23-08-20 | 13:33
Қазақтілді БАҚ-тың алаңы көп.
Қазақтілді БАҚ-тың алаңы көп

Бұқаралық ақпарат құралдарының беталысы, дамуы жақсы. Өзара бәсекелестік болған соң тақырып таңдауда да, мәселе көтеруде де, жаңалықты жедел жеткізуде де алға жылжу бар. Төртінші биліктегі мұндай бетбұрысқа ғаламтордың, әлеуметтік желінің, сондай-ақ сайттардың әсері болмай қалған жоқ. Дегенмен, бір мемлекетте шығып, бір аудиторияға бағытталғанмен, қазақтілді БАҚ пен орыстілді БАҚ арасындағы айырмашылық жер мен көктей.

Таралым тең емес

Мемлекеттік БАҚ-тарға қаржылық қолдаудың тұрақты жаалатыны түсінікті. Соның арқасында елімізде «Егемен Қазақстан» газетінің таралымы жоғары деңгейден түскен емес. Негізгі партияның басылымы болғандықтан, «Айқын», «Түркістан» газетіне де қамқорлық ерекше. «Ана тілі» газеті де тіл жанашырларының, әкімшілік қолдауының арқасында өз биігінен түспей келеді. Алайда, халық ішінде танымал болған «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті», «Заң», «Қазақстан дәуірі» басылымдары таралым жинау үшін көп еңбектеніп, өз бетінше жұмыс жүргізуге мәжбүр. Өйткені жекенің қолындағы бұл басылымдарға оқырман тарту қиын шаруа. Сондықтан да республикаға таралатын газеттердің тиражы облыстық, аудандық газеттердің таралымынан кем түсіп жатады.

Ал орыстілді басылымдардың рейтингі мен танымалдығы да, тиісінше таралымы да қазақтілді басылымдардан көш ілгері. Мұның ең негізгі себебі – республикадағы қазақтардың саны өскенімен, орыстілді аудиторияның ықпалы әлі де төмендей қойған жоқ. Қазақша оқитын оқырманның өзі орыстілді газеттерді жаздырып алып, орысша басылымдарды парақтағанды тәуір көреді.

Мұнымен қоса, орыстілді басылымдарды жеке саудалау жағы да жақсы жолға қойылған. Ірі қала, облыс орталықтарындағы, әуежай, теміржол вокзалы мен автобекеттердегі газет дүңгіршектерінде көбінесе орыстілді басылымдар саудаланады. Алушы аз болғандықтан, бұған қоса, өтпеген газеттерді редакцияға қайтару артық жұмыс деп есептейтіндіктен де дүңгіршек қызметіне жүгінбеу жағдайлары кездеседі. Сонымен бірге, ұшақпен ұшатын жолаушыларға да орыстілді басылымдар ұсынылатынын ұмытпауымыз керек. Бұл да болса қазақтілді БАҚ-тың беделін төмендетеді.

Тақырып ауқымы тар

Қазақша басылымдар руханият, мәдениет пен әдебиет, ауыл тірлігін жазуға бейім. Құқықтық түсіндірмелер жүргізіп, қаржылық сауат көтеруге шорқақ. Орыстілді басылымдардың әр нөмерінің төрінде тұратын саяси сараптамалар мен журналистік зерттеулер де қазақша басылымдарда өте аз кездеседі. Мұны қазақ тілді журналистер көбінесе ақпараттың тек орыс тілінде берілуімен түсіндіреді. Шынында құзырлы орындардың барлығы дерлік құжаттарын ресми тілде жүргізеді. Қазақша жолданған сауалдарға беретін жауаптары да көңілден шықпайды. Осы тұрғыдан алғанда бір мәселе бойынша журналистік зерттеу жүргізгенде уақыттың созылып кететін кездері көп. Ал мұндай уақытта орыстілді басылымдар мәселені жазып, жариялап, тіпті ол бойынша қандай да бір шешімнің қабылдануына ұйытқы болып та үлгереді.

Қазақтілді басылымдарды парақтағанда мұнда дінге, соның ішінде хиджап кию, қысқа балақ, екі әйел алуға қатысты мәселелердің жиі талқыланатынын, әрі оны қанша сөз етсе де аудиторияның қызу талқысын тудыратынын аңғару қиын емес. Сонымен қатар, мемлекеттік тіл, мемлекеттің қызметкерлердің қазақша білмеуі де үнемі күн тәртібінен түспейтін тақырыптың бірі саналады. Соған орай, қазақтілді басылымдарға әлі де болса тақырып таңдауда, көпшілік пікіріне сай мақалалар дайындауда көп ізденіс керек.

Кейіпкер

Орыстілді басылымдармен салыстырғанда қазақтілді БАҚ-тың кейіпкер таңдауында да, пікір білдіретін мамандар табуында да қиындық бар. Себебі, республика жұртшылығы ойын білгісі келетін, пікірі қызықтыратын қоғам қайраткері, лауазымды тұлғалардың басым бөлігі өз тұжырымын орысша жеткізуге бейім. Әсіресе, саяси мәселелерде, денсаулық, қаржы, өндіріс саласына қатысты материалдар жинағанда қазақша бір ауыз пікірін жеткізетін кейіпкер таппай қиналатын кездер көп. Жалпы, қазақтілді аудтория да орысша жақсы түсінетінін білетін кейіпкерлердің өзі көтеретін мәселені екі рет айтып жүрмей, тек орысша сөйлеуге тырысатыны жиі байқалады. Немесе басшылар алдымен орысша түсінік береді де, қазақтілді аудиторияға ақпарат таратуды орынбасарына, көмекшісіне, тіпті болмаса қазақша жетік білетін қатардағы қызметкеріне жүктеп жатады. Соның кесірінен оқырмандар өздеріне беймәлім тұлғаның сұхбатын оқып, пікірін қарағанша, орыстілді басылымдардағы танымал адамның сөзіне көңіл аударғанды жөн көреді.

Төртінші биліктің пәрмені қандай?

Пәрменділік тұрғысынан келгенде де қазақтілді басылымдардың ұтылатын тұстары аз емес. Соның ішінде орысша жазылған арыздардың, ресми тілде жолданған сұраныстардың өтімді екенін мойындауымыз керек.

Десек те, соңғы уақытта қазақтілді аудиторияның белсенділігі артып барады. Мұндай тенденцияның қалыптасуы бұқаралық ақпарат құралдарына да оң әсерін тигізері күмәнсіз. Себебі, сауатты, белсенді аудитория қазақтілді басылымдардан жедел жұмыс жасауды, өздері қажет ететін тақырыпты зерттеуді талап етуде. Бұл журналиятердің ізденуіне, өз қызметіне жауаптылықпен қарауына, жедел шешім қабылдауына көмектеседі. Өйткені сұраныс пен талап кез келген саладағы сапалы жұмыстың кепелі екені талассыз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk