14-11-20 | 17:07
Қарабақ соғысы: «Досымның әке-шешесі өлді, үш баласы өздері қалды».
Қарабақ соғысы: «Досымның әке-шешесі өлді, үш баласы өздері қалды»

Әзербайжанның Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен бір топ журналистер мен қоғам белсенділері Әзербайжанға арнайы барды.

Жақында ғана Әзербайжан мен Армения арасында қарулы қақтығыс болып, екі ел арасында Таулы Қарабақ мәселесі әрең шешімін тапқан болатын. Қазақстандық делегация осы Таулы Қарабақ өңірінде болып, соғыс оты тұтанған өлкені өз көздерімен көріп жүр.

Олар алғашқы күні екі мәрте бомбаланған, 27 адам қаза тапқан Гәнжәда болды.

Дәл мына жерде 10 адамның тізімі тұр. Бомбаның түскен жері кісі бойы қол созым ор боп қазылып қалған. Жан-жағының сау тамтығы қалмаған, быт-шыт. Он – он екі жастағы екі ұл үйінділер үстінде ойнап жүр екен. Сөзге тартқам, «мында қаза тапқан кісілерді танисыңдар ма» деген сауалыма «досымның әке-шешесі өлді, үш баласы өздері қалды» деген жауап алдым – дейді журналист Алмас Алтай.

Әзербайжан астанасында жүрген әріптестеріміз сол жердегі жергілікті modern.az медиатобының кеңсесінде болды.

Құрамында екі сайт пен бір телеарна бар бұл құрылым соғыс басталған 27 қыркүйектен бері 24 сағат бойы үздіксіз хабар таратқан.

Мен бірінші Қарабақ соғысының ардагерімін. Ол соғыстан нәтиже шықпаған. Ал, мынау соғыста бізді Құдай қолдады, жеңдік. Әзірбайжан әскерінің аяғын сүюге әзірмін. Олар қан кешіп жүргенде біз ұйықтап жатсақ несі әділет? – дейді modern.az директоры Елшат Эйвазлы.

Құрамында Алмас Алтай, Самат Нұртаза, Қуаныш Еділхан қатарлы журналистер мен қоғам белсенділері бар бір топ жерлесіміз Шамахы қаласының әкімі Тагир Маммадовпен кездесті.

Тагир Маммадов – Бакуға 120 шақырым жердегі Шамахы қаласының әкімі. Қарабақтың тумасы, армян басқыншылары қуып шыққан мыңдаған босқынның бірі.

Ұлдарыма жиі айтам: Голливуд ежелгі грек тарихына неге көп кино түсіреді? Ал, дәл сондай терең тарих, жауынгер жұрт, кең өлке – Көк Түрктер жайлы неге бір фильм жоқ? Өйткені, грек болған, өркендеген, күйреген, жойылған жұрт. Олардан әлемге келіп кетер ештеңе жоқ. Ал, Түркі әлі тұтас, әлі қаһарлы, әлі барақатты жұрт. Олар жайлы үлкен картина түсіру әлі қауіпті. Олардың қаны әлі ыстық, рухы әлі асқақ… Осы тұтастықтан жан-жағымыздың бәрі қорқады – дейді Тагир Маммадов.

Қарабақта жалпы 7 аудан бар. Армения мен Әзербайжан арасы осы жеті ауданға бола жыртылды. Шын мәнісінде Таулы Қарабақ түгелдей Әзербайжанға қарасты. Бұл БҰҰ-ның бекіткен қарары. Ал Армения «күштінің арты диірмен тартады» деп зорлық жасағысы келді.

Баку көшелерінде туға деген құрмет ерекше. Үйлердің балкондарында, машиналардың артында немесе жалауша қадап алған көліктер, баннерлер, тіпті екі көшенің ортасына көлденең керіп қойған транспаранттар жеткілікті. Осындайды көргенде еріксіз өз еліңмен салыстырады екенсің. Оны айтудың өзі ұят. Әлгі балконына ту іліп, сол үшін айыппұл төлеген азаматымызға үкімет айыппұлын қайтарып кешірім сұрағаны дұрыс шығар – дейді Қуаныш Еділхан.

Нәджаф Шикаров – Әзірбайжан әскерінің капитаны, Шуша қаласы алынарда ерлікпен қаза тапқан боздақ. «Оғы бітіп қалыпты, құлынымның… Әскер бетпе-бет келіп, әр метр жер үшін қидаласқан қойын-қолтық ұрыс басталған көрінеді. Сол жерде жан беріпті. Үш жерден оқ тиген, пышақтың да жарақаты бар… 85 жылы туған еді, күні кеше секілді еді. Екі қызы қалды артында… Баладан айырылуды Алла ешкімнің басына бермесін. Бірақ, менің дәтіме қуат – Ұлым Әзірбайжанның жерін қорғап өлді. Абыроймен өлді. Жігітше өлді. Құдай біледі анығын, менің ойымша Нәджаф өлер сәтте титтей де өкінген жоқ!!!” Гәнжәдағы қираған үйдің үйіндісі жанындағы сезімдерден де терең еді кеше кешкен сезімдер – дейді Алмас Алтай.

Әріптестеріміздің Әзербайжандағы сапары жайлы өздері елге оралған соң да толығырақ мәлімет беретін боламыз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.