10-08-22 |
Қазақстанда орташа жалақы – 312 мың теңге.
Қазақстанда орташа жалақы – 312 мың теңге

Қазақстан Республикасы бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2022 жылғы ІI тоқсанда 312 011 теңге болды.

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2021 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 24%-ды, нақты мәнде – 8,9%-ды құрады. Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2022 жылғы ІІ тоқсанда бағалау бойынша 196 728 теңгені құрады.

Жалақының өсуі қызметтің барлық негізгі экономикалық түрлері бойынша байқалады. 2021 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда ең жоғары өсім – құрылыс – 35,5%-ға, көлік пен қоймалау – 34,8%-ға, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 28,3%-ға салаларында байқалады, баяу қарқын денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету салаларында – 12,1%-ға және көрсетілетін қызметтердің өзге де түрлерін ұсынуда – 3,9%-ға байқалды.

Өңірлік бөліністе ең жоғары өсім Қызылорда облысында тіркелді – 31,3%-ға. Ең төмен өсім Нұр-Сұлтан қаласында – 14,2%-ға байқалды, бұл ретте нақты мәнде (бағаның өсуін ескере отырып) 0,1 пайыздық тармаққа төмендеу байқалды.

«Орташа айлық жалақы туралы деректер кәсіпорындардың тоқсан сайынғы статистикалық есебі негізінде есептеледі. Орташа мән қосымша ақыларды, үстемақыларды, сыйақыларды, сондай-ақ салық пен басқа да ұсталымдарды (табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналарын) есепке ала отырып қалыптастырылады. Медиана жалақысы – есептелген жалақы мөлшері бойынша қызметкерлер санын бөлгендегі қатардың тең ортасында тұрған және сол мөлшерді екіге бөлетін (одан көп және аз) жалақы мөлшері» – деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросы Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы департаментінің директоры Наталья Белоносова.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk