Оңдасын Оразалин көпбалалы ананы қалай алдады?.
Оңдасын Оразалин көпбалалы ананы қалай алдады?

Ақтөбеде көпбалалы анаға сертификат табыстаған облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің басы дауға қалды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алғыс айту күні ел алдында көпбалалы ана Айсұлу Көздібаеваға облыс әкімінің қолымен екі миллион теңге деп жазылған сертификат сыйлағаны үшін Ақтөбе әкімдігіне ақталуға тура келді. Себебі оның көк тиын құны болмай шықты. Аймақ басшысының қолынан сертификат алған ана алданғанын айтты.

«Облыс әкімі қолыма сертификат берді. Екі миллион теңге деп жазылған. Қуандым, үстіне ақша қосып, үй аламын деп ойладым. Көршілерім келіп,
«2 млн алыпсың» деп құтты босын айтып жатыр. Бұл құр қағаз болып шықты»,- дейді көпбалалы ана Айсұлу Көздібаева.

Белгілі болғандай, Айсұлу әлеуметтік желі арқылы еріктілерден көмек сұраған. Отбасының қиын жағдайын көрген әзірбайжан жастар қауымдастығы лезде жөндеу жұмыстарына кіріскен. Жастар жатақхананың жуынатын бөлмесін паналаған ананың бөлмесін жөндеп, жиһазына дейін жаңалап берген.

Әкімдіктегілер қайырымды жандардың көрсеткен көмегін сертификатқа ақшалай жазып бергенін мойындап отыр.

«Неге осы жастардың игі істерін көрсетпеске, басқаларға үлгі ретінде көрсетпеске деген оймен осы Айсұлу ханымға жасалып жатқан жұмыстарының жұмсалған қаржыларын көрсете отырып, сертификат ретінде жастардың атынан тапсырған алғысымызды білдіру деген оймен туындаған болатын. Ақша бөлінді деген ешқандай әңгіме болған жоқ. Ол – жастардың жасаған жұмысының бағасы» , – дейді Ақтөбе облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева.

Айсұлу Көздібаева ешқандай санат бойынша пәтер кезегіне тұрмаған. Бес балалы отбасы жатақхананың 14 шаршы метр бөлмесін паналап отыр. 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.