10-11-20 | 16:12
Қарабақ бітіміне қатысты сарапшылар пікірі қандай?.
Қарабақ бітіміне қатысты сарапшылар пікірі қандай?

Бүгін Ресей, Армения және Әзербайжан басшыларының Таулы Қарабақ өңіріндегі соғысты тоқтату жөніндегі тоқтамға келгені белгілі. Осыған байланысты Қазақстан сарапшыларының әлеуметтік желідегі парақшаларына жариялаған ойларын ұсынамыз.

Мұхтар Тайжан, саясаттанушы, қоғам қайраткері: 
– Әділдік мықты болуы тиіс. Тек әскери күш қана Арменияны Қарабақтан кетуге және Қарабақтағы оккупацияланған Әзербайжанның барлық 7 ауданын босатуға мәжбүрледі. Көлік дәліздеріне тек Ресейдің ғана емес, түріктің де бітімгерлік әскері қойылады! Осыдан 30 жыл бұрын үйлерінен қуылған Қарабақтың әзербайжандары өз жеріне оралады. Біз үшін ең бастысы – геосаяси жетістік: Армения Әзербайжанға бұрын тұйық анклав болған Нахичеваннан көлік дәлізін беруге міндеттелді. Осылайша Түркия басқа түркі тілді халықтармен Нахичеван дәлізімен Баку, Кавказ және Каспий арқылы байланысады. РФ бұл шарттармен келісіп отыр.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы: 
– Қыркүйекте мен әзербайжандық Trend ақпараттық агенттігіне берген сұхбатымда посткеңестік кеңістікте түркі тілді альянстың күшейіп келе жатқаны жөнінде айтқан едім. Кавказдағы соңғы оқиғалар осы тұжырымды растады.

Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломат, саясаттанушы:
-Әзербайжан, дәлірек айтқанда Әзербайжан әскері Ереванды осыған дейін қойылған шарттарды мойындауға мәжбүрледі. Әлбетте, бұл іс Мәскеусіз шешілмес еді. Бірақ Түркияның да маңызды роль атқарғанын айта кету керек. Ең бастысы – бейбітшілік, ол кез-келген соғыстан артық. Енді Таулы Қарабақтың өркендеп, дамығанын қалар едік. Біз үшін Әзербайжан мен Нахичеван арасындағы дәліз жөніндегі келісімнің маңызы зор, ол Түркиямен сауда жасайтын жаңа көлік жолын ашады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.