13-11-20 |
3540 рет қаралған
«Бақытты отбасы» жобасының игілігін көргендер көп.
«Бақытты отбасы» жобасының игілігін көргендер көп

Ана мен бала мемлекет қамқорлығында. Олардың зәбір көрмей, армандарына жетуіне билік тарапынан жасалып жатқан жұмыс аз емес. «Бақытты отбасы» жобасы сондай игілікті бастаманың бірі. Алматы қаласындағы аудандардың бәрінде қазір әкімшіліктің қолдауымен осы жоба сәтті жүзеге асуда. Осы бір жағымды істің басы-қасында жүрген білікті маманның бірі Айнұр Молдахынованы сөзге тартқан едік.

Айнұр Молдахынова
Айнұр Молдахынова

 

– «Бақытты отбасы» жобасы қай кезден бері қолға алынды? Бастаманың басты мақсаты не?

– Бұл өте сауапты, өміршең жоба. Бастама отбасы құндылығын дәріптеуді, ана мен баланың арманын орындауды, мәселелерін бірігіп шешуді, қолдан келгенше бағыт-бағдар беруді көздейді. Мұндай жобаны жүзеге асыру қажеттігі ең алғаш Nur Otan партиясының кезекті съезінде сөз болған еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы ретте көп балалы аналарға, толық емес отбасыларға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға деген қамқорлық бір реттік материалдық көмек берумен шешілмейтінін алға тартқан болатын. Әрі әлеуметтік осал топтар мемлекет қолдауынан тыс қалмау үшін арнайы жоба жасақтап, соның негізінде кешенді жұмыстар жүргізу қажеттігін алға шығарған еді. «Бақытты отбасы» жобасының негізі осылай қаланған.

         Жоба көпқырлы. Елбасы атап өткендей бұл тек анда-санда азы-түлік себетін беріп, материалдық қолдау көрсетумен шектелмейді. Бұдан бөлек, қолдауға зәру отбасына құқықтық кеңес беру, жұмысқа орналасуына көмектесу, қоғам сұранысына сай кәсіп меңгеруіне қол ұшын созу, сонымен бірге жеке кәсіп ашамын дегендерге мемлекеттік грант тағайындау тетіктері жасалды. Бүгінде жоба шеңберінде көмек алып, жағдайын жақсартқан, мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті пайдаланған азаматтар баршылық.

– «Қарны ашқа балық берме, қармақ бер» деген тәмсіл бар қазақта. Сол айтпақшы, көп балалы отбасыларды, көмекке мұқтаж жандарды еңбекке баулу, өз нанын табуына жірдемдесу жағы қалай шешіліп жатыр?

– Бұл ойыңызбен толық қосыламын. Жалпы «Бақытты отбасы» жобасының өзі көмекті лақ еткізіп қолға ұстата салуды мақсат етпейді. Осы бастама аясында көп балалы, толық емес, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы мүшелерінің жұмысқа орналасуына, тұрақты табыс табуына барынша жағдай жасалуда. Сонымен бірге қазір кейбір мамандықтарға сұраныс мүлде жоқ. Тіпті жоғары білімі бар мамандардан арнайы кәсіп меңгерген мамандардың жоғары жалақы алатын кездері көп. Яғни табыс табу үшін университет бітіру міндет емес. Ең бастысы өзіңнің қолыңнан келетін мамандықтың майталманы болсаң жеткілікті. Осыған орай көмек сұраған жандарды қосымша курстардан өткізіп, қоғам қажеттілігіне сай мамандыққа бейімдеу кезек күттірмейтін мәселе. Осы жобаға қатысты нақты бағдар белгілегенде Елбасы ауылдағы көпбалалы отбасылар үшін арнайы гранттар мен шағын несиелер квотасын бөлуді, көпбалалы аналардың үйде отырып жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасауды тапсырғаны есімізде. Бүгінде бұл тетік те жан-жақты шешіліп отырғанын мақтанышпен айтуға болады. Соның арқасында талай адамға атаулы әлеуметтік көмек беріліп, көптеген отбасы мүшелері оқуға жіберілді, кәсіп бастасам деп өз жобасын ұсынғандарға шағын несие беру жолы шешіліп, аз қамтылған отбасылардың балалары үшін көптеген грант бөлінді.

– Белсенді жүзеге асырылып жатқан жоба туралы қазір білмейтіндер аз. Осы ретте мемлекет көмегіне зәру жандар неден көп қателеседі? Қандай кеңес сұрайды?

– Көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек баласы бар жанұяларды мазалайтын негізгі бірнеше мәселені тізбелеп көрсетуге болады. Оның біріншісі – мұндай отбасылардың құқықтық сауаттылығы төмен. Соның кесірінен олар өздеріне қандай артықшылық берілетінін, қандай көмек ала алатынын білмейді. Өз мүддесін қорғауда дәрменсіз. Бұл түйткілді шешу үшін заңгер, адвокаттармен келісіп, арнайы құқықтық кеңес беру сабақтары өткізілуде. Өзінің көкейіндегі сауалды тікелей қойып, білікті мамандардан кеңес алған жандар осындай оң бастаманың қолға алынғанына ризашылықтарын білдіруде. Сонымен бірге, әлеуметтік осал отбасылардың зорлық-зомбылық құрбанына айналатын кезі аз емес. Мұндайлар айналасындағылардың кемсітіп, кекеткенін үнемі басынан кешіреді. Содан болар, олар мұны қалыпты жағдай деп түсінеді. Заңгерлер қауымы мұндай ойдың қате екенін түсіндіріп, азаматтардың өзіне деген сенімін көтеруге, құқықтық қорғалуына қолдан келгенше жәрдем беруде.

         Екіншіден, «Бақытты отбасы» жобасынан көмек сұрайтындар медициналық тексеруден өтуге, өзінің денсаулығын түзеуге тым салғырт қарайды. Арнайы шақырмаса медициналық мекемелерге бара бермейді. Осыған орай әр сала бойынша жоғары білікті дәрігерлермен ақылдасып, ашық есік күнін өткізу дағдыға айналды. Бұл күні отбасы мүшелері бір жерден түрлі сала дәрігерлерінің кеңесіне жүгініп, талдама тапсыруға, сол бойынша ем-шара қабылдауға қол жеткізіп отыр. Өкінішке орай, көп балалы аналар балаларының ертеңінің алаңдағанмен, жеке басының денсаулығына көңіл бөлмей жатады. Ал бала ата-анасымен бақытты. Осы ретте өз денсаулығына салғырт қарайтындардың санасына әсер етіп, күтінуіне ықпал ету біз үшін аса  маңызды.

– Жоба елдегі «Бақытты отбасылар» санын көбейтуді көздегенімен, балалардың қамқорлықтан сырт қалатын тұстары баршылық. Жаңа бағдарламада ұрпақ алдындағы жауаптылық ескерілген бе?

 

– Бәріміз балаға бақытты, уайымсыз балалық шақ тілейміз. Алайда ұл-қызымыздың сағын сындырып, жасытатын жағдайлар әрине кездеседі. Айталық көп балалы аналардың ұл-қызының бәрінің қалауын орындауға мүмкіндігі келе бермейді. Оны материалдық жағдайы көтермеуі де мүмкін. Бірақ көңілінің түкпірінде баласын қатарынан кем қылмасам деген арманның жататыны түсінікті. Міне осы жауапкершілікті мемлекет өз жауаптылығына алып, арнайы жобаны жүзеге асырып жатқаны қуантады. Алматы қаласының әкімдігі «Бақытты отбасы» жобасы бойынша кешенді іс-шараларға мұрындық болып, жол көрсеткені белгілі. Қала әкімдігінің мақұлдауымен жасалған бағдарлама қазір аудандарда құрылған әрбір «Бақытты отбасы» жобасының  бағытты қамтитын бұл жобаның қызығын көргендер саны күн өткен сайын көбейіп келеді. Соның ішінде ең өткір тұрған мәселенің бірі әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету тетігі де ретімен шешіліп жатыр. Жеңілдікпен үй алған жандар да жеткілікті. Бұған қоса, баспана кезегінде тұрған көпбалалы және толық емес отбасылардың алғашқы жарнаны жинауға да мүмкіндігі келе бермейтіні түсінікті. Соған орай кезекте тұрған әлеуметтік әлсіз отбасыларға бюджет қоржынынан 1 млн теңгенің тұрғын үй сертификатын беру қарастырылған. Мұндай қамқорлық пәтерден пәтерге көшіп, тапқанын пәтер иелерінің аузына тосқан отбасылардың жеке үй алуына жол ашып берді.

         Алматыда тұрмысы төмен отбасылар үшін жасалатын қолдау бір сәт те кеміген емес. Айталық көп балалы отбасылардың екінші баласынан бастап балабақшаға тегін баратынын қаперде ұстаған жөн. Сонымен бірге, тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың үздік оқитын балаларына әкімшілік тарапынан арнайы стипендия тағайындалатыны да жағымды жаңалық. Қала бюджетінде әлеуметтік төлемдер үшін арнайы қаржы да қарастырылған. Осыған орай тұрмысы төмен отбасыларға коммуналдық қызмет төлемі үшін жәрдемақы беру де жолға қойылып отыр.  Ал үйінде мүгедек баланы оқытып, тәрбиелеп жатқан отбасыларға шығын көлемін толтыру үшін атаулы көмек көлемі жыл сайын ұлғаюда.

– Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдауға кәсіпкерлер қаншалықты ынта танытады?

– Жалпы біздің халқымыз қайырымдылық жасауға, көмек көрсетуге бейім тұрады. Бұл ерекше бағалайтын жақсы қасиет. Қала кәсіпкерлері де жомарттық танытудан сырт қалып жүрген жоқ. Мәселен қала кәсіпкерлерінің ұйымдастыруымен «Бақытты отбасы – Алматы» қоғамдық қайырымдылық қорының құрылғаны белгілі. Оған жан-жақтан атсалысқан кәсіпкерлер жиналған қаржының шашауы шықпай көмекке зәру отбасыларға жетуіне мүдделік танытуда. Ал осындай қамқорлықты көріп өскен балалардың жүрегі жомарт, айналасына мейірімді боларына ешқандай күмәнім жоқ.

 – Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан Руслан Мәлікұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.