arasha.kz

Шораев: Президентіміз «Nur-Otan» партиясына төраға болса ол – үлкен саяси қателік!

Баршамыз білетіндей, Қазақстандағы саяси жүйенің кемшіліктерін қаңтардағы оқиғалар нақты көрсетті. Енді қандай өзгерістер болуы мүмкін? Халық не күтеді? Жалпы Қазақстанның саяси жүйесі өзгере ме? Осы жөнінде белгілі қоғам қайраткері Арман Төлегенұлы Шораев arasha-ға сұхбат берді.

– Арман Төлегенұлы, Президентіміз жақында жаңа Үкіметтің мүшелерін тағайындады. Парламенттің де тарауы мүмкін бе?

– Парламенттің тарауы мүмкін емес. Парламентті тарату керек деп білемін. Өйткені, біздегі Парламент өткен дәуірдің Парламенті. Ол жерде сау адам жоқ! Сол жерде халықтың мұң-мұқтажын ағынан жарылып айтатын азаматтар жоқ. Бір-екі адам бар шығар, бірақ олар да биліктің сойылын соғып келе жатқан адамдар. Сондықтан Парламентті мүлдем құрту керек!

– 28 қаңтар күні «Nur-Otan» партиясы кезектен тыс съезін өткізеді. Қалай ойлайсыз, төрағасы ауысқаннан  кейін бұл саяси институттың қызметі өзгере ме?

– Жалпы, меніңше «Нұр-Отан» партиясы кезектен тыс съезінде мынаны мойындауы керек: «Міне, осы қантөгіске, бұл жағдайға біз кінәліміз! Сондықтан өз еркімізбен тараймыз!» деген шешімге келсе, ең дұрыс шешім сол болар еді. Сонда олар абыроймен кетер еді. Қарабет болды ғой енді. Ертең Президентіміз сол партияға төраға болып сайланса, ол да саяси қателіктердің бірі болып саналады деп білемін! Жалпы, Президент болып сайланған азамат ешқандай да саяси күштердің өкілі болып танылмауы керек. Ол партияның, жеке саяси күштердің атынан сөйлейтін азамат емес, бүкіл халықтың атынан сөйлейтін адам болуы керек! Сондықтан ешқандай партияға қатысы болмауы керек деп есептеймін! «Нұр-Отан» мал болмайды, ол ешқандай партия емес, егер әділетті сайлау өтетін болса келесі сайлауда ешқандай дауыс жинай алмайды. Кеше Бауыржан Байбек мырза «бізді қолдайтын 800 мың адам бар» деп айтып отыр. Айналайын, Алматымызды талан-таражға салып жатқанда, тонаушылар тонап жатқанда сол 800 мың адам қайда болды?! Тығылып отырды ма? Неге аузына келгенін соғып отыр Байбек мырза?

– Парламентке қайта оралсақ, Сіз ойыңызша, осы заң шығарушы органда  демократия талабына сай, қандай өзгерістерді жүргізу керек? Жалпы, қоғамда мынадай пікір бар: Қазақстанға екі деңгейлі Парламенттің қажеті жоқ және депутаттардың саны тым көп. Осы пікірмен келісесіз бе?

– Иә, бұл пікірмен бұрыннан келісемін. Біріншіден, бізге Сенат мүлдем керек емес! Өйткені, біз федеративті емес, унитарлы мемлекетпіз. Сенат деген федеративті мемлекеттерге сәйкес келеді. Сондықтан тек қана бір палата болуы керек. Соның ішінде айтып отырғанымдай, мажоритарлы жүйемен, жалғыз мандатты округпен сайлауға болады, қалғаны саяси партиялардың тізімімен болады. Жалпы менің ұсынысым – бүкіл партияларды тарату қажет. Олардың бәрі сау сиырдың боғы емес. «Ақ жол» олигархтардың партиясы, «Қазақстанның халық партиясы» үндеместердің партиясы. Сондықтан бұл жерде сау, еті тірі партия жоқ. Сондықтан олардың бәрін тарату керек!

– Егер жақын арада Парламент тараса, жаңа фигуралар ретінде кімді ұсына аласыз?

– Еліміздің түкпір-түкпірінде «мен» дей алатын азаматтар бар. Активистеріміз де бар. Солардың ішінен еліне, туған өлкесіне жаны ашитын мыңдаған азаматтар бар. «Ешкім жоқ, тек қана біз бармыз» деген далбаса сөз! Жаңа сайлаудың алдында бүкіл заңдарды өзгерту керек. Егер әділетті түрде сайлау өтетін болса, оған жаңадан құрылған партиялар қатысқаны жөн. Одан бөлек бізде мажоритарлы принциппен сайлаулар болған. Ол жерде ешқандай партияға қатысы жоқ беделді азаматтар шығып, сайлануына мүмкіндік болады. Өткен оқиғалардан көріп отырғанымыздай, біз де намысты, білімді азаматтар бар. Әсіресе, аймақтық деңгейде. Сондықтан неге біз тек қана астаналықтарға немесе алматылықтарға сүйенеміз? «Бәріміздің де алтын бесігіміз ауыл» деп көпіреді ғой депутаттар, сол сияқты бәріміздің шыққан жеріміз, кіндік қанымыз тамған жеріміз ол – ауыл.

– Парламенттің келесі шақырылымында «Nur-Otan» партиясы қайтып доминантты партия бола ма?

– Жоқ, болмайды. Ел болып болдырмауымыз керек! Міне, доминантты партия қандай жағдайға әкелегенін көріп отырмыз ғой… «Нұр-Отан» дегеніміз, сол баяғы совет дәуірінен келе жатқан тәжірибе. Бір партия деген сияқты, олардың қырып-жойып жатқандары шамалы. Сондықтан біз де бәсекелестік болуы керек. Ешқандай доминант болмауы керек, ірі, мықты бірнеше партиялар болуы керек. олар бір-бірімен «коалиция» жасай ма, бір-бірімен төбелесе ме, бүкіл будың бәрі сол Парламенттің ішінде шығуы керек деп ойлаймын. Егер бізде сондай дамыған партиялар болса, біз мұндай жағдайға келмес едік, ешқандай қақтығыс болмас еді. Өйткені, батыстағы біздің бауырларымыздың айтып жатқан мұң-мұқтажын сол жерде жеткізетін еді. Мынау утильсбор болсын, СБЕР болсын тағы басқа маңызды тақырыптарды сол жерде талқылап, ешқандай қантөгіссіз баяғыда шешуге болар еді.

– Кезінде тұңғышррезиденті өз құқығын пайдаланып, сенаттың біраз бөлігін өзі тағайындайтын, сіздің ойыңызша, Тоқаев осы құқығын  пайдалана ма?

– Бұл жерде саяси еркіндікке байланысты. Сондықтан ол тұңғыш президенттің жолын ары қарай жалғастырғысы келсе, онда әрине ол да саяси қателік болып саналады деп ойлаймын! Бізде аға-көкеміз қызметінен айырылып қалса, сенатқа апарады. Дәл сондай тәжірибе ары қарай жалғасатын болса, онда ол да дұрыс болмайды.

– Билік қаңтардың басында болған оқиғаларды сипаттаған кезде оған қатысқан адамдарды террористер мен экстремистерге теңеді. Оның себебі неде?

– Бұл жерде шынымен үлкен қателік бар. Бұл – қазақты арандату деп ойлаймын. Өйткені, бүкіл алаңдарға шыққан азаматтарды террорист деп қаралау – халыққа жасалған қастандық! Басында өзіміз көрдік қой, батыста болсын, басқа қалаларда болсын кәдімгі бейбіт шерулер болды. Ол жерде ешкім ештеңені қиратқан да жоқ. Өздерінің талаптарын қойды. Меніңше, сол бейбіт шеруді жоққа шығару үшін Кәрім Мәсімов мырза, соның қолшоқпарлары әдейі осындай тонаушыларды бейбіт шеруге енгізіп жіберді. Бейбіт шеруге шыққан азаматтардың бәрін «террористер, тонаушылар» деп қаралау үшін осылай жасады. Ол – ең үлкен қателік! Бұл жүйе ақырын өзгеріп жатыр ғой. Бірақ та осы жүйеде билікпен қоштақысы келмей отырған  өткен жүйенің азаматы көп…

– Қаңтар қақтығысы кезінде Тоқаев өзін қолбасшы, стратег, тактик, дарынды саясаткер ретінде көрсете алды ма? Қалай ойлайсыз?!

– Мен ондай баға бере алмаймын! Өйткені, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының күштерін кіргізу ең үлкен саяси қателік болды. Мен ол сөзімнен айнымаймын. Бұл – ертеңімізге қауіп. Өйткені, бұл жерде ҰҚШҰ-ның басқа мүшелері бар ғой, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения бар сол жерде отырған басшылар ойына келгенін істеп, ертең өзінің халқымен күресу үшін оңайлықпен сол әскерилерді енгізе салады. Ол дұрыс емес. Жалпы, мұндай күрделі мәселелерді бір адам шешпеу керек. Бір адам шетелдік әскер кіргізуді шешпеу керек. Бұл жерде біздің Конституциямыз да, заңдарымыз да бұзылды. Өйткені, кіргізер алдында ол кісі біздің Сенат пен Мәжілісіміз қандай болса да, ең алдымен солармен кеңесуі керек еді. Тек содан кейін ғана шақыруына болар еді. Конституцияға бағынуымыз керек. Ертең мысалы, Тәжікстанның Президенті «маған Талибан шабуыл жасап жатыр, көмектесіңдер» десе ертең біздің қара домалақтарымыз барып, Талибанмен шайқасуы керек пе? Немесе Армения Президенті «Әзербайжан әскерлері шекарамызға шабуыл жасап жатыр» десе, сонда біздің қазақтың балалары өзіміздің бауырлармен (Әзербайжан) соғысуы керек пе?! Енді соған мүмкіндік ашылды. Сондықтан мен оған қарсымын! Мұны болдырмауымыз керек. Жалпы, ҰҚШҰ керек емес, біз одан шығуымыз керек!

– Осы уақытқа дейін митингке қатысып көрдіңіз бе? Билікке қатысты концептуалды бағдарламарыңыз бар ма?

– Тәуелсіздікті жаңадан алып жатқан кезде Көкшетау қаласында болған митингке қатысқанмын. Казактар өздеріне Көкшетауды, Солтүстік Қазақстанды Ресейге қосамыз деген сепаратистік сипатта болған митингті жасағанда біз соған қарсы шыққанбыз. Одан кейін ешқандай митингке қатысқан жоқпын. Осы жолы 3 қаңтар күні Ферғанаға (Өзбекстан) ұшып кеткем. Өйткені, одан қырық күн бұрын әскерде бірге болған жан досым қайтыс болды. 4 қаңтар күні Ферғанаға бардық. Одан қайтып келгенше шекаралар да жабылып қалды. Сондықтан осы жолы ешқандай митингке қатысқан жоқпын.

Концептуалды бағдарламаға келер болсам, демократиялық құндылықтар бірінші кезекте болады. Яғни демократиялық реформаларды жасау керек. Біз де тәуелсіз сот, тәуелсіз Парламент, тәуелсіз партиялар болуы керек.

Осы 30 жылдың ішінде бір бүтін ұлт бола алмадық. Сондықтан елімізде Ресейдің телеарнасын көрсетуді тоқтатуымыз керек. Бәрін қазақ тіліне көшіруіміз керек. Бұл жерде мен орыстарды ұнатпағаным емес, орыс тілі біз де өшпейді де, өлмейді де. Біздің балаларымыз, немерелеріміз орыс тілін оп-оңай жаттап алады. Елімізде кез келген азамат қазақ тілін білуі керек, орыс, корей болсын. Тіл деген әріптер мен сөздер ғана емес қой. Сондықтан мемлекетті біріктіретін тек қана тіл. Алдымыздағы 10-15 жылға қазақ тілін ту етіп қоюымыз керек. 20 жылдан кейін бізде 50-70 пайыз емес, 100 пайыз мемлекеттік тілді білуі керек. Ол үшін «преференция» жасауымыз керек. Мәселен, егер орыс баланы ата-анасы қазақтілді балабақшаға береміз десе, «айналайын көк тиын төле ме, саған тегін» деген сынды немесе өзге ұлт баласын қазақ мектебіне берем десе, ай сайын 10-20 мың болсын жәрдемақы беру сияқты дүниелерді жасау керек. Егер басқа ұлттың балалары университетке қазақ бөліміне түсем десе, «саған жататын орын тегін, стипенция төленеді» деу керек. Яғни, мемлекеттік қолдау болуы қажет. Біз енді капитализм жүйесінде өмір сүріп жатырмыз ғой. Сондықтан тек қана мотивация экономикалық жағынан болуы керек. Сондай жағдай жасауымыз керек. Өзіңізде білесіз ғой, ортамызда жүрген өзге ұлт өкілдері бізден артық білетіндер бар. Оларды басқа ұлт деп кім айтады? Оларды қазақ тілінің жанашыры емес деп кім айтады? Ертең біреу соғыс жарияласа, олар біздің жағымызда болады. Сондай азаматтарды тәрбиелеуіміз керек.

– Үкіметтің жаңа құрамынан кімдерді көргіңіз келеді?

– Мен жаңа Үкіметтен Мұхтар Жәкішевті көргім келеді. Ол «Қазатомпром» компаниясын Еуразияда ғана емес, бүкіл әлемде нөмірі бірінші мекеме еткен азамат. Уран өндіруден ең бірінші орынға қойды. Ресейдің теріс ықпалынан кейін осылай зардап шекті. Қазір сондай кризис-менеджерлер керек. Әкежан Мағжанұлын да елге қайтару керек. Ғалымжан Жақиянов бар. Олар қазақтың жауы емес, қазақтың жанашыр азаматтары. Жалпы қазаққа бөлінуді қою керек. Соңғы оқиғалардан да көрдік, батыс бастады, басқа өлкелер де қолдады. Тіпті ешқашан алаңға шықпаған Павлодар қаласы мен Қостанай қаласының азаматтары қолдады. Ол жерде тек қазақтар емес, орыстар да шықты. Қазір Павлодарда қудаланып жатқан азаматтардың ішінде қазақтар ғана емес, орыстар да бар. Сондықтан бұл жерде тек қазақтар шықты деп бөлуге болмайды. Оған да тәубе.

– Биліктің неше түрлі шешімдеріне әлеуметтік желілер арқылы халықтың өкілі ретінде пікіріңізді айтып жүрсіз. Бұл енді саяси күреске жатпайды. Осы тұрғыдан келгенде саяси партия құрып, саяси аренаға шығу ойыңызда бар ма?

Әрине бар. Саяси өмірге жеңімізді түріп кірісеміз. Жалғыз ғана мен емес, Құдайға шүкір, біздің елімізде мықты азаматтар бар. Тек қана Алматы, Астана емес, өлкелерімізде де бар. Сондай үзеңгілес азаматтармен жақында саяси қозғалысты қолға аламыз!  Олай етпесе болмайды. Мені қойшы, жарайды, мен біраз нәрсені көрдім. Бірақ та бұл елде менің ұрпағым дамыған, демократиялы, парақорлығы жоқ, заңсыздыққа жол бермейтін мемлекетте емін-еркін өмір сүруі керек. Әр қазақ солай ойлайды деп ойлаймын! Сол болашақ үшін бәріміз жұмыс жасауымыз керек!

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Назерке Еркінқызы

Exit mobile version