20-10-20 | 13:48
Қырғызстан Қытай алдындағы қарызынан құтыла ала ма?.
Қырғызстан Қытай алдындағы қарызынан құтыла ала ма?

Қырғызстан Қытай алдындағы қарызы ең көп 5 елдің құрамына кіреді. Республиканың сыртқы берешегінің 45% аспан асты еліне тиесілі. Сарапшылардың пайымдауынша, мемлекет 2025 жылға қарай бұл несиелердің негізгі қарызы мен үстемесін өтей бастайды. Сол кезде қазынаның қаржылық қысылтаяңға тап болатыны сөзсіз. Мамандар берешекті өтеудің екі жолы бар екенін айтады. Біріншісі, тікелей төлем жасау: мәселен үкімет салықты көтеріп қаржы жинауы мүмкін. Екіншісі: тікелей емес төлем: яғни, қарыз берушінің қаражатына салынған нысанды Қытайдың игілігіне беру. Мысалы, кезінде аспан асты елі Шри-Ланкаға 1 млрд. долларға порт салып беріп, қарыз алушы міндеттемесін орындай алмай қалды. Нәтижесінде Қытай портты ұзақ мерзімге жалға алып, пайдасына кенелген болатын. Саяси дағдарыстан кейін бауырлас халық бар ақшасын жинап, қарызынан құтылуға бел буған сыңайлы. Қазір елдің депутаттары осы мәселеге байланысты өз ұсыныстарын айтып жатыр. Мәселен, 19 қазанда Жоғарғы Кеңес депутаты, “Әйелдер кеңесі” қоғамдық бірлестігінің басшысы Айнұр Алтыбаева осындай бастама көтерді. Ол: “Біздің бірлестік ақша жинаумен айналыспайды. Біз тек осы процестің басталуын ұйымдастырамыз. Қазір дайындық жүріп жатыр, есепшот ашуға байланысты мемлекеттік банкпен келісіп қойдық. Төлемдер сайтта көрсетіледі, бәрі әділ өтеді”, – деді.
Естеріңізде болса, биыл қыркүйекте Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И Қырғызстанға ресми сапармен келген. Сол кезде экс-президент Сооронбай Жээнбеков қарыздың мерзімін ұзарту мәселесін көтерген болатын. Қырғызстан қаржы министрлігінің мәліметінше, елдің сыртқа 4 млрд 169,6 млн доллар қарызы бар көрінеді. Соның 1 млрд 776,29 млн долларын Қырғызстан Қытайдың Эксимбанкінен алған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.