30-01-21 | 13:47
Өзгергісі келмейтін билік. «Nur Otan»-ға сенбейтін саясаткер.
Өзгергісі келмейтін билік. «Nur Otan»-ға сенбейтін саясаткер

Отандық саясаткер биліктің халықпен байланыс жасай алмай отырғанын жеткізді. Азаматхан Әміртай өзгергісі келмейтін билікке де, жеңімпаз партия «Nur Otan»-ға да сенбейді. Ол ақшаға сатылғандардың пікірі жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Жаңа көзқарас» бағдарламасына қонаққа келген саясаткердің ойынша, дағдарысты мойындамайтын үкіметтің жағдайы қиындауы мүмкін.

 «Саяси дағдарыс көз алдымызда тұр. Билік халыққа, халық билікке сенбейді. Билік аспанда тұрса, халық жерде жүр. Екеуінің арасында ешқандай байланыс жоқ. Билік «халық сөзін естиміз» дейді, естіген ешнәрсесі жоқ. Бір-екі топтың сөзін естиді, сонымен бәрін қояды. Бүгінгі 19 млн халықтың 18,5 миллионы өте қиыншылықта өмір сүріп жатыр. Ертеңгі болашағына сенім жоқ. Бұл саяси дағдарысты біздің билік мойындамай отыр. Бұл үлкен қиын жағдайға әкелуі мүмкін. Соңғы парламенттік сайлауда біз нақты көрдік. Билік өзгергісі келмейді. Олар басқаларды өзгерткісі келеді. Түсініксіз. Әлем өзгеріп жатыр. Бәрі өзгеріп жатыр. Біздің билік өзгергісі келмейді. Бүгінгі күні біз осыған реніштіміз»,- дейді Азаматхан Әміртай.

Саясаткер мемлекетті дамыту үшін билікке жаңа жоба ұсынбақ.

«Әрине біз революцияны қаламаймыз, билікке эволциялық әдістің түрлерін ұсынамыз. Бүгінгі күні «Көлеңкедегі үкімет» жаңа жобасын бастағалы отырмыз. Қазақстанда экономиканы да, ауылшаруашылықты да, индустрияны да, «ІТ» саласын, теміржол саласын да білетін қаншама мықты азаматтарымыз бар. Солардың білімін, ақылын іске қосып, мемлекетіміздің дамуын қолға аламыз. «Көлеңкедегі үкімет»  жобасы билікке беріліп отырған компромисс. Егер «жасамайсыңдар, болмайды» десе, Онда түсінікті. Билікті халықтың толқуы, ашуы ғана өзгерте алады. Басқа жол жоқ»,-дейді ол.

Сонымен қатар, ол сұқбатында билік партиясын жеңу мүмкін еместігін мойындайды.

«Мен «Nur Otan»-ға мүлде сенбеймін. Парламент, мәжіліске  өткен депутаттарға да мүлде сенбеймін. Бірден айттым, ол жерде фракция бар. Фракцияның басшысы – Нығматуллин. Дәретке шыққан кезде сұранып шығасыңдар. Сендер кімсіңдер? Нығматуллин өмір бойына бұрын аппаратта жасаған комсомол. Тасмағамбетов сияқты сөйлейді. Ешкімді тырп еткізбейді ол. Бітті. Біздің саяси реформамыз сонымен бітеді. Сондықтан «Nur Otan»-ға сенбеймін. Біздің мақсат- «Nur Otan»-ды жеңу. Бірақ ол мүмкін емес, өте қиын нәрсе», -деді Азаматхан Әміртай.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.