Қазақстан билігі Қырғызстандағы жағдайдан сабақ ала ма?.
Қазақстан билігі Қырғызстандағы жағдайдан сабақ ала ма?

Көршілес Қырғызстанда парламент сайлауынан кейін тұтанған аласапыран бүкіл әлемнің назарын өзіне аудартты. Қазанның 5-нен басталған оқиғаларды бұқаралық ақпарат құралдары «саяси дағдарыс» немесе «үшінші революция» деп атады. Әу баста демократиялық сипат алған наразылық акциялары кейін түрлі саяси күштердің тартысына айналды. Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев өзінің facebook-тегі парақшасында қырғыз оқиғаларына байланысты мынандай пікір жазды: «Бұл ел түрлі саяси тәжірибелер жасалатын зертхана тәрізді, тек сол зерттеулердің нәтижесі оқыс, қарама-қайшы және қызық болып жатады. Өйткені Орталық Азиядағы кішкентай мемлекет мұның бәрін алғаш рет жасап отыр. Екі революция, елден қашып кеткен бірнеше президент, парламенттік республика құруға деген талпыныстар» ​ ​ ​ ​
Посткеңестік елдердегі халықтың санасы оянып, шынайы демократияға біртіндеп бет бұра бастағандығын жоққа шығаруға болмайды. Еуропаға тиіп тұрған Беларусь мемлекетінің жұртты мұны сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келеді. Қазақстанда да ірі саяси науқан – парламент сайлауының жақындап келе жатқаны белгілі. Бұл шара қарсаңында карантин күшейтіліп, дауыс беру онлайн өткізіледі деген сыбыс бар. Былтыр президент сайлауында қоғамның наразылығы күшейіп, біраз сілкіністің болғаны рас. Биыл да қоғам белсенділері сайлауды онлайн өткізуге қарсы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа петиция жазған. Мәжіліс сайлауы қалай өтеді? Қазақстан Қырғызстандағы жағдайдан сабақ ала ма? Екі ел сайлаушыларының айырмашылығы неде? Бұл сауалды саясаттанушы Айдос Сарымға қойып көрдік. “Айырмашылығы саяси мәдениеті мен дәстүрінде ғой. Қазақтың сайлаушысы енді ғана қалыптасып келе жатыр. Менің ойымша қазақтың азаматтарының бәлкім тарихи, саяси мәдениетінің болуы, хандықтардың болуы, басқаның болуы шығар…Қанша дегенменде, бас имесе де кем дегенде заңды биліктің болуын қалайтын қоғам сияқтымыз. Болашақта қалай болатынын дөп басып айту қиын әрине. Бірақ енді өз басым мына Қырғызстанды үлгі болатын модель деп санамаймын”, – дейді сарапшы. ​
​Қалай дегенмен де ағайындас елде болып жатқан саяси оқиғалар біздің қоғамның санасына да әсер етеді. Қоғам билікті өз талабына көндіруге болатынын әлеуметтік желілер арқылы біліп отыр.
Саясаттанушы, экс-дипломат Қазбек Бейсебевтың бұл мәселеге қатысты пікірі мынандай: “Көршілес елде болып жатқан оқиғалардың аз болсын, көп болсын бізге қатысы бар. Айырмашылық әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсылығында, сондықтан әзірге тыныш болып тұр. Бірақ бұл тыныштық алдамшы. Өмір сүру қиындап, азаматтардың наразылығы артып келеді. Сондықтан Қазақстанның саяси күн тәртібінде бір ғана мәселе бар: билік елдегі шынайы жағдайды түсіне ме, жоқ па? Түсінбесе бізді екі сценарий күтіп тұр: белорустық және қырғыздық”
Қазақстандық белсенділер Қасым-Жомарт Тоқаев парламент сайлауының уақытын осы аптада жариялайды деп болжап отыр. Өйткені «Сайлау туралы» Заңның 85-ші бабына сәйкес, оның уақыты мәжіліс депутаттары өкілеттігінің аяқталуына 5 ай қалғанда белгіленуі тиіс.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk