15-09-20 | 20:12
Праймериз дебаттары қалай өтіп жатыр?.
Праймериз дебаттары қалай өтіп жатыр?

Алматы қаласының Наурызбай ауданында «Nur Otan» партиясының праймериз өткізу кестесіне сәйкес жария пікірсайыс өтті. Партияның аудандық филиалында ұйымдастырылған саяси додаға жеребе арқылы анықталған 10 үміткер қатысты. Бұл қаланың бизнес, денсаулық сақтау, білім, өнер, спорт және әлеуметтік салаларында нәтижелі еңбек етіп жүрген белсенді азаматтар. Дебаттың басында сөз сөйлеген «Nur Otan» партиясы филиалының басшылығы «Праймериз нағыз мықтыларды іріктейтін саяси дода. Елбасымыз, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев оны әділ, әрі ашық түрде өткізуді тапсырды. Праймеризге қатысушылардың барлығы елін, жерін сүйетін, оның тағдырына алаңдайтын азаматтар. Барлықтарыңызға сәттілік тілейміз», – деді.
Жария пікірсайыс партия филиалының әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Саяси дода барысын смартфон арқылы көрген Наурызбай ауданының тұрғындарына сұрақ қою мүмкіндігі де берілді. Сайыстың бірінші бөлімінде үміткерлер белгіленген уақыт ішінде өз бағдарламаларымен таныстырып, аудандағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарын айтты. Жасыратыны жоқ, қазір Алматы қаласының бұл әкімшілік аумағында қордаланған мәселелер жетерлік. Жұртты сел қаупі, ауыз су, жол, жарықтандыру, газбен қамту мәселелері қатты алаңдатады. Амбулаториялар мен шағын медициналық бекеттер жетіспейді. Ауданда су жинау және тазарту станциясын салу бірінші кезектегі іс. Орта мектептердің жетіспеушілігі де күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Кандидаттар осы проблемалардың барлығын айтып, оны шешуге атсалысатындықтарын жеткізді. Мәселен, Есенгелді Талбидинов есімді үміткердің бағдарламасы коммуналдық проблемаларды шешу мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Ал еңбек жолын медбикеліктен бастап, қаладағы №18 емхананың бас дәрігері қызметіне дейін өскен Мая Өтегенқызы ауданның медицина саласындағы проблемаларымен жақсы таныс. “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелден білім алып келген маман праймеризден өтетін болса емханалардың материалдық-техникалық базасын жетілдіруге, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға, медициналық қызметкерлердің статусын көтеруге күш салмақ. Ал, кәсіпкер Аладин Мустафаев ауданда жаңа жұмыс орындарын ашу үшін инвестиция тартуды қолға алатынын айтты. Қоғам қайраткері, ғалым Дүкен Мәсімханұлы білім саласының өзекті мәселелерімен айналысады.
Сайыстың екінші бөлімінде үміткерлер бір-біріне сұрақ қойып пікір алмасты. Дебат соңында аудан тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы үміткерлерге өз сауалдарын қойды.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласы бойынша праймериздің жария пікірсайыстары 14 мен 30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Оған барлығы 223 адам қатыспақ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.