Мұхтар Жұмағазиев, Парламент Сенатының депутаты:
-Мұхтар Сабырұлы, Қарағанды облысындағы оқиға елдің есінен кеткен жоқ. Өйткені, өз міндетін атқарып жүрген қорықшылардың бірінің броконьерлер қолынан қаза табуы көз жұма қарайтын мәселе емес. Бейбіт күнде мұндай жағдайдың орын алуы барша қауымның орынды наразылығын тудырып, түрлі пікірлерге өзек болуда. Қоғам қайраткері ретінде бұл оқиғаның жай-жапсарын зерделеп көрдіңіз бе?
-Иә, ауыр жағдай. Биылғы жылдың қаңтар айының басында Қарағанды облысының Нұра ауданында «Охотзоопром» БП» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының инспекторы Ерлан Нұрғалиевтың қызмет бабында браконьерлердің қолынан қаза тауып, инспектор Петр Ницыктың ауыр жарақат алғаны ашық күнде түскен найзағайдай әсер қалдырды. Жұртшылықтың бұл оқиғаға қатысты талабы орынды. Мен де қылмыскерлер заң талаптарына сай жазаларын алу керек деп есептеймін. Солай боларына күмән жоқ. Алайда біз оларды соттаумен, бұл мәселені түбегейлі шеше алмаймыз. Сондықтан оқиғағаның орын алуы себебін зерделеп, кемшілікті жоюдың шараларын жүзеге асыруымыз керек.
Сенаторлар бұл мәселені өз назарына алды. Жуырда бұл жағдайға қатысты Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінде арнайы жиын өтті. Оған Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің жауапты өкілдері шақырылып, қанды оқиғаның себептері талқыланды.
-Не білдіңіздер?
-Бүгінгі таңда «Охотзоопром» БП» РМҚМ, жануарлар дүниесін қорғайтын аумақтық органдар мен резерваттардың материалдық-техникалық жағдайы ешқандай сын көтермейтін болып шықты. Олар қолданып жүрген техниканың 60 пайызға жуығы әбден ескірген. Қолдағы бар санаулы тікұшақ орман шаруашылығына ғана пайдаланылады екен. Ал жануарлар дүниесін қорғауға техниканы қолдануға рұқсат берілмеген. Сонымен қатар инспекторлардың байланыс, алыстан көруге арналған замануи арнайы жабдықтары жоқ. Осындай жағдайда, яғни желдің өтінде, күннің суығы мен ыстығында басын қатерге тігіп жұмыс істейтін олардың жалақысы өте аз. Сонымен қатар олардың жұмыс жүктемесі екі есеге көп. Әрбір инспектор орта есеппен аулауға тыйым салынған 6 миллион гектар жерді бақылауға алуы керек. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын инспекторлардан құралған 36 топ екі ауысымға бөлінген. Әр топта небары 6 инспектор және 2 автокөлік бар. Инспекторларға ешқандай әлеуметтік артықшылық қарастырылмаған.
Олардың қасында броконьерлердің бес қаруы сай. Жол бағытын көрсетіп отыратын заманауи құрылғы, желден жүйрік көлік, алты қырдың астынан жылдам хабар алдыратын байланыс жабдықтары бар
-Олардың алдында өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғайтын сақшыларымыздың қолы жіпсіз байлаулы десеңізші. Осының салдарынан біздегі сирек кездесетін аң-құстар броконъерлердің қолынан қырылып жатыр …
–Иә, соңғы үш-төрт жыл ішінде 3 мыңға жуық киік атылып, қоршаған ортаға 3,5 миллиард теңге зиян келтіріліпті…
-Негізі далалық жолға бейімделген, жүрдек көліктерді мұндай мақсатта пайдалану заңға қайшы емес пе?
-Иә, біздің табиғат қорғаушыларымыз оңай олжаны көздеп, сирек аңдарды қырып жатқан брокеньерлер алдында дәрменсіз болып отыр. Негізі тиісті заңнамаға сәйкес ол көліктер қылмыс құралы болып есептелетіндіктен мемлекет пайдасына тәркіленуі қажет. Алайда, бүгінде қоршаған ортаға, қыруар шығын келтіріп жатқан браконьердің басым көпшілігі жеңіл жаза алумен құтылады немесе істері сотқа жетпей қысқартылып көліктері қайтарылып беріледі. Жаза болмаған жерде қылмыс етек ала береді ғой. Негізінде мұндай жағдайда олардың аң аулауға пайдаланған көліктерінен айырып, барлық құралдары тәркіленіп алынса, браконьерлерлік жойылар еді.
-Брокеньерлер сонда қалай жазадан құтылуда? Бұл заңнамалық талаптардың әлсіздігінің салдары ма, әлде оның басқа себебі бар ма?
-Өкінішке орай, браконьерлер көп жағдайда қылмыстық жазадан оңай құтылуда. Статистикаға сүйенсек, инспекторлардың қолына түскен 800-ден астам күдіктінің 17-сі ғана сот шешімімен бас бостандығынан айырылыпты. 158-інің бас бостандығы шектелген. Қозғалған қылмыстық істің жартысынан астамы дәйекті айғақтар жоқ деген желеумен сот отырыстарына жетпей, қысқартылыпты. Мұны көріп отырған жастар бұл қызметке қалай келеді? Соңғы кезде орман инспекторларының қатары сиреп барады. Бұлай бола беретін болса, алдағы уақытта біздің ен даланың байлығы, табиғатымыздың көркі, қоршаған ортаның тепе-теңдігін сақтап отырған сирек аң-құстарымыздың мүлде жойылып кетуі әбден мүмкін.
-Сонда қайтпек керек?
-Мемлекет аумағында «Қызыл кітапқа» енгізілген сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар аң-құс түрлерін сақтау және олардың санын көбейту үшін қолданыстағы бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Сенаттағы салалық комитеттің аталмыш отырысында осындай ортақ мәмілеге келдік. Онда депутаттар тиісті заңнамаға жануарлар дүниесіне зиян келтірушілердің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша жүргізілетін тергеу амалдарының, сот сараптамаларының сапасын жақсарту, бақылау мен қадағалау шараларын күшейту, браконьерлік әрекеттерге қолданылған көлік түрлерін тәркілеу және сот шешімі бойынша оларды «Охотзоопром» БП» РМҚМ, жануарлар дүниесін қорғайтын аумақтық органдар мен резерваттардың құзырына өткізу, инспекторлардың қызмет барысында қару қолдану ережелерін нақты айқындау, осы бағыттағы уәкілеттіктерін қайта қарау жөнінде ұсыныстар жасалды.
– Ой бөліскеніңізге рақмет.
Айша Қуан