27-05-20 | 15:11
Қазақстанда жыл сайын 170 аса жасөспірім суицид жасап, көз жұмады.
Қазақстанда жыл сайын 170 аса жасөспірім суицид жасап, көз жұмады

фото: kabar.kg

Қазақстанда жыл сайын 170 аса жасөспірім суицид жасап, көз жұмады. Ал түрлі себеппен тіркелмеген суицидке талпыныс саны бұдан 20 есе көп. Мұндай деректерді ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында “Ұлттық аударма бюросының” жетекшісі Рауан Кенжеханұлы айтты.

“Тағы бір назар аударғым келетін мәселе балалардың жан саулығына қатысты. Атап айтсақ, мектеп оқушылары арасындағы суицид, яғни өзіне қол салу жиілігі. Өкінішке орай, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан дүние жүзіндегі жағдайы ең нашар елдердің қатарында. Жыл сайын 170-тен аса қазақстандық жасөспірім өздерін өмірден айырады. Мамандардың есебінше, аяқталмаған және түрлі себеппен тіркелмеген суицидке талпыныс саны бұдан 20 есе көп. Ашыған айтқанда, балалар арасындағы мұндай жағдай – қоғам саулығының өте сорақы көрсеткіші” деді ол.

Сондай-ақ Рауан Кенжеханұлы балалар арасындағы суицидтің алдын алуға арналған Қазақстанда бірыңғай бағдарламаның әлі күнге жоқтығына да назар аудартты.

“Алайда, еліміздегі білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін қамтитын, барлық деңгейде басшылыққа алынуы тиіс балалар арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған ортақ бағдарлама, не бірыңғай әдістеме әлі қабылданбады” деді Р.Кенжеханұлы.

Кеңес мүшесі аталған мәселені шешудің жолдарын айтып, президент Қ.Тоқаевқа нақты ұсыныстарында жеткізді.

“Біз өз тарапымыздан білікті қазақстандық және беделді халықаралық психолог мамандарды жұмылдырып, «Денсаулық және өмір дағдылары» атты арнайы бағдарлама дайындадық. Ондағы амалдар мен әдістер бірнеше аймақта сынақтан өтті. Қажет болса, бағдарламаны тиісті министрлікке тапсыруға дайынбыз. Тек ел аймақтарының барлығын, оқушылар мен ұстаздарды, психологтар мен ата-аналарды жан-жақты қамтитын белсенді іс-қимыл бастауды сұраймыз” деді Рауан Кенжеханұлы.

Қайыра айтсақ, 27 мамырда президент Қ.Тоқаевтың басшылғымен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда білім саласының мәселелері сөз болды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk