Формасыз жүрген шымкенттік полицей көпшіліктің ашуын туғызды. ІІМ өкілі базарға футболкамен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге барған.
Оқиға Еңбекші ауданындағы базарлардың бірінде болды. Ол жерге барған екі полиция қызметкерінің бірі үстіне құқық қорғау орғандарының арнайы формасын, екіншісі полицияның арнайы шалбары мен Louis Vuitton деп жазылған футболка киіп алған.
Сол маңда жиналғандар полицейді видеоға түсіріп, оның полиция формасын кимегенін айтқан. Желіде тараған видеоға сәйкес, қала тұрғындарының нарызылығына полиция қызметкері «стилім сондай» деп жауап беріп, тұрғындармен сөзге келген.
Шымкент қаласы полициясы желіде тараған видеоға түсініктеме берді. Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция қызметкеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізілді.
«Аталған жайт бойынша Шымкент қаласының полиция департаменті Еңбекші ауданы полиция басқармасы қызметтік тексеру жүргізді. Тексеру барысында учаскелік полиция инспекторының бейнежазбада көрсетілген аумақтың маңында тұратыны анықталды. Ол үйінен нысанды киім кию ережесін сақтамай шығып, белгіленбеген орындарда сауда жасаудың алдын алу бойынша сатушылар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұрған әріптесіне келген», – делінген ақпаратта.
Қызметтік тексеру нәтижесі бойынша екі полиция қызметкерінің әрқайсысына қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.