27-10-23 |
3070 рет қаралған
«Алқабилер сотына да деген қажеттілікті тудырған қоғам сұранысы».
«Алқабилер сотына да деген қажеттілікті тудырған қоғам сұранысы»

Сот саласы жылдан-жылға жаңғырып, мейлінше халықаралық талаптарға сәйкестендіріліп келеді. Осы мақсатта қолға алынған маңызщды бастаманың бірі – алқабилер институты. Зайырлы, адам құқығын қорғауды басты орынға қоятын өркениетті елдердің тәжірибесіне бұл институт әлдеқашан енгізілген. Ал Қазақстанда алқабилер 2007 жылдан бері сот жұмысына араласып келеді. Алқабилердің қоғамдағы маңызы қандай? Олар өзіне жүктелген міндетті талапқа сай атқара алып отыр ма? Құқықтық мемлекеттерде өзін ақтаған жобаның болашағы туралы Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы  Ринат Ақпардан сұраған едік.

– Ринат Миратұлы, Алқабилер институты көңілден шығып отыр ма?

 – Құқықтық мемлекет құру бағытында қолға алынған сот реформаларының жарамсыз болып қалған кезі жоқ. Өйткені, әрбір реформа қоғамдағы жағдайды зерделеп, заңдық тұрғыда туындаған мәселелерді шешу мақсатында тәжірибеге енгізіледі. Алқабилер сотына да деген қажеттілікті тудырған қоғам сұранысы. Қазір ақпаратқа шектеу жоқ. Азаматтардың бәрі әлемдегі заң, құқық бойынша оң өзгерістерді ғаламтор арқылы көріп, бақылап отыр. Сондықтан, алқабилер институты енгізілмей тұрып-ақ жұртшылық халық өкілдері қатысатын сот отырыстарының тарихы мен тәжірибесінен жалпылай хабардар. Тіпті, осы жаңашылдық енгізілмей тұрып студенттердің өзі сот өкілдерімен кездесу, басқосуларда алқабилер институтының Қазақстанда қолға алынбау себебін сұрап жататын. Осындай үлкен сұраныстан кейін заң шығарушы орган, заңгерлер, ғалымдар, соттар алқабилер институтының Қазақстанға лайықты моделін зерделеуге күш салды. Өйткені, жергілікті халықтың менталитетіне сай келмейтін заң, бастамалардың уақыт өте келе қажетсіз болып, қолданыстан шығатынын өмірдің өзі дәлелдеді. Сондықтан, «Алқабилер туралы» заңды жазып, жаңашылдықты енгізуге еліміз тыңғылықты дайындалды. Нәтижесінде 2006 жылы арнайы заң қабылданып, халық өкілдерінің сот отырысына қатысып, билік айтуының құқықтық негізі жасалды.

– Міне, содан бері он жеті жыл өтіпті. Халық алқаби институтының маңызын түсінді ме? Сот төрелігіне қатысуға азаматтардың ынтасы қалай?

– Шыны керек, бұл жаңашылдық сот саласы мен халықты жақындату мақсатын көздейді. Осы жылдары халықтың сотқа деген сенімін нығайту мақсатында қаншама реформалар қолға алынды. Сот жұмысын барынша ашық ету, сотқа деген қолжетімділікті қалыптастыру күн тәртібіндегі басты мәселе болды. Сот жұмысына, судьялар қызметіне қатысты сын-ескертпелерді азайту үшін түрлі жиындар, қоғамдық қабылдаулар тұрақты өткізілді. Тұрғындарды төрағалар ай сайын қабылдап, айтылған сын-ескертпе, ұсыныс-тілектердің бәріне дер кезінде мониторинг жасалды. Әрі осы ескерпелерге сай нақты шаралар қабылданып, жаңа реформалар жүзеге асырылды. Осы ретте алқабилер институты – халықтың сот отырысына қатысып, сот жұмысының ішкі жағдайын көзбен көруіне мүмкіндік беретін пәрменді тетік ретінде қарастырылғанын айта кеткеніміз жөн. Сот табалдырығын аттамаған, соттың тылдағы қызметін түсінбейтін, судьяның үкім шығарғандағы еңбегі мен ізденісінен, жан күйзелісінен бейхабар жандар көбінесе ұшқары пікір айтып, сотты негізсіз сынауға бейім. Көпшілігі судьяның әрбір үкімді жүрегінен өткізіп барып қабылдайтынын түсінбейді. Оларға айыпты орындығында отырған адамның жан күйзелісі, толқынысы мүлде жат. Ал алқаби болу арқылы азаматтар сотта төрелік етудің жауаптылығын, қылмыстың ар-қарасын анықтап, ара жігін айқындаудың ауырлығын шынайы түсінер еді. Өзі сот процесіне қатысып, сот жұмысын толық түсінген азаматтың ертеңгі күні ойланбай сын айтпайтыны тағы белгілі. Мұның тағы бір артықшылығын айта кетуіміз керек. Алқаби болу арқылы азаматтар өзінің құқықтық сауатын арттырады, соттың, прокурордың, адвокаттың, аудармашы мен куәгерлердің жұмысымен, міндет-мақсатымен танысады. Қылмыстық іс қаралғандықтан, заңды оқуына, өзінің құқықтық сауатын көтеруге мүмкіндік алады. Тағы бір маңызды тұсы – алқабилер сотқа ісі түскен азаматтың ертеңгі күнге деген үміті іспеттес.

Алқабилердiң қатысуымен  қылмыстық сот iсiн жүргiзудi  жүзеге асыру күдіктінің, айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты бойынша жүргiзiледi. Ондай өтініш сотқа түспесе және істі сотта алдын ала тыңдау барысында сотталушы алқабилердiң қатысуымен істі қараудан бас тартса, онда қылмыстық істі судья алқабилердің қатысуынсыз қарайды.

Десек те, осындай маңызды институттың артықшылығын халық толық түсініп, бағалап отыр дей алмаймыз. Біздің азаматтардың ақиқатты айқындайтын, заң үстемдік құратын сот төрелігіне қатысуға деген белсенділігі өте төмен. «Алқаби туралы» заңға сай кандидаттарды жергілікті әкімдік жасайды. Соған орай мемлекеттік органдар алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімін қалыптастыру үшін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық-талдау жүйесіне мәліметтер ұсынуға міндетті. Осы тізім ішінен алқабилердi iрiктеу жабық сот отырысында жүргізіледі. Сотта iстi қарайтын алқабилер алқасы негiзгi құрамдағы он және қосалқы екi алқаби құрамында жеребе тастау арқылы жасақталады. Ал енді осыншама іріктеуден өтіп, таңдалған алқабилер құқығы мен міндеті жан-жақты түсіндірілгеніне қарамастан сот отырысына келмей қалады, немесе кешігіп келеді. Кейбірі жұмыс берушінің жібермегенін сылтау етеді. Сот отырысы – көрінгеннің ойыншығы емес. Мұнда адам тағдыры таразыға түседі. Сондықтан алқаби ретінде таңдалған азаматтар өзінің судьямен теңдей құқыққа ие екенін ұмытпауы керек. Және сот отырысына келмей қалған, сот отырысының өтуіне қолдан кедергі келтіргендер жауаптылыққа тартылады. Алқаби ретінде таңдалған азаматты жұмыстан босатпаған басшының да жауаптылыққа тартылатынын ескере кеткеніміз жөн. Оның үстіне, алқаби болғандар ақысыз қалмайды. Оларға қатысқан күнінің санына қарай судьтя айлығының 50 пайызы төленеді.

– Азаматтардың бәрі алқаби бола ала ма?

– Жоқ, алқаби болудың тәртібі, ондағы шектеулер «Адқабилер туралы» заңында нақтыланған. Соған сәйкес, жиырма бес жасқа толмаған; бұрын сотты болған, сот әрекетке қабiлетсiз деп таныған азаматтар алқаби бола алмайды. Сонымен бірге, судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi де алқаби бола алмайды. Психикалық, мінез-құлықтық ауытқушылығына байланысты денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар да алқаби тізіміне енгізілмейді. Ал жалпы алғанда алқабиге үміткерлер қатарына енгiзілетін азаматтардың шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты ешқандай шектеу жоқ.

Әрине, тізімге енгендердің бәрі алқаби бола алмайтын сәттер де кездеседі. Мәселен сотта қаралатын қылмыстық iс бойынша алқабиге үміткер сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмесе, сот отырысына қатысудан босатылады. Дене кемiстігіне, психикалық кемiстiгiне байланысты алқаби міндетін атқара алмайтын азаматтар да сот отырысына қатыспауға құқылы. Алпыс бес жастан асқан қарт адамдар; дiни қызметшiлер де өздерiнiң жазбаша өтiніші бойынша алқаби болудан бас тарта алады.

  Сот отырысының орны мен басталу уақыты туралы хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге міндетті. Азаматтың дәлелсiз себептермен келмей қалуы Қазақстан Республикасының заңында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

– Алқабилердің негізгі міндеті қандай? Сот отырысына қатысатын халық өкілдері өзіне жүктелген жұмысты атқара алып жүр ме? 

–  Жалпы, алқаби болуға жүрдім-бардым, салғырт қарауға болмайды. Негізі алғашында бұл қызметтің миссиясын түсінбегендер алдына айыпты келіп, өздерінен көмек күткенде ғана жауаптылықты іштей түйсініп жатады. Алқаби болудың маңызы айрықша. Олар да адам тағдырына жауапты судьялар мен дәрігерлер сияқты қылмыстық сот iсін жүргiзуге қатысу үшiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен ант қабылдайды. Осылайша әр алқаби сотта қаралған барлық дәлелдемелерді, дәлелдерді, істің мән-жайын назарға алып, ерікті азамат және әділ адам ретінде істі өзінің ішкі нанымы мен ар-ожданы бойынша шешуге ант қабылдайды.

Алқабилер сот процесі барысында iстiң мән-жайын өз бетiнше бағалап, дәлелдемелердi зерттеуге қатысады. Шындықтың салтанат құруына белсенділік танытып, процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоя алады. Төрағалық етушi алқабидің өтініші бойынша заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етiлген құжаттардың мазмұнын және iске қатысты, түсiнiксiз мәселелердi түсiндiріп беруге міндетті. Жалпы, азаматтар өзі жақсы түсінбеген, күмәнін туғызған сұрақтарды төрағалық етуші судьяға қоюдан қорықпауы керек.

Дегенмен, өзіне жасалған артықшылық пен құзыретті пайдаланып, алқабилердің шекарадан шығуына да жол берілмейді. Айталық алқабилер сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмiне бағынуға тиіс.  Сондай-ақ, сот отырысында үзiлiс жарияланған немесе істі тыңдау кейiнге қалдырылған жағдайда, сот талқылауын жалғастыру үшін сот көрсеткен уақытта келу де алқабидің міндеті. Бұдан бөлек, алқабилердің істi тыңдау кезiнде сот отырысы залынан кетуге, сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнің рұқсатынсыз сөйлесуге;  iстi қарау барысында белгілі болған мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға; жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқығы жоқ. Алқабидiң осы талаптарды бұзуы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады. Сондай-ақ тәртіп бұзған алқабиді төрағалық етушінің iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттетуі де мүмкін.

– Алқабилер институтына қатысты пікірлер әр алуан. Бір кезде тіпті бұл институтты қолданыстан алып тастау керек дегендер де болды.

– Алқабилер институтынан бас тарту – халықаралық үдерістен бас тарту деген сөз. Өркениетті, дамыған елдердің құқықтық алаңының бір бөлшегіне айналған бұл жобаны мойындамау, кері кетумен бірдей. Жоғарыдағы ұсынысты айтушылар алқабилер тізімінде кететін кемшіліктерді алға тартып жүр. Сонымен қатар, тұрғыны аз елімізде алқаби ретінде таныс, туыстың таңдалуы мүмкін екенін алға тартуда. Ал заңда сотта ісі қаралатын азаматтың туыс, жақындарының алқаби болуына тыйым салынған. Сондықтан, жоғарыдағы уәжді негіз етіп алқабилер институтынын бас тарту қате.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 631- бабында  көрсетілгендей, алқабилер  тек  аса ауыр қылмыстар туралы істерді қарайды. Ал ауыр қылмыстар қатарына он екi жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген, қасақана жасалған іс-әрекеттер жатады. Қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотта және қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық әскери сотта алқабилер қатысатын сот бiр судьяның және он алқабидiң құрамында әрекет етедi. Бүгінге дейін алқабилер өзіне жүктелген сенімді толық ақтағандықтан, жаңа институттың көкжиегі кеңейіп, халық өкілдері қатысатын істердің санаты өскенін айта кеткеніміз жөн.

 – «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне алқабилердің қатысуымен сот қарайтын істер санатын кеңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңның қабылданғаны белгілі. Бұл заң алқабилер құзыретін қаншалықты кеңейтті?

– Бұл заңның Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында берген тапсырмасы негізінде дайындалғаны мәлім. Осы уақытқа дейін алқабилер соты қараған істердің он пайызына ақтау үкімі шығарылған. Содан болар, сотталушылар да өз ісінің алқабилер арқылы таразыланғанын қалайды. 2013 жылдың шілде айынан бастап алқабилер соты

қарайтын істер санаты қайта азайтылған еді. Осылайша бұл сотқа тек өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыруға әкеп соғатын істерді ғана қарау тапсырылған. Алайда, бұл өзгерістің  енгізілуі алқабилер қатысатын істердің күрт азаюына ықпал етті.  Соның кесірінен халық өкілдері жылына шамамен 50-60 істі ғана қарайтын болды. Халықтың талап-тілегі ескеріле келе 2015 жылы алқабилер қарайтын істер санаты аса ауыр қылмыстардың 14 құрамымен толықты. Ал 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алқабилер қарайтын істер тағы 16 құрамға көбейді. Соның нәтижесінде келесі жылдан бастап алқабилердің қатысуымен аса ауыр қылмыстардың басым бөлігі таразыға салынады.

– Алқабилер институтының жұмысына қатысты мазмұнды сұхбатыңызға рақмет!

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.