Қайғылы оқиға 2024 жылғы 13 маусымда Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына қарасты Надежка ауылында болды. Сол күні үш баланың анасы отбасымен бірге кешкі ас ішкеннен кейін өзін жайсыз сезініп, ауылдық медпунктке жүгінген. Барлық отбасы мүшелерінде улану белгілері байқалған.
Олар тұшпара жеп, газды сусын ішкен.
Алайда медбике жағдайдың шұғылдығын елемей, ем тағайындамаған, балаларды ауруханаға жатқызбаған және улану дерегі туралы не ауруханаға, не санитарлық қызметтерге хабарламаған.
Келесі күні таңертең үш жасар бала көз жұмды. Алты жастағы әпкесі облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілгенмен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Үшінші бала мен ананың да жағдайы ауыр болғанымен, оларды дәрігерлер аман алып қалды.
Айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Соған қарамастан, сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы, 4-бөлігі бойынша («Медицина қызметкерінің өз міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адам өліміне соқтыру») кінәлі деп таныды.
Сот оның жасын және жағымды мінездемесін ескере отырып, екі жыл бас бостандығынан айырып, үш жылға медицина саласында жұмыс істеу құқығынан айырды.