Батыс Қазақстан облысының Бөкейорда және Жанғалы аудандарында Ресей жалға алған әскери полигондар орналасқан. Көрші ел сынақтан өткізетін зымырандардың бөлшектері осы жерлерге құлайды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі тексеріс барысында Қазақстанның экологиялық заңнамасы бұзылып отырғанын анықтады.
Azattyq Rýhy-ның жазуынша, 2023 жылы қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының экология департаменті Бөкейорда және Жанғалы аудандарындағы нысандарда экологиялық заңнама талаптарының сақталуына тексеріс жүргізген. Оның нәтижесі бойынша бірқатар заңбұзушылық анықталды. Заң бұзу фактілері туралы анықтама Ресей тарапына жолдау үшін Қазақстанның Қорғаныс министрлігі мен Сыртқы істер министрлігіне жіберілген.
Араға бір ай салып облыстық Экология департаменті Бөкейорда ауданына қарайтын Бөрлі ауылының тұрғынының өтінішімен зымыранның бөлшектері құлаған орынға тексеріспен барады.
«Өтініш берушінің, Бөкейорда ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, жер қатынастары бөлімі және «Ұлттық сараптама орталығы» БҚО филиалы Бөкейорда аудандық бөлімшесі өкілдерінің қатысуымен су мен топырақтан сынама алынады. Сынаманың нәтижесі бойынша зиянды заттардың шекті-рұқсат етілген мөлшерден асып кеткені анықталды», – деді Экология министрлігі Azattyq Rýhy тілшісіне берген жауабында.
2023 жылдың қарашасында Қазақстанның қорғаныс министрлігі тиісті шаралар қабылдау қажеттігі туралы талаппен Ресейдің Қорғаныс министрлігіне хат жолдайды. Алайда ресейлік тараптан сол күйі жауап келмеген.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың осы жылғы 24 мамырда берген тапсырмасына сәйкес, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық заңнама талаптарының сақталуы мәселелерін талқылау үшін Ресей тарапының өкілдерімен кездесу ұйымдастыру туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне хат жолдаған. Алайда кездесу әлі өткен жоқ, деп нақтылады Экология министрлігінің баспасөз қызметі.
Ресей жалға алған полигондар туралы не білеміз
Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы 1995 жылғы шартқа сәйкес, Батыс Қазақстан облысының Бөкейорда және Жанғалы аудандарында Ресейдің «Капустин Яр» зымыран полигонының құрамына кіретін Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығы және Мемлекеттік орталық түраралық полигон жұмыс істейді. Олар барлығы 1 млн 465 мың га аумақты алып жатыр.
«Қазіргі таңда Бөкейорда ауданында жалға берілетін аумақ 945 мың га, Жанғалы ауданында 520,0 мың га құрайды. Бөкейорда ауданының аумағы «Капустин Яр» полигонының батыс, ал Жанғалыдағы шығыс бөлігі саналады», – деп атап өтті Экология министрлігі.
БҚО-дағы полигондар Ресейдің авиациялық техникалары мен қару-жарағының жаңа үлгілерін сынауға және зерттеуге, Ресей Әскери-теңіз флоты авиациясы мен Әскери-әуе күштері ұшқыштарының жауынгерлік дайындығына арналған.
Фото: https://vpk.name/
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024