Қастандықтан кейін ауруханада жатқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің суреті жарияланды. Фотосуретті танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсембай Facebook парақшасында бөлісті.
Кәсіпкердің айтуынша, ол Шымкентке сапары барысында ауруханаға барып, жарақат алған әкім орынбасарының халін сұрап қайтқан.
Оның сөзінше, Берденов өзін жақсы сезініп, сауығып келеді.
«Руслан Берденов — мен жеке танитын және адалдығы үшін құрметтейтін санаулы саясаткерлердің бірі. Жақында оған қастандық жасалды, бірақ, Аллаға шүкір, ол аман қалды. Қазір денсаулығы жақсы, көңіл-күйі көтеріңкі. Барлығы сәтімен аяқталғанына қатты қуаныштымын!» — деп жазды Марғұлан Сейсембай.
Еске сала кетейік, Руслан Берденовке 21 сәуір күні қастандық жасалды. Әкімдік ғимаратынан шыққан сәтінде оған бес рет мылтықпен оқ атылған. Берденов үш жерінен жарақат алып, сол күні шұғыл түрде ота жасалды.
Оқ атқан адам — Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Ернар Жиенбай екені анықталды.
Сәуір айының соңында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова журналистерге Берденовтың жуырда ауруханадан шығуы мүмкін екенін айтқан еді.