03-10-18 | 15:00
Ресей Қазақстанның “қауіпті” ауылшаруашылығы өнімін тағы қайтарды.
Ресей өткен аптада Қазақстанға 247 тоннадан астам ауылшаруашылығы өнімін кері қайтарғанын мәлімдеді. Ресей Федералдық ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау қызметінің (Россельхознадзор) 2 қазанда жариялаған хабарламасында ведомствоның Орынбор облысы бойынша лауазымды өкілдері 24-30 қыркүйек аралығында Ресейге “фитосанитарлық қаупі жоғары” өнімдерді 13 рет заңсыз кіргізбек болған әрекеттің алды алынғаны айтылады.

Ресми мәлімет бойынша, аталған өнімдерде фитосанитарлық сертификаттар, қорап таңбалары және өнім сапасын растайтын құжаттары болмаған.

“Карантин заңнамасына сай, барлық өнімді кіргізуге тыйым салынды, жауапты адамдар әкімшілік жазаға тартылды” делінген Россельхознадзор мекемесі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Өткен аптада Россельхознадзор Омбы облысында Қазақстанға фитосанитарлық қаупі жоғары 245,4 тонна карантиндік өнімнің кері қайтарылғанын хабарлаған.

Тамыздың басында Россельхознадзор мекемесі Қазақстан Ресейге карантинге алынған өнімдерді жеткізуде Еуразия экономикалық одағы мен Ресейдің фитосанитарлық талаптарын жиі бұза бастағанын мәлімдеген.

2 қазанда Қазақстан Ауылшаруашылығы министрлігі Россельхознадзор мекемесіне Қазақстан-Ресей шекарасында өсімдік карантині жөніндегі инспекторлардың заңға қайшы іс-әрекеттері туралы ресми хат жолдайтынын мәлімдеген.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk