Қазіргі биліктен Алаш автономиясы әлдеқайда тәуелсіз болған.
Қазіргі биліктен Алаш автономиясы әлдеқайда тәуелсіз болған

Бүгін Ұлт көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туған күні. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен бірге Ұлт көсемінің 155 жылдығы қатар аталып өтілетінін айтты. Алайда Ұлт көсемін ұлықтау Сталинді мақтаған Жамбыл Жабаевтың тасасында қалатыны анық.

Кеңес үкіметі 70 жыл бойы Әлихан Нұрмұхмедұлы бастаған алаш арыстарының атын ататқан жоқ. Өкінішке қарай Тәуелсіздік алғаннан кейін де билік тарапынан алаш арыстарын насихаттауға дұрыс көңіл бөлінбеді. Сондықтан биыл да керемет іс-шаралар ұйымдастырылады дегенге сенім аз. Себебі қазіргі кезде Әлиханның 155 жылдығынан қарағанда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы артық болып тұр.
Әрине жыр алыбына ешқандай қарсылығымыз жоқ. Бірақ алаш арыстарын атып, қазақты қасақана аштыққа душар еткен Сталинді мақтаған Жамбыл Жабаевты ұлықтау қаншалықты әділетті?

Алашты айыптау орынды ма?

Жуырда әлеуметтік желіде ардагер журналист Мырзан Кенжебай «Әлихан Тәуелсіздікті емес, бар болғаны автономиялы мемлекетті көксеген» деп пікір жазды. Мырзан Кенжебайдан басқа азаматтар да осындай пікір білдіріп жатады.

Шын мәнінде қазіргі Қазақ елінен Алаш автономиясы әлдеқайда Тәуелсіз болған.
Әлихан Бөкейхан Ресей демократиялық ел болса, автономиялы мемлекет болып уақытша тұруды көздеген. Себебі ол кезде қазақ халқының 90 пайызға жуығы сауатсыз болатын. Мұндай жағдайда бірден Тәуелсіз мемлекет болып кету күрделі екені белгілі.
Алайда Алаш орда үкіметі мен Алаш автономиясының ұстанымы биыл Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатқан қазіргі Үкіметтен әлдеқайда қуатты болды. Бұған алаштың бес бірдей ұстанымы дәлел бола алады. Бұл ұстанымдарды белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай жариялағанын айтып өткен жөн.

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейханның ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді». Яғни, жер – Отан, aл Отанды сатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды.
Ал қазір биліктің жерге байланысты ұстанымы қандай?
Үкімет 2000 жылдан бері «жерді шет елдіктерге жалға береміз» деп жанығып жүр емес пе? «Жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді» деп айтқан Алаш орда Үкіметі тәуелсіз бе, жоқ әлде қазіргі біздің Қазақстан ба?

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейханның айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Қазіргі кезде Менделеев кестесіндегі байлық сіз бен бізге бұйырып отыр ма? Неге Тәуелсіздігіне 30 жыл болған бүгінгі билік «Әрбір түйір тас әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек» деп айтып, тап солай саясат жүргізбейді? Кім тәуелсіз? Алаш орда ма, жоқ әлде қазіргі Қазақ елі ме?

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейханның жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс.
Қазір біз өзімізді экономикалық тұрғыдан толық тәуелсізбіз деп айта аламыз ба? Үкімет жыл сайын Қытай мен өзге де елдерден қарыз алып жатқан кезде бұлай айта алмасымыз анық.

Төртінші ұстаным: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Халел Досмұхамедұлының пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын.  Алаш арыстары «Тіл үстемдігі болуы керек» десе, біздің билік әлі күнге дейін Кремьлге жалтақтап, Ата заңдағы Тіл туралы заңның 7-бабының 2-тармағын алып тастай алмай отыр. Аталған тармақта «Орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған болатын. Сіздің ойыңызша кім тәуелсіз? Алаш орда үкіметі ме, жоқ әлде қазіргі билік пе?

Дін туралы да көп нәрсе айтуға болады. Отыз жыл бойы көпдінділікті насихаттап келдік. Ал Парсы патшасы Дари «Мемлекет баянды болуы үшін тіл және дін үстемдігі болуы керек» деп айтқан екен. Бұл аз десеңіз қазіргі кезде исламның салафизм бағыты мемлекетке қауіп төндіруде. Ашығын айтсақ, салафизм фашизмнен де қауіпті болып тұр. Гитлер қанша қанішер болса да, Германияның экономикасын көтеріп, неміс халқын аяққа тұрғызды. Еліміздегі салафиттер мемлекетімізді өркениетті елдің қатарына қоса ма, жоқ әлде мемлекетімізді екінші Ауғанстанға айналдыра ма?

Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. Егер біз 1920 жылы Тәуелсіздігімізден айырылып қалмағанда Жапония, ең кем дегенде Оңтүстік Корея сияқты дамыған мемлекетке айналар едік. Аталған елдерде жер асты байлығы мүлде жоқ деуге келеді. Ал біздің елде Менделеев кестесіндегі барлық қазба байлықтары бар.

Серік Жолдасбай

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.