Британ азаматы Питер Салливан 1986 жылы даяшы қызды өлтірді деген айыппен 38 жылға жуық түрмеде отырған. Жақында жаңадан табылған ДНҚ айғақтарының нәтижесінде оның кінәсіз екені дәлелденіп, апелляциялық сот үкімді жойды.
21 жастағы Дайан Синдалл Батыс Англиядағы Беркхенд қаласында жұмыстан үйіне қайтып келе жатқанда зорланып, өлтірілген. Жылдар бойы сақталған айғақтардан табылған жаңа ДНҚ басқа адамға тиесілі болып шықты. Бұл іске сот қателіктерін зерттейтін арнайы комиссия араласты.
Сот үкімінің жойылғанын естіген Салливан видео байланыс арқылы қатысып, жылап жіберген. Ол сотқа ренжімейтінін айтып, «шындық еркіндік сыйлайды» деді.
Бұл — тірі тұтқынға қатысты британ тарихындағы ең ұзаққа созылған сот қатесі болып саналады.
Салливанның әпкесі Ким Смит марқұм қыздың отбасына көңіл айтып, енді бауырының өмірін қайтадан қалпына келтіруге тырысатынын жеткізді.
Сол кезеңде ДНҚ сараптамасына қажетті технология болмағанын тергеушілер де, прокурорлар да мойындады. Жаңа айғақтар жалғыз күдіктінің Салливан емес екенін көрсетті. Прокуратура істі қайта қараудан бас тартты.
Салливан соттан кейін бірден босатылды. Ол түрмеде 38 жыл 8 ай — барлығы 14 113 күн отырған.