14-02-20 | 10:23
QazForum – қазақ онлайн медиа мәселелері талқыланатын жалғыз конференция.
QazForum – қазақ онлайн медиа мәселелері талқыланатын жалғыз конференция

7 ақпанда Астанада жыл сайын өтетін қазақ онлайн медиа мәселелерін талқылайтын Qazforum кезекті рет өткен еді. Форум қарсаңында бірқатар қазақ сайттары бас редакторларының пікірлерін жариялаған болатынбыз. Сол кезде форум ұйымдастырушыларына да сауал жолдағанбыз. Күні кеше ұйымдастырушылар сауалдарға жауап жолдапты. Төменде ұйымдастырушылардың жауабын өзгеріссіз жариялап отырмыз.

Qazforum-ның құрылтайшысы – Қазақстандағы АҚШ елшілігі. Ұйымдастырушы – Қазақстан баспасөз клубы.

***

Форум қазақ тілді сайттардың дамуына ықпал ете алды ма?

– Осындай Форумдардың мақсаты – медиа саласындағы мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу және жаңа білім алу. Қатысушылар жинаған тәжірибе мен ақпаратты өз жұмысында қолданып, ақпарат құралдарының дамуына пайдасы тиетіндігіне сенімдіміз.

Қазіргі таңда QazForum елімізде қазақ тілді онлайн медиа мәселелері толығымен талқыланатын жалғыз конференция. Сондықтан біз атқарып жүрген жұмысымызды мақтан тұтамыз.

Кез келген конференцияның жетістігі қатысушылардың белсенділігіне байланысты. Біз қазақ ақпарат құралдарында қызмет ететін мамандардың кәсіби өскенін және жаңа білім алуға жоғары қызығушылығын көріп отырмыз.

– Әр форумның нақты нәтижелері қандай?

– 4 жыл ішінде Форум еліміздің қазақ тілді онлайн контент жасаушыларын біріктіретін ірі республикалық конференциясына айналды. Биыл форумның ұйымдастыру комитетіне 500-ден астам өтінім келіп түсті, бірақ залдағы орын саны шектеулі болуына байланысты, олардың тек 250 ғана мақұлданды.

Жыл сайын ұйымдастырушылар Форумға қатысушыларды облыстардан шақыруға ерекше көңіл бөледі. Осы жылы Форумға Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан басқа еліміздің 11 облысынан қазақ тілді онлайн контент жасаушылары қатысты.

Қатыса алмағандар үшін Youtube арнасында форум онлайн көрсетіліп, көрермендер саны 700-ге жуық болды.

– 2018 жылғы Форум аясында этика туралы меморандум жасау керектігі туралы сөз көтерілді;

«Іскерлік журналистика» кітабының идеясы форум аясында туды;

– Жылдан-жылға Форум туралы білетін журналистер саны көбеюде. Биыл Форумнан кейін өңірлік БАҚ өкілдерінің кәсіби сауаттылығын арттыруға бағытталған арнайы тренингтер өткізуді жоспарлап отырмыз;

– Форум аясында талдау зерттеулері мен сауалнама жүргізіледі. Мысалы, биылғы форумда медиа тренер Асхат Еркімбай “Медиа тұтыну және медиасауат бойынша зерттеу нәтижелері” тақырыбында сараптамалық зерттеу жүргізді.

– 2018 жылдан бастап қатысушылардың кәсіби біліктілігің арттыруға бағытталған арнайы шеберлік сабақтар өтеді.

Форумда сөз болған тақырыптар қазақ тіліндегі онлайн медианың өзекті мәселелерін көтере алды деп ойлайсыз ба және оның шешімі табылды ма?

– Форум аясында қазіргі заманғы медианың өзекті мәселелері қаралды, атап айтқанда, қатысушылар қазақ қоғамына қандай медиа қажет екенін және олардың digital дәуіріндегі рөлі қандай екенін анықтауға тырысты, жаңа онжылдықта медиа нарықтың қазақ тілді сегментінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қазақ тілді ақпарат көздерінің табыс табу жолдары мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Форум барысында Орталық Азия елдерінде (Қазақстан,Тәжікстан, Өзбекстан) медиа тұтыну және медиа сауатсыздылығы бойынша әлеуметтік зерттеу нәтижелері таныстырылды.

Форумның секцияларында келесі тақырыптар бойынша шеберлің сабақтар ұсынылды:

Youtube платформасында жұмыс жүргізу: өз контентін ілгерілету үшін журналист нені білуі қажет;

Ақпаратты қалай дұрыс талдау қажет және мемлекеттік сатып алу сайтында не нәрсеге мән берген жөн.

Әрине, Форумда қазақ тілді онлайн контент жасаушылардың барлық мәселелері талқыланды деп ешкім айта алмайды. Бірақ біз Форум аясында ең өзекті мәселелерді көтеруге, ең бастысы осы мәселелерді шешу үшін қатысушыларды біріктіруге тырысамыз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.