Жамбыл облысындағы әскери бөлім қоймасындағы жарылыстан тағы бір әскери қызметкер көз жұмды.
Қаза тапқан әскери қызметші – өрт сөндіру командасының бастығы, келісімшарт қызметінің старшинасы 1992 жылғы Еркін Нәдірбеков.
«Ол инженерлік оқ-дәрі қоймасындағы өртті сөндіру жұмысын басқарған. Жарылыстан кейін оқиға орнында өртсөндіру кезінде көз жұмды. 27 тамыз күні жоғалғандар қатарына енген әскери қызметшілер арасында болған», – деп мәлімдеді ведомство.
Қорғаныс министрлігінің басшылығы марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Министрлік оның отбасына қажетті көмек көрсетуге уәде етті.
Айта кетейік, 26 тамыз күні сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, артынша жарылыс болды. Жақын маңдағы тұрғындар эвакуацияланды. Жарылыс салдарынан 88 адам зардап шекті. Бес әскери қызметкер қаза болды.