Біз
әлеуметтік
желіде
05-03-25 |
90 рет қаралған
Қаржы пирамидаларынан сақ болыңыз!.
Қаржы пирамидаларынан сақ болыңыз!

Қаржы пирамидалары бұрын да болған, қазір де бар. Мұндай күмәнді ұйымдардың жоғалып кетпей, елді алдап ақша табуына түрткі болып отырған – азаматтардың өздері. Құқықтық, қаржылық сауаттың кемдігі қаржы пирамидаларының ғұмырын ұзартып, табысын еселеуде.

Қаржы пирамидаларын құратындар осал адамдар емес. Қылмыстық топқа біріккендердің қаржылық білімімен қоса, азаматтарды арбайтын, психологиясындағы әлсіздікті тап басатын сұңғылалығы басым. Содан болар мұндай топтардың қармағына түсетіндер арасында жеңіл жолмен тез баюды, еңбексіз-ақ ақшасын еселеуді қалайтындар көп. Есіл-дерті оңай баю болған азаматтарды өзгелердің ақылы, жақындарының жанашырлығы тоқтата алмайды. Сондықтан мемлекет тарапынан қаржы пирамидаларын тез анықтап, қылмыскерлер қақпанына түсетіндерді сақтандыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Осындай жұмыстардың ең пәрмендісі – ақпараттық насихат жұмыстары екені белгілі.

Қаржы мониторингі агенттігі жыл сайын Қаржы пирамидасы ретінде күдікке ілінген, сондай-ақ сот үкімдері шыққан ұйымдардың тізбесін тұрақты жариялауды дәстүрге айналдырған. Бұл тізімді ашық дереккөздерден оңай табуға болады. Агенттіктің кейінгі уақытта халық үшін пайдалы, салмақты жұмыстар атқарғанын айта кеткен орынды. Тек соңғы жылдары 22 қаржы пирамидасы анықталған. Осы күмәнді ұйымдар қызметіне шектеу қою мақсатында агенттік 4 мыңға жуық сайт пен аккаунтты бұғаттағанын да айта кеткен орынды. Өйткені кейінгі кезде азаматтардың ақпаратты ғаламтордан алатынын, интернетке көп көңіл бөлетінін білетін қылмыскерлер қаржы пирамидаларын сайттар мен аккаунттар арқылы жарнамалап, азаматтарды өзіне тартуда.

          Өздерінің қаржылық сауатын үнемі жетілдіріп отырмағандықтан, азаматтар кейде қаржы пирамидаларын жарнамалап, насихаттап отырғанын білмейтін де кезі болады. Сондықтан, агенттік желі қолданушыларының жазбаларын жіті бақылап, былтырғы жылдың өзінде 52 мың интернет пайдаланушыға қаржы пирамидаларының белгілері бар ақпаратты таратпау жөнінде ескерту жіберді.

          Ендігі жерде қаржылық пирамидалардың қақпанына түспеудің нақты алгоритмі бар. Оны Қазақстанның Қаржы мониторингі агенттігі арнайы жасап отыр. Осыны басшылыққа ала отырып азаматтар өздері қызыққан ұйымдар туралы агенттікке сұрау салып, белгілі бір компанияны қаржы пирамидаларының белгілеріне тексерте алады. Мәселен былтырғы жылы осы сервистің көмегіне жүгінген 3511 азамат өз сауалына жауап алған. Мұндай анықтамалық халықтың қаржы пирамидаларына ақшасын салып, алдануына жол бермейді.

          Сонымен бірге, қаржы пирамидалары жұмысын жүйелеп, күш алмас үшін еліміз бойынша бірыңғай байланыс орталығы құрылып, жұмыс істейді. Өзі немесе жақыны күмәнді ұйымға қаржы салған азаматтар осы орталыққа шұғыл қоңырау шалып, көмек ала алады.

          Бұған қоса, елімізде қаржылық алаяқтар көбеймес үшін құзырлы органдар тарапынан ақпараттық түсіндіру, қаржылық сауаттандыру жұмыстары бір сәт те тоқтамауы тиіс. Қарапайым халық қаржы пирамидасы мен заңды қаржылық ұйымдарды айыра білуі керек. Өйткені, тәжірибе көрсетіп отырғандай қаржы пирамидасының іс-әрекеті желілік маркетингке өте ұқсас.  Айталық қазір Қазақстанда кең етек жайған косметикалық, емдік өнімдерді сатумен айналысатын Avon, Oriflame, NL, Amway секілді компанияларда соңыңыздан неғұрлым көп адам ертіп, неғұрлым көп тауар сатып алған сайын табысыңыз өседі. Соңдарынан жақындары мен таныстарын ілестіріп, белгілі бір өнімдерді өте үлкен белсенділікпен сатып, табысын еселеген отандастарымыз аз емес.

Ал пирамиданың ерекшелігі – онда тауар сатудың, еңбектенудің қажеті жоқ. Мұнда аз ақша құйып, үлкен үстемемен пайда табуға болатыны жарнамаланады. Компанияның басында тұрғандар өзінен кейін кіргендер есебінен қаржы табады. Яғни, компанияға қосымша ақша құйып қатарға қосылатын жаңа мүшелер көбейген сайын, пирамида басында тұрғандардың табысы артады. Ең өкініштісі, қайтсем де пайда табамын деп таныстарын соңынан ерткен азаматтарды өзінен кейінгілердің тағдыры алаңдатпайды. Олар тіпті біреуді алдап тұрмын, біреудің ақысын жеп тұрмын деп те ойланбауы мүмкін.

Осыған орай қаржылық пирамиданың негізгі белгілерін нақтылап, ол бойынша ақпарат беру маңызды. Алаяқтар шоғырланған ұйымдардың бірнеше белгісі бар. Ең алғашқы белгі – қаржы пирамидасын құрғандар ұсынатын пайыздық мөлшерлеме өте жоғары болады. Оның жоғары екеніне еліміздегі банктер ұсынатын пайыздық мөлшерлемемен салыстыру арқылы көз жеткізе аласыз. Мысалы бізде депозитке қосылатын ай сайынғы мөлшерлеме 14 пайыздан жоғары болмайды. Ал қаржы пирамидалары адамдарды көбірек қақпанына түсіру үшін 50, кейде 100 пайыздық қосымша пайда ұсынып жатады. Осындай жалған жарнамаға сеніп қап, қорыңыздағы бар ақшаны алаяқтардың қолына ұстатып жібергіңіз келмесе, қаржылық салымдардың пайдасын сараптап алған дұрыс.

Екінші белгі – қаржы пирамидаларында арнайы құжат болмайды. Егер өз қызметін ұсынған компаниялардан қаражат жинауға лицензиясының бар-жоғын сұраңыз, жалтарма жауап аларыңыз анық. Өйткені, қаржы жинау, пайыздық мөлшерлеме беру, несие ұсыну сияқты қызметті тек заңды негізде атқару керек. Ол үшін құзырлы органдардың лицензиясын алу маңызды. Ал мұндай лицензияны алмай тұрып, ақшаны тиімді сақтап, көбейтіп береміз, үстемеақымен қарыз береміз дегендердің әрекеттері толық заңсыз.

Үшінші белгі – қаржы пирамидаларының жарнамасы жер жарып, уәдесі көңілден шығып тұрғанымен, іске келгенде алыпқашпа әрекеті басым. Олар барлық жұмысын артық құжатсыз, келісімшартсыз, қол қоймай жүргізуге әуес. Белгілі бір сілтемелер бойынша тіркелу, қол қою алаяққа алданудың бір белгісі. Сондықтан, қандай қаржыны берсеңіз де, оны келісімшартпен бекітіп, құжаттап алған абзал.

Төртінші белгі – жұмысын жасырын жүргізетіндіктен, қаржы пирамидаларына қаржыны банктік картадан аудара алмайды. Ол үшін жасырын схемаларға арнайы жасалған платформалар арқылы шот ашу қажет болады. Соның өзіне кез келген картадан немесе кез келген валютадан ақша салынбайды. Ақша салғаннан кейін ешқандай чектің берілмеуі де азаматтардың күмәнін туғызып, алаяққа алданудан сақтандыратын жайт. Мұндай жағдайда қаржы пирамидасына ақша салғаныңызды дәлелдеудің өзі қиын. Дәлел болмаған соң сіздің шағымыңызды ешқандай құзырлы орын қабылдамайды. Соның кесірінен түптеп келгенде қаржыңыздың қайтпайтыны түсінікті. Сондықтан, қаржыңызды көбейтемін деп барыңыздан айырылып қалмағаныңыз жөн.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.