27-07-21 |
«Президенттің сөзін елемей, миллиондап той тойлауға жол берген».
«Президенттің сөзін елемей, миллиондап той тойлауға жол берген»

Белгілі заңгер, ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанды сынады. Заңгердің шенеунікті сынауына Шыңғыс Мұқанның facebook-тағы жазбасы себеп болды.

Шыңғыс Мұқан коронавирустың кең таралып жатқанына қарамастан той өткізген әлдебір адам жайлы жазған.

«Жаға ұстатар әңгіме естідім.

Коронавирус жұқтырған бір адам 300 адамға той беріпті. Ауырып жүргенін біледі. ПТР тапсырған. Ковид жұқтырғаны расталған. Бірер күн ауруханаға жатып шыққан.

Шақырған қонақтарымен құшақтап амандасып, секіріп билеп, ертесіне ауруханаға қайта түскен.

Бұлай істеу үшін адам қаншалықты арсыз болуы тиіс?!

Енді сол тойға қатысқан адамдар ауруханаға түсіп жатыр.

Бірер күн бұрын болған оқиға.

Тойға шақырту алсаңыз, бармас бұрын он ойланыңыз. Қарт ата-анаңызды, үйдегі шиіттей бала-шағаны, аяғы ауыр әйеліңізді ойлаңыз.

Тойда ауырып жүрген адамдар міндетті түрде болады. Дельта штамм кең тарап кетті.

Ойланыңыз…», – деген әкімнің бірінші орынбасары.

Осы жазбаға орай заңгер Айгүл Орынбек жергілікті шенеуніктердің президенттің сөзіне қарамай Наурыз, қала күні мейрамдарын өткізгендерін жазып, сынады.

«70 миллионға Наурызды тойлап алып, біреудің той жасағанына жағасын ұстап отырғаны нес?

Халық биліктен не көреді, соны істейді! Наурыз айында еліміздің  астанасы Нұрсұлтан мен Алматы қызыл аймақта болды.

Қызыл аймақтан  әншілерді шақырып он күн бойы Наурыз тойын тойлап, қонақ үйлерді 100 пайыз толтырып бүкіл әлемге креативный қала екендеріңді көрсетіп мақтанған жоқсыңдар ма Шыңғыс Мұқан?

Енді неге халықты сөгіп, жағаңды ұстап көсемсіп отырсың?

Әрине6 халық тойлайды, үлгі алар әкім-қаралар миллиондап ақша шашып Наурыз тойын бір тойлап, қала күнін екі тойлап ләйліп жүргенін көріп отырған мына халық үндемей отырады деп ойладыңдар ма?

“Әкімдер миллиондап шашып «МұзАрттың»концертін көріп тойлап жүргенде, неге біз 50 адамға той жасамасқа”, деп талай адам айтты да!

Халыққа “абай болыңдар”, “сақ болайық”, деп ақыл айту үшін өздерің үлгі болуларың керек еді!

Миллиондық қала  әкімнің бірінші орынбасары Наурыз, қала күнін тойлайтын кезде сіздің арыңыз қайда болды?

Президенттің сөзін елемей,  жұт кезінде, халықтың әл-ауқаты қиын кезде,  миллиондап той тойлауға жол берген  сен АРСЫЗСЫҢ!», – деп жазды заңгер.

Шымкент қаласы әкімдігінің Наурыз мерекесін өткізу үшін жұмсалған қаржы мәселесі үлкен дауға ұласқан еді. Мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми деректерді негізге алған журналистер мен белсенділер әнші Сәкен Майғазиев басқаратын Шымкент қалалық мәдениет үйінің Наурызға арналған іс-шараларға 595 млн теңге қаржы бөлгенін анықтаған. Сол кезде бұл оқиға қоғамда үлкен шу тудырған еді

Ал қала әкімі Әйтенов бұл мәселе хақында qazaqtimes тілшісінің сауалына орай: «Қателік тиісті қызметкерлерден. Жыл бойына деп бөлінген қаржатты порталға тек қана Наруызға деп енгізген. Соның салдарынан осындай жағдай болды. Бұл адамның қателігі болғандықтан, ол тиісті жазасын алады», – деген еді.

Шымкенттегі Наурыз дауы баспасөзде көп жазылды, әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Кейін «Қазақстанның демократиялық партиясының» белсендісі Аружан Дүйсебаева да бұл мәселені көтеріп, ал оны Шымкент қалалық мәдениет үйінің жетекшісі, әнші Сәкен Майғазиев сотқа берген еді. Сот процесі әлі жүріп жатыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.