26-10-20 | 16:05
Өнерліге өріс кең.
Өнерліге өріс кең

Атырау қаласының 16 жастағы тұрғыны Аида Мұратова көптеген байқауларда көзге түсіп жүрген жас талант иесі. Ол 7 жасынан бастап вокал, би, қобыз және актерлік өнер үйірмелеріне қатысқан. Аида 2019-2020 оқу жылында көркем сөз номинациясы бойынша «Жадыра жас» фестивалінің үздігі атанды. Сонымен бірге республикалық «Қос қыран» өнер байқауының бас жүлдесін, «Талантты жастар» көркемсөз байқауының I дәрежелі атағын, республикалық «Фариза, Фаризажан, Фариза-қыз» оқуларының II дәрежелі дипломы және «Рухани жаңғыру әдістемелік жобасы»-ның III дәрежелі атағын жеңіп алған. Жас қыз бұған қоса ән байқауларына қатысып та, жүлделі орындардың иегері атанып жүр. Мәселен, Ресейде өткен «Талантты жастар» байқауында I орын иеленсе, «Өнерімді еліме арнаймын» сайысында да алдыңды қатардан көрінді.
-Менің актёрлiк өнердi таңдаған себебім бұл жан жақты сала. Маған сахнаға әртүрлі образда шыққан ұнайды. Жаныма әсіресе драма жанры жақын. Кішкентай кезімнен ән айтуға әуес болдым. Кейіннен биге деген қызығушылық басталды. Актерлік өнерді меңгеруде маған бұл қабілеттердің көмегі тиді, – дейді Аида Мұратова.
Жас қыздың Ұлы Отан соғысының батыры Мәншүк Мәметованың образын сомдаған монологы көрерменнің көңілінен шықты. Батырдың болмыс-бітімін ашатын қысқаша қойылым тыңдарманға спектакль тамашалағандай әсер береді.
-Аиданың болашақтағы арманы – театр және кино әртісі болу. Мен оған драма үйірмесінен сабақ бердім. Талантты қыз 2 жылдың ішінде актерлік өнерді меңгеріп, талай сайыстың жеңімпазы атанды. Оның болашақта мықты әртіс болатыны сөзсіз, – дейді Аиданың ұстазы Мейрамгүл Шапиева.
Аида Мұратова жуықта «Шығармашыл жастарды қолдау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасының грантын ұтып алды. Бұл жобаны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік грантының шеңберінде «Логос-Қарағанды» мүгедектерді оңалту орталығы жүзеге асырды. Жас әртіс гранттың қаражатына сахнаға қажетті киім-кешек сатып алып, жаңа көрініс қоймақшы.

#cisc2020 # qogamgov

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk