Жазушы, Қазақстан жазуышлар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі Жәди Шәкенұлымен бүгінгі күнде ел көңілін алаңдатып отырған Қытайдағы қандастарымыздың мәселесі жайлы әңгіме өрбіткен едік.
– Қытайдың ұйғыр және қазақтарды жаппай қамауға алып, бас бостандығынан айыруының себебі не деп ойлайсыз?
– Қазіргі кездегі қытайдағы саясатқа байланысты ел іші-сыртында әр түрлі алаңдаушылықтардың туып отырғаны рас. Оның басты себебі – қытай мемлекетінің қытайда тұратын мұсылман ұлттары мен өзінің тәуелсіздігін талап ету мүмкіндігі бар шағын ұлттарға қаратқан құқықтық шектеулерінің шектен асқан зорлық-зомбылық пен қамау-жазалауға ұласып отырғандығында болып отыр.
Қытай туралы айтқанда, ежелдің-ежелінен түркі халықтарының жауы болып келгені өтірік емес. Қытай ғана емес, Азия мен Еуропа құрлығында қытай және орыс сынды екі алып империя үшінші империя – түркілердің бас көтеруіне, ел болуына қарсы болып келді. Оны құртып-жоғалту жолында жанталаса әрекеттенді. Соңғы кездері ислам әлеміне де жау болды.
2001 жылғы АҚШ-тағы «11 қыркүйек оқиғасы» қытай жағына оң ұпайлар сыйлады. Олар үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Бен Ладен оқиғасы мен Шығыс Түркістан мәселесін бір ұйымның ісі ретінде қарап, халықаралық ұйымдарды сендірді. АҚШ жағы да Шығыс Түркістан терроршыл күштері мен халықаралық терроршыл күштерді бір-бірімен байланстырып қарады.
Қытай жағы мұнымен тынған жоқ. Түркі ұлттарын құрамына алған көрші елдердің көмегіне де зәрулігін білдіріп, «ортақ қорғанысты» ортаға салды. «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» механизмінен ішкерілей пайдаланып, «Шығыс Түркістан» терроршылық қимылын барынша тізгіндеді. Қазақстан жағы да «Шығыс Түркістан Ислам партиясының» іс-қимылына тыйым салатындығын білдірді.
Қытай саясаты осылайша басқыш-басқыш бойынша мысық табандай отырып, Шынжаңдағы ұйғырлар мәселесін әлемдегі террорлық іс-қимылдың бір бөлшегі ретінде көрсетіп үлгерді. Әрі бүгінгі күнге келгенде сол ұйғыр мәселесіне қазақ сынды мұсылман ұлттарын тіркеудің сұрқия тәсілдерін қарастырды. Осындай сылтаулар арқылы шағын ұлттардың болашақта територия талап ету мүмкіндігін бүкілдей жоққа шығарамыз деп есептеп отыр. Әрі өздерінің империялық идеясына бас көтере алмайтын құлдарды дайындауға жан-тәнімен кірісуде.
– Сонда шынымен ұйғыр мен қазақ қытай үшін қауіпті болғаны ма?
– Шын мәнінде бүгінгі қытай билігінің жауы ешқашан аз санды ұлттар емес еді. Оның үлкен жауы сыртқы күштер және олармен ымыраға келген өз ұлтының зиялылары құраған ішкі жақтағы саяси және басқа да топтар болатын. Алайда сондай күштердің айла-тәсілдері де аз емес. Бірі, олар шынымен де қанды көбігі басылмаған аз ұлттар ішіндегі ушыққан мәселелерді үрлеу арқылы қытай билігінің мазасын алғысы келеді. Орайы келсе өз дербестігіне ұмтылған аз ұлттар өңіріндегі түрлі күштермен тіл біріктіруді де қалайды. Екінші жақтан, өздерінің саяси ойындары мен мемлекет қазынасын ұрлау-жымқыру сынды сан түрлі қитұрқылығын бүркемелеу мақсатында мемлекеттік қауіпсіздік күштерінің назарын өзгеге аударғысы келеді. Үшіншішіден, мейлі өздері болсын, мейлі өзге топтар болсын – ортақ қарсы жауына қарата шетел күштерін пайдаланғысы келеді. Тіпті халықаралық кейбір топтар мен ұйымдардан қаржылық қолдау күтетіндері де болады.
Бүгін де біз білмейтін, ішкі қытай аталатын өлкелерде комунистік күштерге, қытай үкіметіне қарсы топтардың өте көп екенін межелеуге болады. Сол қарсы топтар өздерін жасырын ұстау үшін де ойынның бетін басқаға бұрып, шағын ұлттар мәселесінің барынша ушығуын қалайды. Екі нардың ортасындағы шыбын секілді қасіретті ұйғыр, қазақ сынды ұлттар көріп отыр.
– Қытайда жүргізіліп отырған осы «төңкеріс» немесе «ішкі саяси күрес» қанша уақытқа жалғасуы мүмкін?
– Қытай қызылдары билік басына келгеннен кейін істерін істеп, атарын атып, шабарын шауып болған соң, «халықтан кешірім сұрай салатын» арзан ақылды көбірек пайдаланды. Уақыт озып, ескі жара жазыла бастағанда, мақсат-мазмұны бір, бірақ бейнелену әдісі басқаша жаңаша «ойын» шығарып отырудан да жаңылған емес. Тонын аударып киген сайқал саясатты біреулер сезіп, іштен тынғанмен, тағы біреулер баз баяғысынша алдана береді. Бұл жалғыз Қытай ғана емес, орыс секілді өзге де империялық саясат ұстанатындардың кәнігі әдеті. Өкініштісі, оның зардабын тартушылардың көбі мұсылман қауымы мен түркі ұлттары болып отырған
Қытай қоғамындағы ұйғыр, қазақ, т.б. ұлттарға қаратқан жаппай тұтқындау, жазалау – қытай қоғамындағы бұдан бұрынғы саяси қозғалыстар сияқты бір мезеттік қана қыспақ, өтпелі кезең. Алайда өтпелі кезеңнің сынағы ауыр болады. Сырттан келетін жауларға қарағанда ішкі жаулар жаман. Әсіресе, аз ұлттардың өзіне өзін салып қойып, жаулық пиғыл қалыптастыру, қоғам механизимін «шырмалған шырмауық» сынды өз-өзіне байлаудың қаупі анағұрлым жоғары. Соңғы кездердегі мәліметтерге қарағанда «қауіпті, күдікті» саналғандарды ұстап берушілерге тағайындалып жатқан сыйақы – көзсіз қандастардың біразын өз-өзіне салып жатқан түрі бар. Қазақтың қай дәуірде болмасын үлкен қаупі де осылай болған. Отырардың қақпасын ашып берген дейтін өткен аңыз бен кешегі Кенесарының басын берген дәурен, Оспан төңкерісіндегі оқиғалар, 1937-1938 жылдардағы зұлматтар кезеңі сынды қанды жазалауларда қазақ халқы өз ұлтын сатудың жарқын мысалдарын жасады.
Сондықтан ұлттың ішкі оянуы өте маңызды. Қытай зұлматының түп-төркінінде жатқан құлдану немесе құртып-жолғалту идеясын толығынан танып жетуі керек. Қытайдағы «Мәдениет төңкерісі» аталған саяси қозғалыс елдің басына әңгір таяқ ойнатып, талай боздақты немесе не бір ұлт құндылығын құртып еді. Енді мына қозғалыс та 4-5 жылға созылатын сыңай танытуда. Демек, ұлттың алдында, қазақтың басында тағы бір ауыр сынақтар тұр.
– Қытайдағы жазалау лагерлері немесе «үйрену» аталатын концлагерлерде 500 мың қазақ отыр деген ақпарат шындыққа жанаса ма?
– Бұл ресми органның сенімді мәліметі емес. Халықаралық және қытайдан сыртқары жақтағы ақпарат құралдарының межесі. Себебі, қытайдағы жалпы қазақтың саны екі милионға жетпейді, ендеше, бір үйдегі төрт жан санының біреуі қамақта отыр деген сөз шындыққа жанаспайды. Және де барлығын бір жолда тұтқындап отырған жоқ. Біреуі кіріп жатыр, біреуі шығып жатыр. Алайда мұнымен қытайдың тұтқындауын, қамауын еш жоққа шығаруға болмайды. Бас көтерерлік қауқары бардың барлығы түрлі сылтаулармен бас бостандығынан айрылуда.
– Қазір қытай зұлматына қарсы көтерілген ұрандар көбеюде. Әр кім өзінің қолдан келгенін істеп, арғы беттегі қандастарына араша тілеп әрекеттенуде. Бұл жағдайларға байланысты не айтасыз?
– Өзінің жан бауыры, жақын туысы зар илеп, запыран құсып жатқанда қазақтар ғана емес, күллі мұсылман халықының ұйқысы бұзылуы, қытайдың ішкі саясаты мен адами құндылыққа жат іс-әрекеттеріне қарсылық көрсетуі заңды құбылыс дер едік. Ең бастысы халықаралық адам құқықтарының мейлінше аяқ асты етілуі мен қытай мемлекетінің негізгі заңдарында белгіленген нормативтік белгілемелер мен баптардың да өрескел бұзылуы ешқандай бүркемелеуге келмейтін қылмысқа жатады. Ендеше, қару күресі емес – қалам күресімен қарсы тұратын бұл күнгінің ұлтшылдарына қойылатын сын-талаптар да ауыр. Жол – бұраң, қия, асу бермес алақұйынды кезең. Олай дейтініміз біз бұл тақырыпты көтерсек те, көтермесек те қытай өз білгенін істей береді. Біз қарсылық көрсетсек те, қарсылық көрсетпей, керісінше қытай саясатын мақтасақ та, олар өздерінің зор ұлтшылдық саясаты мен мемлекеттік қауіпсіздік қағидаларын басшылыққа ала отырып, халықаралық заңдардың тиімді баптары мен әртүрлі одақтастық келісімшарртардан саңлау тауып, «жаңбырдың ара-арасымен өтіп кетуге тырысады». Әрі біз өзін жақтады екен деп ойға алған зұлымдығын тоқтайтпайды, қолға алған қылышын жерге тастай салмайды.
Жалпы, «ұлтшылдық» ұғымы көбінесе зорекер ұлттың қорлауы мен әлсіз ұлттың қорғануы сынды екі түрде кездеседі. Мұндағы қорлаушы ұлт адамдық тағылымына жат құбылыс танытса, қорланушы ұлт қорғану мақсатында ұлтының мүддесін жоқтайды.
Өзге ұлттың еңсесін езіп, еркіне қол сұқпау алғышартында өз басыңның еркіндігі мен есе теңдігін жоқтап, ар-ұжданыңды таптатпау намысынан туындаған ұлтшылдықтың бәрі де ұлы идея саналады.
Ұлттың осындай ұлы идеялары болғанда ғана ол өзінің өміршеңдігін алаңсыз сақтай алады. Құндылығын жоғалтпайды. Ұрпағының алдында ұятты болмайды. Бұл үшін де халықтың идеялық бірлігі мен белсенді күресі керек.
– Ендеше не істеу керек?
– Әрине, құлдыққа бас иіп бүгежектеп, бұққаннан көрі қарсылық таныту керек. Қарсылық нысайларын Қазақстан республикасының және халықаралық заңдардың шеңберінде жүрігізіп, халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдарына дәлелді, дәйекті ұсыныс-пікірлерді нақты мысалдарымен жетікізе білу керек. Мүмкіндік болғанда қытай ұлтының (хан ұлытының) демократияны жақтаушы, қытайдың саясатына қарсы топтарымен әр түрлі қарым-қатынас орнату қажет. Бұл жағынан әрекеттеніп жатқан, халықаралық ұйымдарға қытайдың қылмыстық фактілерін жеткізіп жатқан бауырларымыздың еңбегіне қолдау білдіріуіміз керек. Бұл жерде кімде кім зұлымдықты ашып-әшкерлесе және де өз ұлтын, отанын құтқару жолында ақ, адал жүрегімен іске кірісіп ерлік көрсетсе, біз оның қай ұлт, қай елден болуына қарамай соның досы болуға, ағасы болып – жағасы болуға, інісі болып – тынысы болуға қақылымыз.
– Көптеген адам бұл мәселеге Қазақстан жағы араласуы керек деп қарайды. Сізше қалай?
– Қазақстандық мүмкіндіктер жөнінен алғанда Сыртқы істер мистрілігіне, Қытайдың Қазақстандағы өкілетті елшілігіне және осы екі орган арқылы Қытайдың Сыртқы істер мистрілгі мен Ішкі істер органдарына қоғамдық ұйымдар мен жекелер арт-артынан түрліше арыздар тапсыруда. Бұл тақырыпты халықаралық ақпарат құралдары да көтеруде.
Осындай іс-әрекеттердің оң нәтижесі ретінде Қазақстан республикасының Сыртқы істер минстрілігінің Қытай жаққа жолдаған хаттары және аз да болса жеңілдіктердің қарастыруына деген ниеттестіктерді атауға болады. Ұлты қазақ, Қазақстан республикасының азаматтары пәле-жалаға ұшыраса, әрине, қазақ елі жоқшы бола алады. Бір бөлім адамдарды қытай қамағынан босатып алғаны да белгілі. Ал, қытайдағы қиындыққа ұшыраушылар негізінен қытай азаматтығындағы қандастар болып отыр.
Бір елдің ішкі саясатына екінші ел тікелей араласа алмайды. Халықаралық және ел аралық заңдар мен келісім-шарттардың аясында ғана жұмыс атқарады.
Өткен жылғы қазақ құрылтайында Германиядан келген қандасымыз Өмірхан Алтын деген азаматтың жеткізуімен бұл мәселеден Елбасы да құлағдар болып, Сыртқы істер минстрлігіне тапсырма берген болатын. Демек, қандастар жағдайын қазақ мемлекетінің алаңдаулы көңіл күймен араласып отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Нәтижесін уақыт көрсетеді.
– Деседе, онда отырған қандастардың ендігі жағдайы қалай болады?
– Қытайдағы ұлттар мәселесіне келгенде, Тибет дербестігін көтерген Далай лама, ұйғыр дербестігін көтерген Рабиям Қадыр да халқына қорғаныш бола алды ма? – деген сұрақ тағы да туындайды. Есесіне тибеттіктер мен ұйғырлардың қырғынға ұшырауына себеп болды. Дәл осылайша оқты абайлап атпаса, біздің кесірімізден халқымыз зардап шексе, оның да күнәсі мен кінәсі ауыр.
Қытайдың өткен тарихындағы түркі халықтарына, мұсылман халықтарына қаратқан қанды жазалауларына көз жібергенде, бірнеше түйін көзге анық көрінеді. Мұндай қозғалыстардың қытайда жүрілуі бірінші рет немесе соңғы рет емес. Және де анда-санда үйіріп соғатын Арқаның бораны сияқты, уақытша халыққа жыылмық сыйлаған сыңай танытады да, ізінше қатігездікке қайта барады. Халықты басқарудың институтын тереңдей меңгерген байырғы ел ешқашан зорлық жасауын, аздарға, шағындарға тізе батыруын қоймайды. Уақытша қойғанмен ұмыттырып жіберіп қайта бастайды. Алайда олардың бұл жауыздығы Алланың назарында болғандықтан ерте ме, кеш пе өз басына көрінентін зауалдың күшін қалыңдата береді. Ендеше біз сол зауалды күтіп отыра бермейміз.
Ұлтшыл азаматтардың қытайдағы қандастар және олардың атажұртқа оралған өкілдерінің басында болған құқықтық шектеме мен зорлық-зомбылық, жазықсыз сотталуға қатысты айғақ, дәлелдерді халықаралық ақпарат құралдарына, адам құқықтары органдарына жеткізуі әрине ерекше құптарлық жағдайлар. Осы үрдістің заңды жолмен жалғаса беруінің еш зияны жоқ.
Ең бастысы қандай болмасын заңның баптары мен құжаттық жұмыстардың тәртібін білген әрбір қандас өзінің немесе жақынының құқықтық мүддесінің бұзылғаннына арызданып, болған жайды әшкерелеуі қажет. Тоқтап қалуға, қой секілді бауыздағалы жатқан пышаққа үнсіз бас ұсынуға әсте болмайды.
Жоғарыдағы барыстардың қай-қайсысында болмасын біздің ең үлкен қарумыз – заң. Тағы да қайталап айтсақ, ол заң – халықаралық заң, Қытай халық республикасының заңы, Қазақстан республикасының заңы және елдер арасындағы ынтымақтастық ұйымдар мен шарттарды қамтиды. Зардап шеккен қандастар мәселесінде осы заңдарды толығынан меңгерген және басшылыққа алған ұлтшылдар ғана қалқанын ұстап, қаруын сайлап майданға шыға алады. Мұнда әрине, «бүкіл дүниежүзі пролетарлары бірігіңдер!» деп Ленин жарықтықтың жар салғаны сияқты, бүкіл қазақ ұлтшылдары біріккенде ғана «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» аламыз. Тек қазақ ұлтшылдары ғана емес демократияны, әділетті, адам құқықтарын жақтайтын барлық ұлт пен ұлыстың, іргелі ұйымдардың ұлтшылдары біріге отырып, ортақ әрекет еткенде ғана жер бетіндегі зұлымдықтарға батыл қарсы тұра алады. Және де әділеттің біз жағымызда екенін жете түсініп, жеңіп шығатынымызға да сенуіміз керек. Жеңістің кепілі – бірлік пен сенімде.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Ержан Жаубай
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024