Бүгін Теңіз кенішінде жергілікті жұмысшылар наразылыққа шығып, олар мен шетелдіктердің арасында қақтығыс болды. Жергілікті биліктің мәліметінше, қақтығыстан 30 адам зардап шеккен. Ақжайықтың жазуынша, шетелдіктерге агрессиялы жүздеген Теңіз кенішіндегі салынып жатқан зауыттағы қазақстандық жұмысшылар таңғы астан кейін жинала бастаған. Шетелдік жұмысшыларды автобуспен эвакуация жасаған. Адамдар шетелдіктер мінген автобусқа тас лақтырған.
Әлеуметтік желіде Теңізде болған қақтығыс деп сипатталған видеолар тарап жатыр.
Атырау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі жұмысшыларының наразылыққа шығуына WhatsApp-та тараған сурет түрткі болғанын хабарлады.
«[Жұмысшылар] Ливия азаматы Eli Daoud-тың WhatsApp-та жариялаған қызбен бірге түскен суретіне наразы болған. Оның қолында рация болған, ал оның антеннасы қыз жаққа қарай бағытталып тұрған» делінген әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Оқиғаға байланысты, наразылыққа шыққан жұмысшыларымен Атырау облысының бірінші орынбасары Серік Шәпкенов кездескен. Кездесу кезінде «тұрмыстық жанжалды ушықтыруға болмайтыны», «кеніштегі еңбекті ұйымдастыру мәселелері» талқыланған. Оқиғаға байланысты ведомствоаралық комиссия құрылып, оған «Теңізшевройл» мен оған қарайтын мердігер мекеме Сohsolited Contracting Endihering and Prourement S.A.L Offshore (CCEP) өкілдері кіретіні айтылған.
Жергілікті жұмысшылар өз 15 пункттен тұратын талаптарын Атырау облысының бірінші орынбасары Серік Шәпкенов және облыс прокуроры Халидулла Дәуешовке тапсырған. Талапта жергілікті жұмысшылардың жағдайын жақсарту, жалақыны өсіру, қысқартуды тоқтату, «келісім-шартты созу үшін 100 мың теңге төлеу туралы талапты жою», түрлі орындарға тек шетел ғана емес, Қазақстан туын да іліп қою сияқты талаптар бар, деп жазады Азаттық.
Ішкі істер министрлігі «Қазіргі кезде жанжал жоқ. Ішкі істер министрлігі жалған ақпаратты таратпауға кеңес береді. Оқиға орнында полиция қызметкерлері қауіпсіздікті бақылап тұр. Жағдай тұрақты және ішкі істер органдарының бақылауында» деп мәлімдеді.
Полиция оқиға орнын қоршаған. Теңізге облыс әкімі, облыстық полиция бастығы, ҰҚК департаментінің жетекшісі, облыс прокурорының келгені хабарланды. Маусымның 29-ы кешке қарай ол жаққа энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетовтың ұшып баратыны белгілі болды.
Бұл Теңізде жергілікті жұмысшылар мен шетелдіктердің арасында болған бірінші қақтығыс емес. 2005 жылы көктемде түрік және қазақстандық жұмысшылардың арасында 150 адам қатысқан қақтығыс болып, 3 адам зардап шеккен еді. Кейін 30 адам жұмыстан шығарылды. 2006 жылы 20-қазанда түрік жұмысшылары мен қазақ жұмысшылары арасында тағы жанжал шығып, ол қақтығыс полиция күшімен басқан еді. Кейбір деректерде сол кездегі қақтығыстан екі жақтан 140 адам медициналық көмекке жүгінген. Он адам аурухана түскен делінген еді.
Осыған ұқсас жағдай, яғни, қазақстандық жұмысшылар мен шетелдік жұмысшылар арасындағы қақтығыс 2017 жылы 2-қыркүйекте Астанада салынып жатқан «Абу Даби» құрылыс алаңындағы жергілікті жұмысшылар мен шетелдік жұмысшылар – үнділер арасында болған еді.