11-11-20 | 22:54
Қарабақ: Мұндай бітімгерліктің қажеті бар ма? Қазаққа да абай болу керек.
Қарабақ: Мұндай бітімгерліктің қажеті бар ма?  Қазаққа да абай болу керек

Журналист Амангелді Құрметұлы Қарабақ соғысының тоқтап, Әзербайжан мен Армения арасындағы бітімге ой көзін жүгіртіп, жағдайда сараптап жазба жариялады. Жазбада әдепкі жұрт астарына бара бермейтін көптеген көзге көрінбейтін бірақ маңызды мәселелер сөз болады.

***

Сонымен Таулы Қарабақты қайтарып алуға байланысты жеңісті тойлап болсақ, енді біраз ойланайық. Әрине бірінші кезекте Әзербайжан халқын тарихи жеңісімен құттықтаймын. Содан соң, кейінгі оқиғаларды талдайық. Алдымен тым ұзақ пост екенін ескертемін.
Сонымен …

Менің пайымдауымша, Арменияда Ресей тікұшағының атып түсірілгені Таулы Қарабақтағы жағдайды күрт өзгертті. Меніңше тікұшақ оқиғасы ресми Баку мен Мәскеудің арасында жасырын келісім болғанын немесе Ресейдің Әзербайжанға қатты қысым жасағанын көрсетеді. Өйткені соғысты тоқтату туралы келісімге Таулы Қарабақтағы жеңісті жорыққа орасан зор үлес қосып, Әзербайжанды ашық жақтаған Түркия қатыстырылмады. Ал біраз бұрын бітімгер әскерлер ретінде Түркия мен Ресей жасақтарының Таулы Қарабақта болатыны айтылған еді. Оны Илхам Әлиевтің өзі айтқан. Енді ол жоқ. Рас Түркия Әзербайжанның аумақтық тұтастығын әрқашан қолдап, дипломатияда да, майданда да жақтасатынын айтты. Бірақ енді бауырлас екі-елдің берекесі дәл өткен бір айдағыдай бола ма, жоқ па, оны ашып айту қиын. Себебі Анкараның Кавказда ықпал ету аймағын қалыптастырмақ болған саясаты жартылай ғана орындалды. Баку түріктердің емес, орыстардың ойынын ойнауға мәжбүр болды. Ал «тікұшақ оқиғасына» келсек оны ұйымдастырған Әзербайжандағы проресейлік күштер, соның ішінде әскерилер болуы әбден мүмкін. Олар Нахчываннан зымыран атты да, Илхам Әлиевті В.Путиннің талаптарына көнуге мәжбүрлеген сыңайлы. Сөйтіп түріктер бітімгер ретінде келмейтін болды. Әйтпесе жеңімпаз әскердің Ханкендіне жетіп баруына, Хожалыны алуына мүмкіндік бар еді.

Екіншіден, Ресей өңірдегі оқиғаларды өз пайдасына шешуге ұзақ дайындалған тәрізді. Әрі саяси шешім әлдеқашан қабылданып қойғаны белгілі болды. Әйтпесе мыңнан астам әскер, жүздеген техниканы бітімгер ретінде бірден аттандырып жіберу қолайлы бола қоймас еді. Кемі бір күндік даярлық қажет шығар. Ал олар бірер сағатта алғашқы ұшақтарды жіберді. Тіпті келіссөздер басталмастан бұрын Ил-76 лар ұшып шыққан болса таң қалмаймын. Бұл дегеніңіз біз қанша әлсіреді дегенімізбен теріскейдегі көршінің аймақтағы ықпалынан айырылмау үшін барын салып жатқанын көрсетеді. Мәскеу үшін халықтың аш жалаңаш жүргені, жолдар мен инфрақұрылымдардың қирағаны, дамудың тежелгені маңызды болмай тұр. Олар маңайдағы елдерді ықпалында ұстау үшін барын салатынын көрдік. Демек қазаққа да абай болу керек.

Үшіншіден, алдын ала келісім болғанының белгісі – Нахчыван жақтан коридор ашу туралы уағда. Армения жеңіліп жатқанымен ол өңірмен коридор ашуға өлсе де келіспеуіне болар еді. Де-юре Нахчыван мен «континенталды» Әзербайжанның арасындағы аудан Арменияның жері. БҰҰ да мойындалған аймақ. Олар болса аталған жерден коридор ашуға келісті. Оның үстіне қазанның соңына қарай Әлиев француздың «Фигаро» газетіне берген сұхбатында Нахчыванға баратын дәліз ашу үшін Армениямен келісуге әзір екенін айтқан-мыс. (Өзім французша білмегендіктен өзгелердің «тәпсіріне» сүйеніп жазып отырмын) Егер ондай әңгіме айтылғаны рас болса Бакудің соғыспен қатар келіссөздерді ұзақ уақыт жүргізгені белгілі болады. Тіпті мұндай келісімдер жайлы түріктер білмеген болуы да ғажап емес. Бәлкім әзербайжандар тек түріктердің қолдауымен жеңіске жетер болса «бір халық, екі мемлекет» ұран «бір халық –бір мемлекетке» алмасып кетер деп сескенді ме, кім білсін?! Түрікті «аға» тұтқысы келмеген шығар бәлкім, ол жағы маған беймәлім. Әйтеуір Таулы Қарабақтағы дипломатиялық майданда түріктер ұтылып қалды. Әзербайжандар жартылай ұтты. Өйткені келісімдердің детальдарына қатысты көкейімде әлі күмән тұр. Тіпті Муровдағ жоталарына «шығып» алған 1 ші армиялық корпустың неге батыл қимылдамағанын түсіне алмап едім. Енді картина айқындала бастаған сыңайлы. Шамасы Нахчыван жақтан коридор ашу үшін Баку Муровдағтың етегінен белгілі бір аймақтарды беруге қарсы болмаған сыңайлы. Бәлкім тура солай жасауға Мәскеу көндіруге тырысты ма, кім білсін?! Әйтеу «қызық» келісім болды.

Ал келісімнің өзіне келсек, оның өзінде де ашық емес, кейін қосымша келіссөздерді талап ететін бірқатар мәселе бар. Ең алдымен ресми түрде Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасының соғыспағанын ескеру керек. Баку сеператистерге қарсы ұрыс салды. Ал келісім Армениямен жасалды. Әрине бұл жерде де-факто мәселесі рөл ойнағаны анық, бірақ де-юре қос мемлекет соғысқан жоқ. Дегенмен сеператистермен келісім жасамас үшін Баку Ереван билеушілерімен сөйлесуге мәжбүр болды. Сеператистермен келісім жасалған жағдайда, оларды жартылоай мойындау болар еді. Алайда Баку «біз Армениямен соғыстық па, олардың не шаруасы бар?» деп біраз қасарысуына болмас па еді деп ойлап қоямын. Алайда келісмінің бірінші пунктіне 5 деген баға қоюға мәжбүрмін. Өйткені онда «оқ атуды» емес, «соғысты тоқтау» туралы шарт бар. Маңыздысы сол.

Екінші тармақта армяндар иеленіп отырған Ағдам ауданы мен Газах ауданының дұшпан басып алған жерлері 20 қарашаға дейін қайтарылатыны айтылған. Енді сұрақ? Таулы Қарабақтың солтүстік шығысындағы бұл ауданды неге 40 күн ішінде әскердің күшімен азат етуге болмады? Тағы айтамын, 1 ші армиялық корпус не істеді сонда? Неге шығыстағы күштер оңтүстіктегі 2 ші корпус тәрізді батыл қимыл жасамады? Енді келіп бұл аймақтар келісімшарт арқылы қайтарылатын болды. Ал «түркілер майданда мықты болғанымен, келіссөз үстелінде әлсіз» екенін ұмытпау керек еді. Айтпақшы әйтеу келісім жасалған екен 1992 жылы армяндар басып алған Кярки ауылын қайтару жайлы да сөз болуы тиіс еді. Ол туралы ләм-мим. Ал Кярки Нахчыван жақта.

Үшінші тармақта «вдоль линий соприкосновения в Нагорном Карабахе» деген сөйлем бар. Бұл не сонда? Азат болды деген Таулы Қарабақтың өзінде «жанасатын нүктелер» қалғаны ма? Меніңше бұл Нахчыван коридорымен айырбас үшін біраз аумақ берілгенін көрсететін сияқты. Әйтпесе «Армения мен Таулы Қарабақ шекарасында бітімгерлер болады» деп жазылуы тиіс еді. Одан бөлек Ресей бітімгерлерінің штабы Ханкендінде орналасатыны айтылған. Тағы басқа шарттар да баршылық.

Ал ең қызығы 6 тармақ болып тұр. Онда «Республика Армения до 15 ноября 2020 года возвращает Азербайджанской Республике Кельбаджарский район, а до 1 декабря 2020 года – Лачинский район, оставляя при этом за собой Лачинский коридор (шириной 5 км), который будет обеспечивать связь Нагорного Карабаха с Арменией и при этом не будет затрагивать город Шуша» делінген. Әсіресе «обеспечивать связь Нагорного Карабаха с Арменией» деген сөйлем ұнамай тұр. Сонда Таулы Қарабақ толық қайтарылған болса, Армениямен арада коридор жасаудың қаншалықты қажеті бар. Арнайы байланыс құрудың не керегі бар? Туған жерлеріне оралғысы келгендерді және Арменияға көшкісі келетіндерді шекарада тұрған бітімгерлер-ақ бақылауына болар еді ғой. Келісімде бітімгерлердің шекарада тұрмайтын байқалады. Ханкендімен Арменияны жалғастыратын коридорда тұратын тәрізді. Кельбаджар мен Лашын аудандары қайтарылса Әзербайжан әскері шекараны өзі күзетуі тиіс болады. Әрине бұл жағдай келісімде айтылмаған. Бірақ солай болуы тиіс. Онда орыс бітімгерлері Әзербайжан шекарашыларының тылында қалады. Мұндай бітімгерліктің қажеті бар ма?

Амангелді Құрметұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.