10-09-20 | 15:25
Қазақтың жазылмаған психологиясы.
Қазақтың жазылмаған психологиясы

Жуырда Алматыдан журналист Ержан Жаубай мен психолог Нұргүл Молдабайқызы бірлесіп жазған “Қазақтың жазылмаған психологиясы” атты танымдық кітап жарық көрді. Кітапты алғашқылардың бірі болып оқыған блогер Алмас Алтай кітап жайлы пікірін жария етті.

 

Алмас Алтай, блогер:

– Қыркүейектің екісі туған күнім болған. Көршім, журналист Ержан Жаубай “Қазақтың жазылмаған психологиясы” деген кітабын сыйлады.

Абыр-дабырмен жүріп ашып та қарамаппын. Арасында Ақтауға барып қайттым, үйге кеп байырқаған соң “ооосы найман не жазды” екен деп қолға алмайм ба баяғы…

Жазылмаған психология… Жазып кәйтеді?! О қазақтың өмір, тіршілігіне біте қайнасып кірігіп кеткен салт пен дәстүр ғой бұл.

Бұ қазақ, яғни Біз ғой ертең бітірер шаруамызды жазып алып жүрмесек ұмытып кететін. Сөйтіп жүрген адамда салтты салмақтап, дәстүрді дәріптеп жататын уақыт, құлық, мұрша бола ма?

Ал, Ержан жазылмаған нәрсені жазыпты. Жазылған да шығар, бірақ, Ержанның жазбасына өлшеусіз кеңдікті, тереңдікті Нұргүл Молдабайқызының психологиялық талдаулары беріпті.

Былай ғой, Ержан салт пен дәстүрдің орындалу жол, жоралғысына, қандай жағдай іске асырыларына тоқталады. Ал, Нұргүл бұның псхологиялық мәнін ашуға талпынады.

Біз айтамыз ғой күбініп, есіп сөйлегенде: – Ооой, қазақтың салт-дәстүрлері деген тұнып тұрған тәрбие ғой, мектеп қой!,- деп. Аржағына тереңдеп жатпаймыз, тек осы сөзбен шектелеміз. Сұраушы да қазбалап жатпайды, айтушы да аса өзеурей қоймайды, сомен тәмәм.

Ал, мына кітап қызық тіпті. Бір жұлымыр жас баладай, сумаңдаған әуесқой жеңгедей бар құпияны ашып, әр салт пен дәстүрдің жағын айырып, жігін ашып, ішіне дейін сәуле түсіріп қояды. Өзімді біраз нәрседен хабары бар қазақ көруші едім, мен ойламаған біраз күшті ақпараттарға кезіктім.

АҚТАУ ЖОҚТАУ – айттырылған қалыңдықтың ұзатылар тойы болмай жатып күйеу өмірден өткенде айтылар жоқтау…

Бетін аулақ, ауыр қасірет қой. Бірақ, өмірде бәрі де болмақшы. Бұндай жағдайда да сынаққа қарсы қайрат тауып, амал етілген көрінеді. Міні, мен осы “ақтай жоқтау” дегенді білмейді екем.

Енді мұның Нұргүл ұсынған психологиялық мәні тіпті керемет. “Сырға салынып, қалыңы төленген қыздың бойында үлкен сенім, үміт, қуаныш болады. Ал, қапияда күйеу өлгенде сол ақ арманның бәрі адыра қалады. Қыз өзінің бірнеше келбетін: сүйікті жар ретінде, сүйкімді келін ретінде өзін жоғалтады, ең қиыны бақытты болуға деген сенімнен айырылады.

Осы кітап жазылып жатқанда маған бір қыз кеп, кеңесіме жүгінді. Қыздың уағдаласқан жігіті қайтқан екен. Енді қыз өмірінде еш мағына қалмаған. Ешкіммен араласқа құлқы жоқ…

Содан бұл қызға жоқтау айттырдым, кімнен айырылғанын мойындаттым, кімдік келбеттерін жоғалтқанына сендірдім…”

Демек, “ақтай жоқтау” тек қана салт емес. Ол тұтас кешенді психологиялық жан сауықтыру шараларының бірі. Қазақ білген. Білген соң істеген.

Қазір айтыла ма бұл? Айтылмаса, Нұргүл секілді қиыннан жол тауып бере алатын қазақы психологтар бар ма?

Қазіргі қаптаған психолог, коучтар трениң, семинарға халықты тоғытып әдемі-ақ ақша жасап жатыр. Дұрыс-ақ! Халық аш, жан іліміне сусаған. Көкірегі бос. Кеудесі жалаңаш. Жүректе ілім жоқ.

Сол бостың орнын толтырғысы келеді. Барады трениңдерге. Ал, коучтардың кәсібилігіне баға берер мен емес, Алла біледі. Әркім Арының алдында өзі жауап берсін.

Хош, “Қазақтың жазылмаған психологиясына” оралайық. Ержанның уызына жарып, нағыз қазақы ортада өскенінің пайдасын көрген тұсымыз осы шығар.

“Арғымағын” баптап жүре берсе де Ержанға ешкім “әй, сен, қазақтың салт-дәстүрі жайлы неге кітап жазбайсың” демесі анық еді.

Бірақ, сол қамытты өзі киіп ап, көз майын тауыса еңбектеніп һәм Нұргүлмен тізе қоса отырып керемет керек кітапты қазаққа тарту еткені қандай ғажап.

Жазылмаған психология жазылды. Енді жазылғанды жадымызға қотарып, қолданарын қолдап, қолданбасын айта жүрсек, үйрете жүрсек жарасар еді…

P.S. Ержанның кітабы жақсы-ақ. Өзім бір күн, бір түнде бітірдім. Оқуға жеңіл, ой қорытуға таптырмас күшті кітап.

Сөз жоқ, менен басқа да біраз қазақ оқыған шығар. Ержанның тырнақалдысын қолдап, пікір жазып қойсақ мына найманның айдарынан жел есіп бір жасап қалар еді ғой. Сайып келгенде, көп жазсақ көп қазақ білер еді, оқыр еді ғой…

Бірақ, өйте алмаймыз… Айта алмаймыз. Айтқызбасымыз айтқызбайды ғой🤦🏻‍♂️

Айтылмаған әңгіме дегенім осы еді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.