай түсіндірілгенін мойындаймын – бұл менің қателігім. Бірақ оны толық оқымай немесе көрмей жатып, бұрмалайтындар да бар», – дейді депутат.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде тарап жатқан дабыралы тақырыптардың ешқайсысында шындық жоқ. Бірақ оларда ашық манипуляциялар мен ақпараттық шабуылдар бар.

«Бұл – мен Мәжілістегі жұмысым барысында үнемі күресіп келе жатқан құбылыс. Сондықтан мұны да жай қалдырмаймын. Мен тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келдім, Құдайға шүкір, ол кезде ешқандай КСРО болған жоқ. Осы жерде өсіп, отбасын құрдым, балаларымды тәрбиелеп отырмын. Менің жалғыз ғана Отаным бар – ол Қазақстан. «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ» деген жақсы сөз бар. Мұндай жағдай қайталанбайтынына сендіргім келеді», – дейді Н. Шалатов.

Фото: Telegram / shatalkanal

Exit mobile version