Қытайдағы қазақтар мен ұйғырларды қанау туралы туралы тағы айтылды.
Қытайдағы қазақтар мен ұйғырларды қанау туралы туралы тағы айтылды

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында қазақтар, ұйғырлар мен өзге де этникалық ұлттар билік тарапынан ұйымдастырылған жаппай қудалау, қинау, түрмеге жабу сынды әрекеттердің құрбаны болуда.

Бұл туралы Amnesty International баяндамасы негізінде Stan.kz  хабарлайды.

«Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандарды жаппай қамап, азаптап және қудалауда» атты баяндамада зерттеушілер 2017 жылдан бері аспан асты елінің қысымына ұшыраған онға жуық куәгерлердің айтқандарын келтіреді. Жарияланған жұмыста биліктің аймақта тұратын мұсылмандардың діни ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін, жергілікті тілдерін түбімен жоюға әрекеттеніп жатқаны, «терроризммен күрес» деген сылтаумен қазақтар, ұйғырлар, хуэй, қырғыз бен өзбек, тәжіктерді қудалап жатқаны айтылады.

Билік этникалық ұлттарды қытайлықтарға «айналдыруға» тырысуда

Қытай билігі әлемдегі ең ауқымды бақылау жүйелерінің бірін құрып, Шыңжаң аумағында жүзден аса түзету лагерлерін ұйымдастырған. Мұндай лагерьлерде қамалғандарды азаптап, олардың санасына Коммунистік партияның зайырлы көзқарастары мен идеяларын мәжбүрлеп сіңіру қолға алынған. Осылайша, мемлекет этникалық ұлттарды қытайлықтарға «айналдыруға» тырысуда.

«Қытай билігі Шыңжаң-Ұйғыр автономдық ауданында «антиутопиялық» мекемелер құрған. Мұндағы қазақтар, ұйғырлар және басқа да этникалық топтар адам құқығына қайшы келетін қылмыспен бетпе-бет келуде. Бұл олардың діни, мәдени құндылықтарын жоюға бағытталған. Қиналып, азапталып, ар-ожданы қорланған лагерьдегі адамдар және  бостандықта жүрсе де, соңына түскендерден үрейленіп өмір сүретіндер жайлы бүкіл әлем халқы білуі тиіс «, – дейді Amnesty International ұйымының бас хатшысы Аньес Калламар.
Баяндамада 2017 жылдың басынан бері Шыңжаңда мұсылман ер азаматтар мен әйелдер жаппай қамалғаны туралы нақты деректер келтіріледі. Жүз мыңдаған адам түрмеге жабылса, қалған бөлігі күштеп түзету лагерьлеріне жіберілген.

Қамалып, бостандыққа шыққандардың 50-ден астамы заңмен тыйым салынбаған әрекеттері үшін бостандықтарынан айырылғандарын айтқан. Сөздерінше, олар дінге қатысты суреттер сақтап, шетелде тұратын туыстарымен, достарымен қарым-қатынас жасағаны үшін айыпталған. 2017 жылы мұсылмандарды жаппай қамауға қатысқан мемлекеттік қызметкерлердің бірі тұрғындарды құқықтық үрдістер сақтамай, ескертусіз үйлерінен әкетіп, артынша түрмеге жабуға қатысқаны туралы айтып беріпті.

WhatsApp желісін қолданғаны үшін қамалған

Билік озбырлығының құрбанына айналғандардың көп бөлігі темір торға тоғытылмай тұрып, полиция бөлімшелерінде тергелгені, олардан биометриялық және медициналық деректері алынғанын жеткізген. Айтуларынша, тергеу кезінде оларды темір орындыққа кісендеп, аяқтарын шынжырлап, ұзақ уақыт бойы денелеріне ауырлық түсетін жағдайда отырғызып қойған. Бұған қоса, бөлімге түскендерді толып кеткен түрмеге жауып, түнімен ұйқы бермей, сабаған. Ал бір жерден екінші жерге ауыстырғанда қарауылдар олардың бастарын жауып, аяқтарына тұсау салады екен. 

Абақтыға ұқсас ғимараттарға жабылған соң олардың әрекеттері қатаң бақыланып, қарсылық танытқандарды аяусыз жазаға тартып отырған. Сонымен қатар, оларға өз тілдерін сөйлесуге, бір-бірімен қарым-қатынас орнатуға тыйым салынған. 

«Күнде таңғы 5-те оянып, төсегіңді тап-тұйнақтай жинастырып, туды көтеру мен ант қабылдау рәсіміне қатысамыз. Содан кейін асханаға баруың керек, одан шығып, сабаққа кіресің. Түсте қайта асханада тамақтанған соң, қайта сабақ басталады. Кешкісін тағы солай қайталанады. Оқудан шыққаннан кейін ұйықтауың қажет. Әр түні екі адамнан кезекші болып, басқаларын қадағалайсың. Өзің үшін уақыт қалмайды. Бәрінің әл қалмайтын», – дейді қамалған әйелдердің бірі. Ол телефонында WhatsApp желісі болғаны ұшін түрмеге тоғыттылған. 

 

Бір жыл бойы аяқтарындағы темір тұсаумен жүрген

Түзету орталықтарына орналастырылғаннан кейін алғашқы айларда адамдарды ұзақ күн бойы қозғалмай отыруы немесе тізерлеп тұруға міндеттейді. Содан кейін «мәжбүрлі» оқу басталады. Оның барысында исламды, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ана тілінен бас тартуға мәжбүрлеп, ресми қытай тілін күштеп үйретіледі. 

Мұндағылардың әрбір жүріс-тұрысы жіті қадағаланып, ешқайсысы бөлмелерінен шығарылмайды. Тіпті, күн көзін көруге, таза ауаға шығуға рұқсат берілмейді. Сөздерінше, күзетшілер оларға тамақ пен су бермей, ұйықтауға тыйым салады, суық бөлмеге қамап, тоқпен қинайды, ұрып-соғып, бұдан өзге азаптауды түрлі құралдарын пайдаланды. Өзінің жанындағы адамды қорғамақ болған егде жастағы әйел бұл қылығы үшін қатты жазаланғанын айтады. Оны тар әрі суық бөлмеге ыңғайсыз, темір орындыққа кісендеп үш бойы отырғызып қойған. Тағы екі адам бір жыл бойы аяғындағы темір тұсаумен жүргендерін, басқалары күзетшілердің оларға қарсы электрошокер, сойыл ағаш, ащы бұрыш аэрозольін қолданғанын жеткізді. 

Одан бөлек, түрме қарауылы қамалғандарды басқаларының көзінше қинайтын болған. Тіпті, бір адам 72 сағат бойы темір орындықта отырған күйі көз жұмған.

Шыңжаңдағы бостандықта жүрген мұсылмандар да, түзету орталықтарынан шыққандар да қатаң бақылауға алынады. Соңғылары қамаудан шыққан соң бірнеше ай бойы мемлекеттік орган қызметкерлерінің үйінде тұруға міндеттеледі. Қытайлық азаматтар өз бақылауындағылардың күдікті әрекеттері жайлы хабар беріп отырады. Мұндай әрекеттердің арасында VPN немесе WhatsApp қосымшалардың телефонға орнату, діни ғұрыптарды орындау, электр энергиясын шектен тыс көп пайдалану бар. Сондай-ақ қамауда болғандардың бостандыққа шыққаннан кейін көшеде жүруіне шектеу қойылады. 

 

Мешіттер мен мұсылман зираттары жаппай сүрілген

Шыңжаңда мұсылмандар өз діндерін ұстануға қатаң түрде тыйым салынған. Оннан астам этникалық ұлт өкілдерінің айтуларынша, мұнда Ислам дінін ұстанушыларға дұшпан ретінде қарайды. Діни және мәдени дәстүрлер экстремисттік деп танылып, оларды орындағандар бірден қамалатын болған. Соның салдарынан мұндағы мұсылмандардың дұға етуді ұмытуына тура келді. 

«Біз тіпті амандасу үшін «Ассалаумағалейкүм» деп айтпайтын болдық», – дейді жергілікті тұрғындардың бірі.

Ал Құран, жайнамаз және т.б. дінге қатысты заттардың қолданылуына мүлдем рұқсат берілмеді. 

Бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істегендер тұрғындардың үйіне басып кіріп, дінге байланысты қолданылатын заттарды тұтастай тәркілеуге қатысқандарын ашып айтты. 

«Мешіт суреттерін құртып, орнына Қытай туын ілуді бұйырдық», – дейді олар. 

Сонымен қатар, мешіт, Ислам дінін ұстанушылардың басқа да мінәжат ететін орындары, мұсылмандар зираты толығымен сүріліп, орнына басқа нысандар тұрғызылған. 

 

Жүз мыңнан аса адамның өмірін ойран еткендердің әрекеттері жабулы қазан күйінде қалуда

Бүгінде Қытай билігі Шыңғаңдағы этникалық ұлттардың халықаралық құқықтарына қарсы жасалған қылмыстың іздерін жасыру үшін барын салуда. Ал бұл туралы бір ауыз сөз айтқандарды қамауға алып, қорқытып немесе ұрып-соғатын болған.  

Баяндамада түзету лагерьлеріндегі жүз мыңдаған адамның тағдырын ойран еткендердің ісі жабулы қазан күйінде қалып жатқаны айтылуда. Қытайда 2017 жылдан бері қамалғандардың саны күрт өскен, мұны статистикадан байқауға болады. Бұған қоса, жерсеріктен түсірілген суреттерде осы уақыттан бері салынып жатқан түрмелердің сұлбасы көрінеді. Билік көптеген адамдарды мәжбүрлі жұмысқа тартуда. 

«Қытай шұғыл түрде Шыңжаңда қамалғандарды бостандыққа жіберіп, мұсылмандарды қанауды тоқтатуы тиіс. Халықаралық ұйымдар бірігіп, Қытайдың бұл саясатына қарсылық білдіруі қажет. Ал БҰҰ халықаралық құқықтарға қайшы келетін қылмысты ұйымдастырғандарға әрекетін тексеруге арнайы механизм дайындап, бұл озбырлыққа нүкте қоюы міндетті», – деді Аньес Калламар.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.