Пробациялық қызметтің құзыреті артып келеді.
Пробациялық қызметтің құзыреті артып келеді

Пробациялық бақылау дегеннің не екенін, кімдерге қолданылатынын көпшілік біле бермейді. Тіпті, атының өзінен үркетіндер бар. Ал шын мәнінде бұл құрылым қателікпен заң шегінен шығып кеткендерді қатарға қосуды мақсат етеді.

 «Пробация туралы» заңның 1-бабында «Пробация – санаттары заңмен айқындалған адамдардың қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу үшін олардың мінез-құлқын түзеуге бағытталған бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы қызмет түрлері мен жеке айқындалатын шаралар жүйесі» деген анықтама берілген. Қарапайым тілмен айтар болсақ, пробацияның мақсаты күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзеу, сотталған адамды әлеуметке қосу; қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылған адамды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу болып табылады. Ал пробациялық қызмет өзіне жүктелген осындай ауқымды міндеттерді орындай алып отыр ма? Бұл бөлек әңгіме.

Соңғы жылдары жазаны ізгілендіруге, аса ауыр қылмыс жасағандар болмаса, алғаш рет ала жіпті аттаған, жеңіл қылмыс жасағандардың жазасын неғұрлым жеңілдетуге қадам жасалды. Соның нәтижесінде жәбірленушіге келтірілген материалдық, моральдық зиянды орнына қойған жандар бас бостандығынан ажырамай, пробациялық бақылау барысында өзінің түзу жолға түскенін дәлелдеуі керек еді. Бірақ, жаңа құрылған пробация қызметінің ә дегеннен өзіне жүктелген міндетті мінсіз алып кете алмағаны анық. Өйткені, бас бостандығынан шектелгендерді былай қойғанда, түзеу мекемелерінен босап шығатын азаматтарға бақылау жасау үшін құрылым қызметкерлерінің санын арттырып, техникалық жағдайын жасау маңызды. Өкінішке орай, жаңа құрылымның жұмысын жүйелеуге көмектесетін тетіктер бастапқы уақытта толық шешімін таба қойған жоқ. Бұрын мәселен бұл жұмысқа полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, әкімдіктер жұмылдырылатын. Алайда, 2016 жылдың  30 желтоқсаны күні түзеу мекемесінен шыққандарды  жұмысқа орналастырып, әлеуметтік жағынан өмірге бейімдейтін «Пробация туралы» заң қабылданғалы бері, жазаларды ізгілендірудің бар ауыртпалығын пробация саласының қызметкерлері ғана көтеріп отыр. Жыл сайын бақылаудағы азаматтар қатары артып отыратындықтан, қиыс жолға түскендерді қатарға қосу мәселесін бір құрылымның мойнына жүктеп қою, әрине, қате. Олай дейтініміз, тәжірибе көрсетіп отырғандай пробациялық бақылау жасауға тиіс қызметкерлер саны тым аз. Сондықтан, қанша жерден жұмыс бір ізге түскенімен, саны шектеулі қызметкерлердің  жұмысты ойдағыдай атқаруға мүмкіндігі жете бермейді.

Мәселен, АҚШ-та сот үкімімен жазаға кесілгендердің сексен пайызы пробациялық қызмет арқылы тәрбиеленіп, өмірден өз орнын табады. Яғни, пробациялық бақылау штаты да жүктемеге сай болып тұр ғой. Бізге де мұндай жетістікке жету үшін пробация институтын барынша күшейту керек.  Бүгінгідей 500 сотталған азаматты он екі қызметкер бақылайтын тұста діттеген межеден көріну қиын. Қазір пробацияның әр қызметкеріне 42 сотталған азаматтан келеді. Және олар жақын жерде тұрса бір жөн. Қаланың ана басы мен мына басында тұрып жатқан 42 адамды қадағалауға бір пробация маманының шамасы жетпейтіні түсінікті. Бір ауданның бірнеше ауылында тұратын азаматтарды бақалау да оңайға соқпайды. Жұмысын қалыпты істеу үшін қызметкердің өз айлығы есебінен шалғай ауылдарға барып, бақылау жасауына туре келетіні сондықтан. Соның кесірінен пробация қызметінің есебіне алынғандардың ішінде қайта тәртіп бұзып, қылмыс жасайтындар кездеседі.

Жалпы алғанда, мемлекеттің ізгілендіруге көңіл бөліп, шалыс басқандарды түрмеге тоғыта бермей, пробациялық бақылау арқылы оңалтуға тырысуы құптарлық жағдай. Соңғы уақытта пробациялық бақылаудың жетістігі мен кемшілігі сараланып, құрылымның пәрменін арттыруға, құзыретін көтеруге талпыныс жасалуда. Пробация қызметкерлерінің белсенділігінің арқасында жаңа институттың пайдалы істерінен көпшілік хабардар. Тіпті, қылмыстылықты азайту үшін жергілікті әкімдік, құзырлы орындар пробация қызметкерлеріне қолдан келгенше көмек көрсетіп, қолдау білдіруге ниет танытып отыр. «Көп түкірсе көл» демекші, кеңесіп жасалған істің нәтижелі болатыны қазырден байқалады.

Мөлдір Мәлікқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.