26-02-21 |
530 рет қаралған
Шымкентте үйінде газ жарылған бір отбасы далада жүр.
Шымкентте үйінде газ жарылған бір отбасы далада жүр

Шымкентте жер үйде газ жарылып, бір отбасы далада қалды. Жарылыс болған кезде үйде 6 адам болған. Баспанасыз қалған қос бүлдіршін туыстарын паналаса, күйік шалған ата-анасы мен тағы бір жеткіншек қыз ауруханада жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Телеарна үйдегі жарылыс газ жүргізген компания кесірінен болуы мүмкін деген мәлімет таратты.  Өйткені Құрсай ықшамауданына көгілдір отын кеше ғана берілген. Енді қоспақ болғанда лап етіп тұтанып, күшті дүмпу болған.

Осыған дейін көмір жағып күн көрген Құрсай ықшам ауданына көгілдір отын енді ғана берілген.  

Кеше ғана қосылған газдан жарылыс шығып, бір үйдің шаңырағы ортасына түсті. Жәбірленушілер бұған газ тартқан жекеменшік компанияны кінәләйді. Себебі, шарбақтан үйге дейін құбыр жүргізгеніне 330 мың теңге алған мердігер нұсқаулықты телефон арқылы беріпті.

«Телефонмен ол кісілер қалай қосылу керек екенін ауызша айтқан. «Бірінші ауа шығарып, кішкене күт, содан кейін барып қос» деген. Сол сәтте осындай жағдай болған. Олар келмеген. Сөйтіп телефонмен нұқсқау берген. Сотқа береміз. Өйткені маманы келіп, ол келісімшартқа тұрған соң, өзі қосуы керек еді», – дейді жәбірленушінің туысы Сәбина Серікқызы.

Жарылыс болған кезде үйде 6 адам болған. Екі және төрт жастағы қос бүлдіршін мен қыдырып келген тағы бір туысы дін аман. Ал ерлі-зайыпты үй иесі мен 19 жасар бойжеткен ауруханаға түсті. Олардың беті, қолы оңбай күйген дейді дәрігерлер.

 «40 жастағы ер адамда термиялық күйік жалынмен өртенудің 1,2,3-ші дәрежесі. Беті, алақаны мен саусақтары күйген. 37 жастағы әйелде де сондай жарақат. 19 жасар қыз балада термиялық күйік жалынның 1,2,3-ші дәрежесі. Бетінде ғана жарақат бар»,-дейді Т. Орынбаев атындағы жоғары қысымды оксигенация орталығының бас дәрігері Мәдина Ермаханбетова.

Ал төбесі ортасына түсіп қабырғасы қирап қалған баспанада түннен бері адам қарасы қалың. Үй иелері ауруханада жатқандықтан, туыстары құжаттан бастап, сау қалған заттарды түгендеп жүр.

Саманнан салынған үй әп-сәтте қирап, жарамсыз күйге түсті. Қазір мұнда үй қожайындарының туыстары кәдеге жарамды дүниелерді шығарып жатыр. Одан соң арнайы техника айналасы бір-екі күнде сүріп тастайды. Түннен бері осында жүрген Шымкенттің шенді-шекпендісі қиын жағдайға душар болған отбасыға жан-жақты көмек көрсетеміз деп отыр. Бірінші кезекте даладаға қалғандарды уақытша баспанамен қамтиды.

«Жаңа үй салып біткенше, мен айта алмаймын, күзге дейін болса, күзге дейін, жазға дейін болса, жазға дейін баспанамен қамтимыз. Одан кейін барлық материалдық жағдай болса да, техникадан болсын, аудан әкімшілігі тарапынан үлкен көмек көрсетіледі»,-дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш.

Құзырлы органдар газ жүргізген компанияның атын айта алмай отыр. Бірақ жарылысқа сол компания кінәлі болса, сот шешімімен шығынды өтейді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.