11-10-19 | 16:49
Он жылға сотталған Бишимбаев қалай босатылды?.
Он жылға сотталған Бишимбаев қалай босатылды?

“Қаржы жымқырды, ірі көлемде пара алды” деп айыпталып он жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишимбаев бүгін бостандыққа шықты. Ол жазасын жеңіл түрге яғни шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға сотқа өтініш түсірген екен. Бишимбаевтың өтінішін сот 25 қырқүйекте қарап, шешім заңды күшіне бүгін, 11 қазанда енген. Мұны tengrinews.kz ке Шымкент қаласы Абай ауданы соты төрағасының хатшысы Азат Өтегенов айтқан.

Сот 2018 жылы 14 наурызда Қуандық Бишімбаевты “Бәйтерек” холдингін басқарған кезінде мемлекет қаржысын жымқырды” деген айыппен он жылғасоттаған. Іс бойынша айыпталған жиырмадан астам адамның бірнешеуі тергеу таққан айыптарын мойындап, тергеушілермен келісімге келген. Сот оларға бас бостандығынан айыратын жаза қолданбаған немесе аз мерзімге соттаған.

Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, айыптаушы тарапта оның кінәлі екеніне айғақ-дәлелдің жоғын айтқан. Сот процестері кезінде Бишімбаев екі рет сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрап, “ештеңеге қарамастан президентке адал болып қалатынын” мәлімдеген. Сот Бишімбаевқа мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салып, оның мүліктерін тәркілеуді бұйырған. Ол Түркістан облысы Төле би ауданы Леңгір қаласындағы қатаң режимдегі ИЧ 167/9 мекемесінде жазасын өтеп жатқан. Кейін ол өзін жалпы режимдегі колонияға ауыстыруды сұрап арыз жазған.

2018 жылы 29 желтоқсанда Төле би ауданының соты Бишімбаевтың арызынқарап, оны Леңгірдегі қатаң режимдегі колониядан Шымкенттегі жалпы режимдегі колонияға ауыстыру туралы шешім шығарған.

Бишімбаев мемлекеттік “Болашақ” бағдарламасымен 2001 жылы АҚШ-тағы Джордж Вашингтон атындағы университетін бітірген. Ол – “Болашақ” түлектерінің арасынан шыққан алғашқы министрлердің бірі. Бишімбаев әр жылдары “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағалығынан президент көмекшісіне дейінгі жоғары қызметтер атқарған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.