12-11-20 |
600 рет қаралған
«Ассамблея конституция принцптерін бұзып, қазақ ұлтын ыңғайсыз жағдайға түсірген ұйым».
«Ассамблея конституция принцптерін бұзып, қазақ ұлтын ыңғайсыз жағдайға түсірген ұйым»

11 қарашада қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев қатысқан Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің отырысы болды. Қазақстан халқы ассамблеясы туралы қоғамда қарама-қайшы көзқарастар көп. Ұйымның құрылымы мен мәртебесі, қажеттілігі туралы ұзақ жылдардан бері айтылып келе жатқан сыни пікірлер де бар. Конституциялық мәртебе берілген, 9 депутат сайлай алатын аталмыш ұйым жайлы «Ұл тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім мырзамен қысқа сұхбат жасаған едік.

Дос Көшім
Дос Көшім

 

– Ассамблея ұйым ретінде жүйедегі өзінің саяси функциясын атқарды. Енді бұл ұйымды билік не үшін ұстап отыр?

– …Демек өзінің саяси функциясын атқарып болған жоқ. Билік Ассамблеяны Назарбаев үшін құрған жоқ, Назарбаев билікпен бірлесе отырып Ассамлеяны құрды. Өкінішке орай, билік әлі өзгеріске түскен жоқ, сондықтан Ассамлеяда да өзінің саяси аренадағы орнын сақтайды. Билік бұл ұйымды өздеріне қажеттілігі үшін ғана ұстайды. Әрине, мақсаттары жақсы, оған сөз жоқ, – ұлттарды ұйыстыру, біртектілікті дамыту, қазақ тілі аясында елдің бірлігін нығайту, т.т. Бірақ, сонымен қатар, Президенттің билігін созу туралы бастама көтеру, авторитарлық билік жүйесін нығайту сияқты саяси ойындарға да осы ұйымды тартады. Бір сөзбен айтқанда, Ассамблея – жақсы сөз, жақсы ниет арқылы жаман жүйені ұстап тұрудың құралына айналды.

– Ассамблеядан 9 депутат сайланады. Бұл сайлаудағы азаматтардың теңқұқықықтылығын бұзып, қоғамды қолдан бөлшектеу емес пе?

– Бұл – сан мәртебе талқыланған мәселе. Мен Қоғамдық палатаның мүшесі болып жүргенде, ұмытпасам, 2008 жылы, «Ассамблея туралы заң» алғаш рет талқыға түсті. Сол жерде бұл Конституциялық заңға, оның ішінде Ассамблеядан депутаттар тағайындалуына (шын мәнінде сайлау емес, тағайындалу) қарсы баяндама жасап, бұл заңның әрбір бабын іске алғысыз қылғанмын. Әрине, бұл біздің Ата заңымыздағы «бір адам – бір дауыс» деген принципті де, «ұлтына, дінініе, т.т. қарамай бәрінің құқығы тең» деген принципті де бұзып тұр. Ең бастысы, бұл – «қазақтар басқа ұлт өкілдерін Парламентке жібермейді екен. Сондықтан осындай квота берілді» деген жалған тұжырым тудырды. Қазақ ұлтын ыңғайсыз жағдайға қалдырды.

Шынына келсек, Ассамблеяның статусын әлі де түсіне алмаймыз. Егер үкіметтік емес ұйым болса, мемлекет тарапынан қаржыландырылмауы керек. Олардан депутаттар тағайындалмауы керек. Ал мемлекеттік орган болса, о заман да бұ заман, мемлекеттік органнан 9 адамның Парламентке баруы – ақылға симайтын мәселе. Қысқасы, заңдық тұрғыдан келгенде, Ассамблея – есек пен жылқыдан туған қашыр сияқты.

– Мемлекет құрушы халық саны 63% құрап отырған елде ассамблеяға конституциялық мәртебе берілуі болашақта мемлекет пен қоғамның тұтастығына қауіп төндірмей ме?

– Қазір біздің санымыз 70 пайыздан әлдеқашан асып кетті. Бірақ Ассамблея – аз ұлттардың мәселесіне арналған құрылым емес, бұл, өкіншке орай, – саяси құрылым болып отыр. Әрине, аз ұлттардың өзіндік мәселелері бар, көптеген демократиялық елдерде осы мәселені шешуге арналған арнайы министрліктер де бар. Оны – аз ұлттардың мәселесін шешетін министрлік деп атайды. (Айтпақшы, Чехияда осы министрлікті қазақтың қызы басқарды). Әңгіме, құрылымның атауында да емес. Қазақ жеріндегі сан түрлі ұлт өкілдері бірлесе отырып, осы мемлекеттің бүгіні мен болашағы үшін қазақ халқымен бірлесе отырып жұмыс істесе болды. Қазақ елінің тарихы – менің тарихым, қазақтың тілі – менің тілім деген жүрекпен жұмыс істесе жетіп жатыр. Ал отыз жылдың ішінде қазақ тілін үйренбеген Асссамблеяның белсенділерін көргенде, «біз – біргеміз» деген сөз кермек татиды…

– Осы ұйымға байланысты конституцияға өзгеріс енгізу керек пе?

– Екі өзгеріс жетіп жатыр. Біріншісі – Ассамблеядан тағайындалатын 9 депутаттық орын алынып тасталыну керек, екіншіден – Ассамблея үкіметтік емес ұйымның заңдық деңгейінде жұмыс істеуі шарт .

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.