24-02-21 | 17:48
ПУТИН БЕЛАРУССИЯДАН КЕЙІН ҚАЗАҚСТАНҒА ҚОЛ САЛА МА?.
ПУТИН БЕЛАРУССИЯДАН КЕЙІН ҚАЗАҚСТАНҒА ҚОЛ САЛА МА?

Күні кеше Путин мен Лукашенко Сочиде кездесіп, көптен бері тоқтап қалған интеграциялық байланысты күшейту бойынша келіссөз жүргізді. Кремльдің баспасөз қызметі күн тәртібінде «стратегиялық серіктестік пен одақтастық» негізінде Ресей-Беларуссия қатынастарын дамытуға назар аударылғанын жариялады. Интеграциялық байланысты күшейту дегеніміз Беларуссияны біржола Ресейге тәуелді ету емес пе? Егер Минск өз Тәуелсіздігінен айрылса, Кремльдің Қазақ еліне көз алартуы мүмкін бе?

Лукашенко жылдар бойы өзін Мәскеудің интеграциясына қарсы азамат ретінде көрсетуге тырысты. Алайда даулы президенттік сайлаудан кейін ол Путиннің қолдауының арқасында билігін сақтап қалды.

Сарапшы Қазыбек Бейсебаевтың айтуынша, Лукашенкода бағынудан басқа жол жоқ. Бірақ ол әлі де болса Ресейдің талаптарын орындағысы келмей отырған көрінеді.

«Лукашенко Путинмен бекерден бекер кездесуге келген жоқ. Ашығын айтсақ оның тағы шайқалып тұр. Бір жағынан халқы көшеге шығып наразылық білдіріп жатса, екінші жағынан экономикалық жағдайы да мәз емес. Бұрын Лукашенко «Ресеймен доспыз, одақтаспыз» деп алдап-арбап ақша алып жүрді. Ал қазір Ресей Беларуссияға «Өз уәдеңді орында» деп қатаң талап қойып отыр. Бір сөзбен айтқанда Лукашенконың жағдайы қиын. Ол билікте қалу үшін Ресейдің талаптарын орындауға мәжбүр болады. Кездесуде Путин «Сенің жағдайың қиын. Егер біздің талаптарды орындамасаң өзімізге ыңғайлы адамды қоямыз» деуі мүмкін. Өз өкілеттілігін береді. Басқа қайда барады? Беларуссияда басқа жол жоқ. Еуропа елдері «Биліктен кет» десе, Ресей «Біздің қол астымызға кір» деп қинап жатыр», – дейді ол.

Қазыбек Бейсебаев беларустың ұлтшыл жастары Ресейдің боданы болуға келіспейтінін айтады. Өйткені олар Кремльден қарағанда батыс елдерімен байланысты күшейткенді қалайтын көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, Минскінің Қазақ еліне қарағанда таңдауы бар. Әйтсе де Беларуссияның экономикасы Ресейге тәуелді болғандықтан батыспен ынтымақтастық орнатуы өте қиын.
Беларуссияның Кремльге тәуелді болуы Қазақстанға қалай әсер етеді? Сондай-ақ Мәскеу мен Минскінің арасындағы жағдайдан біздің билік қандай сабақ алуы керек?

«Ресей Беларуссияны біржола бағындырғаннан кейін Қазақ еліне назар аударады. Өйткені біздің Ресеймен 7591 шақырым шекарамыз бар. Кремль Қазақстанға «Сен бізбен боласыңдар ма, жоқ әлде Еуропа елдерімен бе?» деп нақты сұрақ қояды. Олардың бізге жасайтын түрлі қысымдары бар. Солардың ішінде әскери әрекетті айтпағанда экономикалық қысымының өзі бізге оңай соқпайды. Әрине, біздің Беларусиядан қарағанда жағдайымыз жаман емес.
Ал «Біздің билік қандай сабақ алу керек» деген сұраққа келер болсақ, біз еліміздің экономикасын көтеруіміз керек. Біз 30 жыл бойы ЭКСПО-2017 көрмесі мен ЛРТ сынды жобалардың құрылысына ақшаны шаштық. Соның салдарынан қазір қалт-құлт етіп отырмыз. Өйткені біздің мемлекет экономиканы көтеру үшін ештеңе істеген жоқ. Мәселен біз жақында қытайдан 1 млрд 300 млн евро қарыз алатын болдық. Кеше Қаржы министрі «Ақшамыз жетпейді. Тағы қарыз алуымыз керек» деп айтты. Қысқасы, үкімет Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қарыз алудан басқа ештеңе істеген жоқ», – дейді ол.

Біздің кейбір белгілі азаматтар «Еуразиялық одақтан шығуымыз керек» деп айтып жатады. Шын мәнісінде біздің одақтан шығуымыз мүмкін бе?

– Еуразия экономикалық одағының ең басты шарты Ресеймен ынтымақтастықты күшейту болып саналады. Біздің экономикамыз Беларуссиядан бұрын Ресеймен тығыз байланысты. Шын мәнісінде одақтан шығу – Ресеймен қарым-қатынасты үзу деген сөз. Бұл мүмкін бе? Мүмкін емес. Біздің кейбір сарапшыларымыз «Одақтан шығу керек» деп айтып жатады. Одақтың аты Еуразия деп аталғанымен шын мәнісінде бұл Ресеймен ынтымақтастық. Ал одақтан шығу Ресеймен ынтымақтастықты тоқтату болып саналады. Бұл тап қазіргі жағдайда мүмкін емес. Шекарамыз ортақ әрі экономикалық жағдайымыз тәуелді болғандықтан Ресеймен байланысты үзе алмаймыз. Мәселен, біздің мұнайымыз Ресей арқылы сатылып жатыр. Егер одақтан шықсақ Ресей көлік транзитінің бағасын көтеріп жібереді. Біз бір күннің ішінде Ресейдің орнына кімді табамыз?

Мұның сыртында әскери қысым көрсетуі мүмкін дейсіз ғой…

– Бізге ұнай ма, ұнамай ма, біздің жағдайымыз осылай. Жалпы халықаралық саясатта ұнай ма, ұнамай ма деген мәселе жоқ. Тек қана мүдде бар. Ресеймен көрші тұрғандықтан басқа жаққа көшіп кете алмаймыз. Төле би «Көршіңмен, әсіресе орыспен тату тұр» деп айтқан.

Одақтан шығамыз деген азаматтарда қандай альтернатива бар? Біздің таңдау мүмкіндігіміз болуы үшін экономикамызды дамытуымыз керек еді. Біз темір жол тұрмақ қарапайым жол салған жоқпыз. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздігімізді өзіміз қолдан беріп отырмыз.

Еліміздің Өзбекстан секілді одаққа кірмей қоюға мүмкіндігі бар ма еді?

– Жоқ. Өзбекстан Ресеймен шекараласпайды. Тек олардың азаматтары Ресейге барып жұмыс істейді.

Біздің Ресейге тәуелділігіміз Назарбаев билікте ұзақ отырғаны үшін артқан шығар. Егер бізде жүйелі билік ауысып отыратын болса, Кремлге тап қазіргідей тәуелді болмас па едік?

– Ол да мүмкін шығар. Алайда 7 мың шақырым ортақ шекара болғандықтан ешқайда қаша алмайсыз. Қайталап айтамын Еуразиялық одақ деген Ресеймен ынтымақтастық.

Бірақ одақ аясында Қазақ елі экономикалық тұрғыдан зиян шегіп жатыр ғой…

– Кезінде тұңғыш президент «Бізде 17 млн халық болса, одақ аясында 170 млн халыққа тауар өткізесіңдер. Осы мүмкіндікті пайдаланыңдар» деп айтты. Мәскеуде Еуразиялық коммисия деген үкімет бар. Ондағы еліміздің өкілдері Қазақстанның мүддесін қорғап жатыр ма? Мәселен біз неге оңтүстік өңірдегі көкөністерімізді Ресейге апарып сата алмай отырмыз?

Біздің көп азаматтарымыз «Ресей мен Қытай нашар» деп кінәлап жатады. Шын мәнісінде проблеманың бәрі өзіміздің билікте отырған азаматтарда. Біздің басшылар Тәуелсіздікті нығайту үшін ештеңе істеген жоқ.

Сарапшы Ресей мен Белорусь арасындағы қатынастан туындайтын Қазақстанның жағдайы жайлы ойын осылай түйіндеді.

Серік Жолдасбай

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.