Сот алдында тоғыз адам жауап беруде: Шынасыл Абзал — кісі өлтіру және бұзақылық бойынша айыпталуда, Равиль Сакиев — кісі өлтіруге оқталу және бұзақылық, Шыңғыс Белғожақов, Дархан Әскентай, Ильясов, Нұрбол және Азамат Токтаубаев, Дидар Қалиахмет — бұзақылық үшін айыпталып отыр.
Сондай-ақ кәмелет жасына толмаған Думан Ысқақ — ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін айыпталған.
Тергеу нұсқасы бойынша, жанжал «Қамажай» дүкенінен сыра сатып алудан басталған. Есеп толық төленбегендіктен, күдіктілер дүкенге қайта оралып, түсініспеушілікті анықтамақ болған. Ауызша дау жанжалға ұласқан.
«Қаржаубай күдіктілердің біріне түсіндірмек болып, дауыс көтеріп сөйлеген. Мұны көрген Шерзат әкесіне біреу тіл тигізіп жатыр деп ойлап, Дархан Әскентайдың оң көзіне екі рет соққы берген. Кейін дүкеннен шыққан Қаржаубай болған жағдайды көріп, ұлына ескерту жасап, Дарханның жарасын жуу үшін су әкелген. Ол кешірім сұрап, келтірілген шығынды өтейтінін айтқан. Бірақ Дархан Әскентай мұны қабылдамай, дүкенге таныстарын шақырған. Осыдан кейін төбелес басталған», — деп мәлімдеді прокурор Ержан Құрақбаев айыптау актісін оқи отырып.
Тергеу мәліметінше, төбелес кезінде Шынасыл Абзал Шерзатқа пышақпен ауыр соққы жасап, оның өліміне себепші болған. Жасөспірім қашуға тырысқанмен, бірнеше метрден кейін құлап түсіп, көз жұмған.
«Шынасыл кәмелетке толмаған баланы ерекше қатыгездікпен жарақаттады», — деді мемлекеттік айыптаушы.
Осыдан кейін тобыр қаза тапқан Шерзаттың ағасы — Нұрғанат Ғайыпбаевқа шабуыл жасаған (ол былтыр жылдың соңында өзіне қол салған).
Қаржаубай Нұрымов жараланған ұлын Талғар ауруханасына жеткізгенімен, дәрігерлер оның өмірін аман алып қала алмады.