06-12-22 |
Прокуратура халықаралық стандарттар негізінде дамып келеді – Берік Асылов.
Прокуратура халықаралық стандарттар негізінде дамып келеді – Берік Асылов

Қоғам өмірінің барлық саласында заңдылықтың сақталуын қадағалайтын прокуратура органдарының рөлі айрықша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев прокуратураға үлкен міндеттер жүктеп отыр. Бүгінде прокуратура заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттің сенімді тірегіне айналды. Ал 6 желтоқсан – Прокуратура күні қарсаңында Бас прокурор Берік Асыловқа қылмыстық істерді тергеу, бизнесті қорғау, Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақым¬шылық жасау, шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару комиссиясының жұмысына қатысты сұрақтарымызды қойған едік.

– Берік Ноғайұлы, жуырда «Прокуратура туралы» жаңа заң қабылданып, құжатқа конституциялық мәр­тебе берілді. Прокурорлар мәртебесінің артуы – жоғары қадағалау органы жаңа Қазақстан қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі болады деген сөз. Осы орайда егемен еліміздің жоғары қадағалау институтының даму жолдарына, бүгінгі прокуратураның миссиясына тоқтала кетсеңіз.

– Расында, прокуратураның төл тарихы бар. Әр кезең талабына сай міндеттер қойылды. Өкілеттіктер көлемі өзгеріп отырды. Бірақ қай уақытта да прокуратураның басты функциясы өзгерген жоқ. Ол – барлық салада заңдылықты қамтамасыз ету.

Прокуратураның басты миссиясы – адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Конституцияда негізгі үш функция көрсетілген: заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау, сотта мемлекет мүддесін білдіру, қылмыстық қудалау.

Тәуелсіздік жылдары, прокуратура кеңестік жазалау органынан құқық қорғау институтына айналды. Оның қоғамдық орны жаңғырды. Егеменді елімізді қалыптастырудың барлық негізгі құжаттарында прокуратураның рөлі мен қызметтері нақты көрсетіліп отырды. Мысалы, еліміздің бірінші ең жоғарғы саяси құжаты – 1990 жылғы 25 қазандағы Мемлекеттің егемендігі туралы декларацияда республика аумағында заңдардың дәлме-дәл және біркелкі орындалуын прокуратура қадағалайды деп көрсетілді.

1991 жылы 6 желтоқсанда прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігін және тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы Жоғарғы Кеңестің қаулысы қабылданып, еліміздің қадағалау органы тарихында жаңа белес басталды. Осы күннен бастап Қазақстан прокуратурасы Кеңес одағы прокуратурасының құрамынан шығып, дербес мәртебе алды. Сол күннен бері, міне, отыз бір жыл өтті.

Бүгінде 6 желтоқсан кәсіби мереке күні ретінде аталып, тәуелсіз Қазақстанның қадағалау органының тарихы бастау алған күні деп саналады. Жоғары қадағалау жүйесінің қалыптасу жолындағы келесі қадам – 1993 жылғы еліміздің бірінші Конституциясының қабылдануы болды. Онда прокуратураға арналған жеке тарауда заңдардың дәлмедәл және біркелкі орындалуын қадағалауды жүзеге асырады деп бекітілді.

1995 жылғы Конституцияға келсек, ол прокуратура мәртебесін нақты анықтап, Президентке тікелей есеп беретін орган ретінде бекітті. Өткен уақыт ішінде прокуратура қызметкерлері кәсіби борыштарын мінсіз орындап келеді.

Мынаны ескере кеткен жөн болар, прокуратура – ең бірінші құрылған ұлттық органдардың бірі. Өйткені елімізге сенімді құқықтық қалқан керек болды.

Жас мемлекет алдында көптеген сынақ тұрды. Өтпелі кезеңде елімізді сақтап қалу, аяққа тұрып кету ең маңызды мәселе еді. Қылмыс өршіп кетті. Өндіріс тоқтап қалды. Жаппай жұмыссыздық. Жалақы, зейнетақы уақытында төленбеді. Осындай қиын уақытта прокуратура қоғамда заңдылық пен тәртіпті бекітуге күш салды. Яғни еліміз үшін ауыр да жауапты кезеңде прокуратура қылмыспен, әсіресе оның ұйымдасқан түрімен күресте еліміздің барлық құқық қорғау қуатын біріктіріп, мемлекеттік мүлікті жекешелендірудің заңдылығын, мемлекет иелігінен алу кезінде оны заңсыз қол сұғудан қорғауды ерекше бақылауына алды.

– Қазақстан прокуратурасын алғаш басқарған азаматтар кімдер еді?

– Қазақ жерінде 1922 жылы прокуратура алғаш құрылғанда бірінші Әділет халық комиссары әрі Республика прокуроры болған Шафхат Бекмұхамедовтің есімі ескерусіз қалмауға тиіс. Сонымен қатар Қазақ КСР-нің бірінші прокуроры Сүлеймен Есқараевтың есімі біз үшін қымбат.

Тәуелсіздік тарихына келсек, жаңа үлгідегі прокуратураны қалыптастыруға Қазақстанның Бас прокурорлары – Жармахан Тұяқбай, Мақсұт Нәрікбаев, Степан Шуткин, Юрий Хитрин, Рашид Түсіпбеков, Қайрат Мәми және басқалары ерен еңбек сіңірді.

Төл тарихымыздағы орны бөлек тұлға – Өтеген Сейітов. Келесі жылы Өтеген Сейітовтің 100 жылдық мерейтойын атап өтуді жоспарлап отырмыз. Бұл бастаманы ардагерлеріміз де қолдады.

Жалпы, ардагерлерімізге деген ықыласымыз шексіз. Қазір прокуратура ардагерлерінің жалпы саны 1 700-ден астам. Олар прокуратура органдарының ардагерлері одағын құрып, әлі күнге дейін жоғары қадағалаудың өрістеуінен қол үзген емес.

– Қазіргі кезде прокуратураның әлеуеті қандай?

– Бүгінге келсек, қадағалау потенциалы нығайды. Прокуратура халықаралық стандарттар негізінде дамып келеді. Бұл алдымен – тәуелсіздік принципі, қадағалау қызметіне араласуға жол бермеу. Басты назарымызда адам құқығын қорғау тұр. Прокуратураның басты бір функциясы – сотта мемлекеттік айыптауды қолдау, яғни сотта заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, кінәсі жоқ адамды қылмыстық жауапқа тартуға жол бермеу.

Тек соңғы екі жылда прокурорлардың бастамасымен соттарда 257 сотталған адамның жазасы қысқарды немесе жеңіл жазаға ауысып, 57 адам толық ақталды. Оның үстіне, халықаралық салаға үлкен көңіл бөлудеміз. Бұл бағыттағы негізгі жұмысымыз – басқа елде жасырынып жүрген қылмыскерлерді алдыру, шетелде жазасын өтеп жатқан азаматтарымызды елге қайтару, өзге мемлекеттерге қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету.

Осы мәселелер бойынша шетелдермен халықаралық шарттар жасау оң жолға қойылды. Бүгінде 34 елмен 72 халықаралық шартқа қол қойылды. Оның ішінде Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Бразилия сияқты ірі мемлекеттер бар. БҰҰ-ның қылмыспен күрес, адам құқықтарын қорғау туралы негізгі конвенцияларына қосылдық. Қазір Еуропа кеңесінің қылмыстық сот туралы конвенцияларына қосылуды қарастырып жатырмыз.

– Соңғы жылдары қылмыс­тық реформалау бағытында қандай өзгерістер бар? Жалпы, қылмыстық процестегі прокурордың рөлі қандай?

– Бүгінде қылмыстық процеске үш буынды модель енгізілді. Үлгі ретінде дамыған елдердің тәжірибесі алынды. Бұл біздің стратегиялық бағытымыз деп айтуға болады. Модельдің басты мақсаты – тергеу органдары, прокуратура және сот арасында құзыреттерді нақты бөлу.

Жаңа тәртіп қылмыстық процесте 2 жылдан бері қолданылып келеді. 2021 жылдан бері тергеудің негізгі шешімдері прокурор келісім берсе ғана заңды болып есептеледі. Нәтижесі жақсы. Тергеу кезінде заң бұзушылық азайды. 2 жылда прокурорлар 700 мыңнан астам шешімді бекітіп, 77 мың заңсыз шешімді қайтарды. Биылдан бастап тергеудің басты құжаты – айыптау актісін прокурор өзі жазып, бекітетін болды.

Қылмыстық саланы цифрландыру да біздің маңызды жетістігіміз. Бүгінде қылмыстық істердің 90 пайызы электронды түрде тергеледі. Бұл фальсификацияға жол бермейді. Ең бастысы, қылмыстық процестің жылдамдығы артты.

– Бас прокурормен сұхбаттасып отырып, Қаңтар оқиғасынан айналып өте алмаймыз. «Қасіретті қаңтарға» қатысты істерді тергеу қалай жүріп жатыр? Соттарда қанша іс қаралды? Кінәлі адамдарға қандай жаза тағайындалды?

– Қаңтар оқиғасы бойынша 5 мыңнан астам іс қозғалды. Көпшілігі сотқа жолданды. Бүгінде 1 мыңнан аса адамға сот үкімі шығарылды. Мәсімов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа басшыларына және бұрынғы Қорғаныс министрі Бектановқа қатысты істер қазір сот қарауында жатыр. Олар мемлекетке опасыздық, билікті асыра пайдалану бойынша айыпталуда.

Азаптау туралы ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының 29 қызметкерін тергеу аяқталды. Алматы қаласы, Алматы, Қызылорда облыстары ұлттық қауіпсіздік департаменттері, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшылары тергеу материалдарымен танысып жатыр.

– Берік Ноғайұлы, Қаңтар оқиғаларына қатысқан қанша адамға рақымшылық жасалады? Кімдер рақымшылыққа ілінбейді, оларға қандай талаптар қойылады?

– Әрине, қаңтарда еліміздің тәуелсіздігі, тұтастығы, ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнді. Осының бәріне қарамастан Президент батыл қадамға барып, жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыс жасағандарға рақымшылық беру туралы шешім қабылдады. Қазір амнистия жүріп жатыр.

Рақымшылық шамамен 1,5 мыңға жуық адамды қамтиды. Бүгінде олардың жартысына амнистия жасалды. Рақымшылық туралы заңның бірқатар ерекшелігі бар. Қылмыстық кодекстің рақымшылыққа жататын нақты баптары және кезеңі бекітілді. Олар – қаңтар айында болған қылмыстар. Сол күндері тәртіпсіздік жаппай орын алды.

Терроризм, экстремизм, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған, азаптаумен айыпталған адамдар, рецидивистер рақымшылыққа жатпайды. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылады. Соттылығы алынып тасталады. Ауыр қылмыстар бойынша жазаның төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар бойынша жартысы қысқарады. Түзету мекемесінен шыққандарға әлеуметтік, медициналық көмек, жұмысқа орналастыру сияқты қолдау көрсету көзделген.

– Көпшілікті қаңтарда ұсталғандарды азаптау мәсе­лесі тол­ған­дырып отыр. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Өздеріңізге белгілі болғандай, Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандарға қатысты азаптау фактілері туралы арыз-шағымдар көбейіп кетті. Әлеуметтік желілерде видеолар және түрлі жазбалар таратыла бастады.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы азаптау қылмыстарын прокуратура тергеуге тиіс деп тапсырма берді. Сондықтан жуырда Қылмыстық-процестік кодекске түзетулер жасалды. Келесі жылдан бастап азаптауды прокурорлар ғана тергейді.

Қазір Бас прокуратура азаптауды болдырмау үшін кешенді жұмыс атқарып жатыр. Арнайы топ құрылды. Олар изоляторларда, түзету орындарында азаптауға жол бермеу шараларын қолға алды. Бүгінде 23 жазаны өтеу мекемесінде толық бейне-бақылау енгізілді. Келесі жылы барлығы қамтылады. Қазір прокурорлар бейнекамераларды онлайн режімде қадағалап отыр.

– Мемлекет басшысы сізге Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияны басқаруды тапсырды. Құрылғанына алты айдан асқан комиссия жұмысының нәтижесі қалай?

– «Қасіретті қаңтарға» түрткі болған себептердің бірі – орасан экономикалық ресурстардың санаулы топтың қолында шоғыр­лануы. Сол себепті Президент олигополияға заңсыз өткен активтерді қайтару және болашақта оған жол бермеуді тапсырды. Мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен Ар­найы комиссия құрылып, оның жұмысын үйлестіру Бас прокуратураға жүктелді.

Комиссияның алдына елден заңсыз шығарылған қаражатты қайтару және заңсыз алынған экономикалық ресурстарды анықтау, оларды мемлекетке қайтару міндеті қойылды.

6 айда мемлекетке 630 млрд теңге қайтарылды. Оның 400 миллион доллары шетелден келді. Бұдан бөлек, прокурорлар 79 мың гектар жер учаскесін, 600 темір жолды мемлекет меншігіне қайтарды. Кеден саласында 57 миллиард теңге бюджетке түсті. Соттарға мүлікті мемлекетке қайтару туралы талап-арыздар берілді. Жалпы сомасы 13,5 миллиард теңге.

Бас прокурор ретінде Жоғарғы сотқа олигополия мүддесіне шығарылған сот шешімдеріне наразылық енгіздім. 17-сін Жоғарғы сот қолдады. Олар бойынша бюджетке 23 миллиард теңге қайтарылады.

26 қарашада Президент заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөнінде арнайы Жарлық қабылдады. Үкімет пен Бас прокуратураға келесі жылдың наурыз айына дейін тиісті заң жобасын әзірлеу және шетелдермен жүйелі іс-қимылды қамтамасыз ету тапсырылды. Ол үшін арнайы құрылымдық бөлімше жасақталу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жұмысты да абыроймен атқарамыз деп сенемін.

– Қазір мемлекет бизнесті қорғауға жеткілікті назар аударып отыр. Осы бағытта прокуратура қандай шаралар қолданады?

– Прокуратураның басты міндеттерінің бірі – кәсіпкерлер құқықтарын қорғау. Бизнеске қысым көрсетудің жолын кесу үшін бірқатар нақты қадам жасалды. Әсіресе қылмыстық салада. 2 қыркүйекте тергеу органдарына қылмыстық іс қозғау негіздерін шектейтін нұсқау жолдадым. Бизнеске қарсы қозғалған істі прокурор 24 сағат ішінде тексеруге міндетті. Егер заң бұзылса, іс бірден тоқтатылады.

Енді нәтижесіне тоқталсақ. Бұрын бір айда 150 іс тіркелетін. Нұсқау қабылданған соң бұл сан екі есе азайды. Соңғы екі ай ішінде прокурорлар 500-ге жуық қылмыстық істі тоқтатты. Жалпы, бизнесті қорғау мақсатында кешенді жұмыстар жасалуда. Кәсіпкерлерді тексеру 8 есе азайды. Барлық тексеру прокуратурада тіркеледі. Бұл жұмыстың бәрі автоматты жүйеде жасалады. Оның көмегімен жылына 1 мыңдай заңсыз тексеруді тіркеуге жол берілмейді.

«Қамқор» қосымшасы арқылы кәсіпкер тексеру барысын бақылай алады. Қандай мәселемен тексеруге келеді, тексеру қорытындысын, кімдер келеді – бәрін жүйеден көруге болады. Бұл инструменттерді әрі қарай жетілдіріп жатырмыз.

– Прокуратура күні қарсаңында әріптестеріңіздің күнделікті жұмысы туралы қысқаша айтып өтсеңіз…

– Прокурор жұмысы қажырлы еңбекті талап етеді. Әңгімеміздің басында айтып кеттім, қадағалау саласы жан-жақты. Адамдар прокурорға бар үмітін артып келеді. Сол үміт отын өшірмей, барынша көмектесу, қиын кезде демеу жасау – біздің ең басты міндетіміз.

Бір күнде жүздеген арыз-шағым түсіп жатады. Әсіресе қылмыстық сала бойынша мәселелер тез шешуді талап етеді. Өйткені адамның құқығын шектеуге жол бермеу – аса маңызды. Осы жауапты міндеттерді орындау үшін прокурор табанды, белсенді, білімді, алдына нақты мақсат қоя білетін, салиқалы әрі әділ, елмен тіл табысып жұмыс істей алатын, сындарлы жағдайда тез шешім қабылдай алатын қызметкер болуға тиіс.

Әріптестерім Отанымыздың өркендеуі үшін заңға адал қызмет етуді жалғастырып, қойылған міндеттерге аса жоғары кәсіби деңгейде қол жеткізеді деп сенемін. Төл мерекеміз құтты болсын!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.