Әзірбайжан Бас прокуратурасының бір топ қызметкерлері РФ Бас прокуратурасымен келісім бойынша Грозный қаласына тергеу және процессуалдық іс-әрекеттер жүргізу үшін жіберілді. Тағы бір топ 25 желтоқсанда Ақтаудағы апат орнына жөнелтілген.
«Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев мырзаның бұйрығы мен тапсырмаларына сәйкес, Ақтау қаласының маңында жолаушылар ұшағы апатқа ұшырауы бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша объективті шындықты анықтау жөнінде шұғыл және қажетті шаралар жалғасуда», – делінген хабарламада.
25 желтоқсанда Ақтау әуежайы маңында бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағы апатқа ұшырады. Жолаушылар арасында: Қазақстанның алты азаматы, Әзірбайжанның 42 азаматы, Қырғызстанның үш азаматы, Ресейдің 16 азаматы болды. 38 адам қаза тапты, оның алтауы қазақстан азаматы.