19-02-25 |
560 рет қаралған
«Жомарт» шахтасындағы апаттың мән-жайын комиссия 10 күнде аяқтауға тиіс.
«Жомарт» шахтасындағы апаттың мән-жайын комиссия 10 күнде аяқтауға тиіс

Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішіндегі апаттың себептерін тексеру және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету жөніндегі Үкіметтік комиссия жұмысының барысы туралы баяндамасы тыңдалды.

Осы жылдың 17 ақпанында Қазақмыс корпорациясының «Жомарт» кенішінің шахтасында апат болды. 7 адам қаза тапты. Бұл ретте 402 адам өз бетінше эвакуацияланды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Апат орнында Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық жедел штабы ашылды. Сенім телефоны желісіне 23 қоңырау түсті.

Премьер-министрге Үкіметтік комиссия апаттың себептерін тергеу бойынша жұмысты бастағаны, тиісті сараптамалар жүргізілетіні баяндалды.

Алдын ала мәліметтер бойынша шахтада табиғи газ жарылған.

Комиссия басшысы мен мүшелері апат болған жерді қарап, қаза тапқандардың отбасыларымен кездесу өткізді.

Қазір шахтада жұмыс тоқтатылды. Екі арнайы комиссия құрылды: біреуі апаттың себептерін анықтауы керек, екіншісі қауіпсіздік ережелерінің бұзылғанын анықтайды. Комиссиялар өз жұмысын 10 күн ішінде аяқтауға тиіс.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қолдау шаралары көрсетіледі.

Сондай-ақ Қазақмыс корпорациясы ұжымдық шартқа сәйкес көмек көрсетеді, оның ішінде жерлеуді ұйымдастыру, жылдық орташа жалақының 10 еселенген төлемі, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан қызметкерлердің несиелері мен қарыздарын өтеу бойынша көмек түрлері бар.

Бұдан басқа, қолданыстағы заңнама аясында кеншілер отбасына бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындалады, сондай-ақ жерлеуге төлемдер берілетін болады.

Жалпы тергеу нәтижелері комиссия жұмысының қорытындысы бойынша ұсынылатын болады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.