Ұлттық Банк жаңа коллекциялық монеталар шығарады. Монеталар «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясымен шығады.
Жошы хан – Шыңғыс ханның үлкен ұлы және Алтын Орда атанған Жошы ұлысының негізін қалаушы. Ұлытау облысында маңызды тарихи ескерткіш – Қазақстанның мәдени мұрасының бір бөлігі саналатын Жошы хан кесенесі орналасқан.
«Монеталардың дизайнында Жошы хан ескерткішінің бейнесі қолданылған. Оның авторы – қазақстандық мүсінші, муралист-суретші Ғазиз Ешкенов. Сырт жағында – Алтын Орда дәуіріндегі монеталардың коллажы орналасқан», – делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
Номиналы – 5000 теңге, алтын жалатылған, күміс сынамасы – 925/1000. Таралымы – 100 дана.
Номиналы – 2000 теңге, алтын жалатылған, күміс сынамасы – 925/1000. Таралымы – 300 дана.
Номиналы – 1000 теңге, алтын жалатылған, күміс сынамасы – 925/1000. Таралымы – 1000 дана.
Номиналы – 200 теңге, МН 25 мельхиор қоспасынан жасалған. Таралымы – 8000 дана.
Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.