18-02-25 |
1220 рет қаралған
Шахтерлер өлімі: «Қазақмыс» иелері Ким мен Огай ұшақ сатып алған.
Шахтерлер өлімі: «Қазақмыс» иелері Ким мен Огай ұшақ сатып алған

17 ақпан күні күндіз із-түзсіз жоғалып кеткен жеті шахтердің барлығы қаза тапқаны анықталды. Олардың денелері өткен түнде жер бетіне шығарылды.

Алдын ала мәлімет бойынша, төтенше жағдайға екі жарылыс себеп болуы мүмкін, олардың газдан болғаны болжануда. Соның салдарынан тау жыныстары опырылып, жеті адам шахтадан шығып үлгермеген.

Құтқару операциясы 12 сағаттан астам уақытқа созылды, бірақ аман қалғандар болған жоқ – барлық шахтер қаза тапты. Олардың ең үлкені 49 жаста, ал ең жасы наурыз айында 27-ге толар еді.

Қазір осы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, кінәлілерді табу үшін вице-премьер Қанат Бозымбаев басқаратын арнайы комиссия құрылды.

Бірақ шындыққа тура қарайық – «Қазахмыс» кәсіпорындарында тәртіпсіздік пен немқұрайлылық бұрыннан бері белең алып келеді, үлкен трагедияның орын алуы тек уақыт мәселесі еді, дейді @Kozachkow телеграм арнасы.

Өткен жылы Парламентте ірі кәсіпорындардың түрлі заң бұзушылықтар үшін жауапкершілігін қарастыратын заңнамалық өзгерістер бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. Сол кезде мынадай статистика айтылды: соңғы үш жылда (2022, 2023 және 2024) «Қазахмыс» кәсіпорындарында 122 адам жарақат алып, 6 адам қаза тапқан.

2022 жылы – 27 жарақат алған, 1 адам қаза тапқан.
2023 жылы – 50 жарақат алған, 3 адам қаза тапқан.
2024 жылы – 45 жарақат алған, 2 адам қаза тапқан.
Оқиғалардың басым бөлігі Ұлытау облысында, «Қазахмыс» ескі шахталарды соңына дейін қазып, кен қалдықтарын жинап жатқан аймақта болған. Атап айтқанда, Жезқазған маңында 110 адам жарақат алып, 3 адам көз жұмған.

«Кез келген апаттың артында нақты адамдар тұр – олардың аты-жөні мен лауазымы міндетті түрде жарияланады. Бірақ кәсіпорын иелері – Владимир Ким (3,6 миллиард доллар) мен Эдуард Огай (800 миллион доллар) тағы да ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Әдеттегідей. Ал саналы адамда олардың табыс көздері мен ақшаны қайда жұмсайтынына қатысты сұрақтар туындауы мүмкін. Олар ескірген шахталарда қарапайым жұмысшылардың өмірін қауіпке тіге отырып, миллиардтап табыс табады. Ал тапқан ақшаларын сән-салтанатқа жұмсайды», – деп жазды телеграм канал.

Мысалы, өткен жылы «Қазахмыс» Airbus ACJ TwoTwenty ұшағын сатып алған. Бұл – 10 мың шақырымнан астам қашықтықты тоқтаусыз еңсере алатын бизнес-джет. Яғни, Лондоннан Лос-Анджелеске немесе Дубайдан Токиоға еш аялдамасыз жетуге болады. Ұшақтың шамамен 80 миллион доллар тұратыны айтылады. «Қазахмыс» бұл сатып алуды «компанияның өндірістік қажеттіліктеріне байланысты» деп түсіндірген.

Ал Ким мен Огайдың шахтерлері қаза таба береді.

Фото: pexels

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.