Өскемендіктер қыс басталмай көмірге таласып жатыр.
Өскемендіктер қыс басталмай көмірге таласып жатыр

Шығыс Қазақстанда қыс түспей жатып басталған көмір тапшылығы түрғындарды титықтатып жіберді.  Өскемендегі көмір сататын орындарда кезектің шеті көрінбейді. Тұрғындар бірнеше күндеп көлік ішінде түнеп жүр Өскемендіктер жанайқайын  «Информбюро» жаңалықтар топтамасы тыңдап қайтты.

 

Қалада қазірдің өзінен қысқа қамданып, көмірге таласқан халықтың көлігінің даусынан құлақ тұнады. Қаншама күннен бері кезек күтіп, қара отынды ала алмай далада түнеген халық ашуға мінген.

«Міне бүгін екінші күн машинаның ішінде қондық. Кеше мүлдем көмір берген жоқ. Бүгін 3 тоннадан ғана береміз деп жатыр. Қаланың адамдарына әлеуметтік көмір бар. Ауылда да зейнеткерлер бар ғой. Оларға неге бермейді?», – дейді көмір алуға келген жүргізуші Марат Айтуаров.

Көмір ала алмаған ел бұл жағдайдың жылда қайталанатынын айтып ашынады. Жылда жыр болған мәселені облыс әкім Даниал Ахметов те біліп отыр дейді олар. Қала әкімі Жақсылық Омар да дәл осындай шу болған уақытта бір рет келіп те кеткен. Бірақ ол кездесуден кейін де мәселе шешілмеген.

«Бізге Қаражыра кен орнынан көмір аз келіп жатыр. Тасымалдайтын вагондар да өте аз. Қазір көмір аз қалды, енді қашан келетіні белгісіз. Күтеміз. Осындай жағдайдан кейін кезек көбеймей қайтсін?», -деп түсіндірді «Терминал» ЖШС директоры Нұржан Қазиев.

Көмірге келген мына көліктердің араларында алыс аудандардан келгендері де бар. Олардың әлі қанша күн күтетіндері тағы белгісіз. 

Айта кеткеніміз жөн, бұған дейін көмірге кезекте тұрғандар арасында бірнеше рет төбелес те болған. Тіпті Қаражыра кен орнында болған жанжал кезінде бір адам қаза тапқан болатын.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.