«Қордай қақтығысы»: Ерік Бәйтеновтің соттағы сөзі.
«Қордай қақтығысы»: Ерік Бәйтеновтің соттағы сөзі

Тараз қаласында өтіп жатқан қазақ-дүнген дүрбелеңінің сот үкімі ертең шығады. Өткен аптада Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында айыпталушылар соңғы сөздерін айтты. Айыпталушылардың ішінде тергеушілердің ісіне көңілі толмай, шақым айтқан күдіктілер бар. Соңғы бір жылдан бері жалғасып келе жатқан сот отырысы айыпталушыларға қандай шешім шығарады?

Айыпталушылардың көпшілігі кінәсін толық немесе жарыталай мойындап, судья Айдарбек Замбаевтан жеңіл жаза сұрады. Сондай-ақ азаматтардың ішінде өз кінәсін мойындамай, тіпті тергеудің әділетсіз жүргізілгенін айтқан азаматтар кездесті. Солардың бірі Ерік Байтенов.

Оның айтуынша, заңның күші жұмыс істемейтін елде күштің өтірік заңдылықтарына жол берілген. Сондықтан да ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында, тергеу және сот сарапшылары тарапынан ұсынылған дәлелдемелер алдын ала ұйымдастырылғанын ескертті.

«Дәл осы ұсынылған дәлелдемелердің өзі менің қандай да бір қылмыстық іс әрекеттерге, оның ішінде аса ауыр қылмыс жасамағанымды дәлелдеп отыр деп санаймын.

Құрметті сот! Осы сот тергеу кезінде нақтыланбаған және жұмбақ күйінде қалып қойған бірнеше анықталмаған фактілер болып отыр. Атап айтқанда қылмыстық істегі 4-ші физаның құпиясы.
Нөмірсіз САЙГА-МК 223 мылтығының нөмірі 6 наурыз 2020 жылғы сот қаулысында 28 наурыз 2020 жылы САЙГА-МК 223 нөмірсіз мылтық тәркіленіп алынбай жатып, қайда және қалай пайда болған?

8 ақпан 2020 жылы Ауқатты ауылында Абай көшесінің бойындағы жанар май бекетінің алдында пайда болып және сол мезетте жоқ болып кеткен таңғажайып «Нива» автокөлігі қайда? Ол анықталмады.

Сондай-ақ 8 наурыз 2020 жылы сарапшыларға ұсынылған физалардың қайдан шыққандығы және түпнұсқалары анықталмай қалды. Бишир Ясиров Ауқатты ауылындағы Абай көшесі 139 үйдің алдында болған кезде өзімен қатар тұрған інісі Ясир Маликке кеуде тұсынан оқ тиіп, құлап бара жатқан кезінде тосып алғанын айтады. Ол арқасына отырғызып 300 метр жердегі жанар май бекетіне алып барған кезінде үстіне бір тамшы қанның жұқпағаны қалай? Сондай-ақ арқасына салып алып бара жатқанын бірде-бір адамның көрмегені және Ясиров Баширдің өзіне бытыра оғы тисе де киімдерінен тесіктер табылмаған. Башир Ясировтың сот тергеу барысында берген жауаптары мен Ясир Мұхамедтің берген жауаптары қарама-қайшылық тудырды. Яғни, Мәлік Ясировтың басқа жерде белгісіз жағжайда қайтыс болуы мүмкін деген күдікті ойды туындатады.

Тергеушілер мен мамандардың және өз ісіне салғырт қараған сарапшылардың іс әрекетінің құрбаны болып, кінәсіз аса ауыр қылмыс жасады деп айып тағылып, күдікті болуымның себебі мен салдары неде, құрметті сот?

«Төбеге қарасаң төменді ұмытпа» демекші, тек қана ақиқат білім ғана күдік туғызбайды дей келе, біз осы сот тергеу барысында ақиқатты ойластырылып жасалған тергеушілердің аңыздарынан ажырата алдық па, құрметті сот. Тағы да осындай мән-жайлар анықталмай, тек бір жақты қаралған фактілер көп. «Кеңесе шешілген істе кемшілік болмас» демекші, сот кеңесу бөлмесінде осындай жіберілген олқылықтарға аса назарыңызды аудара отырып, толық көлемінде дұрыс шешім қабылдайды деп сенемін», – деді Ерік Байтенов.

Ерік Байтеновтың сөзіне сенсек, тергеушілер өз істеріне салғырт қарап отырған тәрізді. Мұндай салғырттық ертең сот үкімі шыққан кезде халықтың наразылығын тудырып жүрмей ме? Не де болса ертеңгі сот үкімінен айыпталушылардың күтер үміті зор. Ал азаматтардың үмітін судья Айдарбек Замбаев ақтай ма?

Серік ЖОЛДАСБАЙ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk