03-02-21 | 23:30
Ресей азаматы Шымкентте басқарма басшысы.
Ресей азаматы Шымкентте  басқарма басшысы

Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың (суретте оң жақта) Қазақстаннан бөлек Ресей Федерациясының да азаматы екенін анықталды. Бұл туралы әлеуметтік желіге ҚР Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек жазды.  

Айгүл Орынбек ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы әрі Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы А.Көмекбаевтың қала әкімі М.Әйтеновке (суретте сол жақта) жазған хатының көшірмесін жариялады.

«ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өндірісіндегі құжаттарға сәйкес, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы О.Почиваловтың Ресей Федерациясы азаматтығына қатысты Шымкент қаласы Полиция департаменті сұраныс хат жолданған болатын.
03.02.2021 жылы №154 кіріспен Шымкент қаласы Полиция департаментінен жауап хат келіп түсті (қосымша тіркеледі).
Жауап хатқа сәйкес Олег Почиваловтың Ресей Федерация азаматы болып табылатыны және 20.01.2021 жылы Шымкент қаласы Полиция департаментіне Қазақстан Республикасы азаматтығынан айыру жәйіті тіркелгендігі туралы мәлімет келді.
ҚР «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметі туралы» Заңы 61 бабының 10) тармағына сәйкес, Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің Қазақстан азаматтығының жоғалтуы мемлекеттік қызметті тоқтатуына негіз болып табылатынын хабарлаймыз», – делінген қызметтік хатта.

Өткен жылдың желтоқсан айының ортасында бірқатар әлеуметтік желі парақшаларында шымкенттік шенеунік Олег Почиваловтың  Ресей елінің азаматы екені туралы ақпарат тарап, тіпті кейбір құжатының көшірмесі жария етілді. Онда Олег  Почиваловтың тұрғылықты жері Мәскеу  екені, ал «азаматтық» бағанында «Ресей Федерациясы» деп жазылғанын көруге болады. Алайда спорт басқармасының өкілі бұл ақпаратты теріске шығарды. 

Қазағы қалың деген Шымкент қаласында Ресей азаматы қызмет етсе, солтүстіктегі облыстағы жағдайды елестетудің өзі қиын. «Түйені жел шайқаса ешкіні көктен іздейсің» демекші, ондағы жағдай тіпті кұрделі екені анық.

 

Серік Жолдасбай, arasha

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk